Облыс орталығының көшелеріндегі ілме-жарнамалардың, тақтайшалардың қазақшасы оңбай қойды. Қасірет шегіп тұрған - сол баяғы қазақтың төл дыбыстары. Бірінің бел сызығы, бірінің қайырма құйрығы түсіп қалған. Кемтар жазулар тілімізді мүкіс етуде. Атқарушы билік бір жылда бәленбай жүздеген қателерді түзеткенін айтып жатады. Сонда бұл таусылмайтын неткен мәселе?!
Белгілі қаламгер Қалтай Мұхамеджанов: «Дарвин адам маймылдан жаралғандығын дәлелдемек болғаннан бері, бір маймыл төртінші сыныпты бітіріп қоятын болды ғой...» деген екен. Сол сияқты, Қазақстан егемен ел атанғалы бері сол айуанның да қазақша сайрап кететін уақыты болды.
Қателікке кешіріммен қарау деген ұғым бар. Бірақ, кешірілмейтін қате де болады. Елімізде қаптаған өңшең тіл мамандары мен ғылым кандидаттары масайрап отырған уақытта, екінің бірі көзі ашық, жоғары білімге ие, ғаламтор ғасырында қарапайым жарнамалардың қатеден көрінбеуі, мемлекеттік тілді қор етуі - кешірілмес күнә! Қаптаған қателердің бірерін атап айтар болсақ, тек қана Академик Сәтбаев көшесінің бойындағы 97, 105, 194 мекенжайларында орналасқан сауда орындарының жарнамалық тақталары сүреңсіздіктен көз ашпайды. Сол маңда, Академик Сәтбаев 101 мекенжайындағы «Павлодарэнергосбыт» ЖШС төлемдерді қабылдау орнының алақандай тақтасында ә әрпінің е болып кетуі - тіпті, ұят жағдай!
Құзырлы органдар аңғармай отырған қателерді тізіп, олардың мекенжайын да көрсетіп отырмыз. Орын алған олқылықтарды түзетудегі ендігі кезек солардың еншісінде. Қажет болса біздің басылым тілшілері алдағы уақытта да жауапты мекемелердің «таба алмай» жүрген қателерін мекенжайына дейін көрсетіп беруге әзір. Біздікі «тырнақ астынан кір іздеу» емес. Бір-бірімізді қамшылау, ой салу. Тек көше бойындағы көзге түрпідей тиетін сорақылықтарды түзетуге ынталы болса болғаны...
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

