АТА ЗАҢҒА АРНАЛҒАН АҚЖАРМА ЛЕБІЗДЕР

 

      Әбдіғали Нұрғалиұлы,Ұлы Отан соғысының ардагері:

      -1942 жылы Ұлы Отан соғысының  қан майданына аттанғанымда он сегіз жаста едім. Жауға қарсы талай-талай шайқасты бастан кешірдім. Біз, артиллеристер, атақты «Катюша» зеңбірегімен жауға мина жаудырып, жеңістерге жеттік. Ұлы Жеңіске өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Жауынгерлік міндетімді абыройлы атқарып, Отан соғысы орденімен, басқа жауынгерлік медальдармен марапатталдым.

      Бейбіт еңбекте де білек сыбанып жұмыс істеуге тура келді. Өмірім ауылда, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекке арналды. Жұмыста абыройлы болып, ұжымым заңды еңбек демалысыма құрметпен шығарып салды. Ең бастысы, маған отбасы бақыты бұйырды. Құдай қосқан қосағым Шәкирамен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Балаларым білім алып, өмірден өз орындарын тапты.  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты бейбіт өмірге, тату-тәтті тіршілікке, жасампаз еңбекке қол жеткізуде. Ата Заңымыз – Конституцияда әр адам ұлтына қарамай, еркін өмір сүріп, Қазақстан елін көркейтуге құқығы бар деп жазылса, бұл ойдағыдай жүзеге асуда.

      Еліміз біз сияқты майдангерлерін әрдайым қамқорлыққа алып, құрметтеп отыратынына ризамын. 

       Біз, соғыс және еңбек ардагерлері, ел басшылығының халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы талпыныстарын қолдаймыз. Кешегі соғыстың ауыртпалығын көтерген, қан майданда жаумен шайқасқан біз бейбітшіліктің баянды болуын тілеп отырамыз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» молшылық заманда ұрпақтары өсіп-өніп, бақытты болады деп сенеміз. Көпті көрген ақсақал ретінде: «Егемен еліміз көркейе берсін!» деп ақ батамды беремін.

       Қалимаш СЕМБИНОВА,  «Күміс Алқа» иегері, Павлодар ауданы, Чернорецк орта мектебінің ұстазы: 

       Осындай бейбітшілік пен татулық, ынтымақ пен береке салтанат құрған елде тұратын әрбір ана өзін бақытты сезінетіні хақ. Өз басыма келетін болсам, жолдасым Серік Рамазанұлымен шаңырақ көтергендерімізге отыз жылдан асып отыр. Екеуіміз де жұмыстан бір сәт қол үзіп көрген емеспіз. Біріміз ауыл шаруашылығы саласында, біріміз ұрпақ тәрбиесіне жауапты ұстаздық қызметте жүріп, ұрпағымызды дүниеге әкелдік. Шүкір, бүгіндері ұлымыз ұяға, қыздарымыз қияға қонды. Немере-жиендеріміз бізді қуанышқа бөлеп жүр. Ана бақытын осындай сәтте ерекше сезінетінің де рас.

        Осы орайда Ата Заңымыздың 27 бабында жазылғандай, неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекет қарауында деген сөздер ойға еріксіз оралады. Мемлекет тарапынан аналарға жасалатын қамқорлықты айрықша атап өткім келеді. Сәбиді дүниеге әкелу, бір жасқа дейін қарағаны үшін, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы уақытылы төленіп,  оларға басты назар аударылуда. Ана мен бала денсаулығы да назардан тыс қалған емес. Тағы бір қуантарлығы, «Алтын алқа» мен «Күміс Алқа» белгілерін берудегі талаптардың төмендетілуі. Мұның барлығы – Ата Заңымыздың беріктігі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының жемісі деп білемін.

 

       Ерлан РАМАЗАНОВ, Павлодар облыстық балалар ауруханасы хирургиялық бөлімінің меңгерушісі:

      -1995 жылдың 30 тамызы біздің республикамыз үшін Конституцияның жарыққа - шығуы тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында елеулі оқиғалардың бірі. Біздің басты заңымыз азаматтардың қалауымен барлық халықтық жалпы дауысымен референдумда қабылданғаннан кейін Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылатыны  сөзсіз. Сол себепті Конституция күні мемлекетіміздің басты мерекесі ретінде танылады.

       Еліміздің басты байлығы – адамның жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы Ата Заңымызда айқын көрініс тапқан. Сондықтан да Конституцияға сәйкес мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық болып табылады. Конституцияда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы мен оның қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Өз басым, адам денсаулығын адами құндылықтардың негізі деп білемін.

 

Назымгүл КӘРІМОВА,

Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің мұғалімі:

- Мен С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің физика-математика факультетін, кейін физика-информатика пәнінің маманы бойынша магистратураны тәмамдадым. Қолыма диплом алысымен облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейіне мұғалім болып қызметке орналастым. Осы білім ордасына ұстаз болғаннан бері Танат Кисиков, Ануар Әубәкіров, Асанәлі Шоқанов және басқа да бірқатар шәкірттерім облыстық, республикалық деңгейде өткен олимпиадалардан, ғылыми жобалар сайысынан жеңімпаз атанып, игі жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта олардың барлығы еліміздің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында, ал кейбіреулері шет мемлекеттерде білім алуда.

Шәкірттерімнің бұл жетістіктерін әрдайым мақтан тұтамын. Оқушыларымыздың осылайша мектеп абыройын асқақтатып, биіктен көрінуі – Ата Заңымыздың арқасы деп білемін. Себебі, біздің елімізде барлық оқушыларға тегін орта білім беріледі, сондай-ақ дарынды оқушыларды қолдауға да баса көңіл бөлінеді. Осы ретте облыстық «Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығының атқарған жұмысы мол екенін атап өткен орынды.

Ел ертеңі – жастар десек, егеменді елімізде жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барынша жағдай жасалуда. Сонымен қатар ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайлары да билік назарында екенін ескерсек, бар күш-жігерімізді ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге арнаймыз. Міне, мұның бәрі - Ата Заңымыздың жемісі екені сөзсіз.

 

Еркін ЖАНАЙХАН, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының музыка кафедрасының меңгерушісі:

- Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап түрлі тарихи оқиғаларға байланысты әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымыз өз атамекенімен қайта қауыша бастады. Мен де солардың бірі болып 1995 жылдың қысында Монғолия мемлекетінен бабаларымның кіндік қаны тамған қасиетті қазақ жеріне қоныс аудардым.

Еліміз егемендігін алған кезде мен Болгария мемлекетіндегі музыкалық академияда білім алып жүрген едім. Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгенін естігенде қуанышымда шек болмады. Кейін диплом алысымен бірден осы елге ат басын бұрдым. Киелі қазақ еліне келіп, отбасын құрып, екі баланың әкесі атандым. Іні-қарындастарым да Қазақстан Республикасында білім алып, бүгінде түрлі салада абыройлы қызмет етуде.

Қазіргі таңда Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының музыка кафедрасында меңгеруші болып қызмет істеймін. Кафедрада 30-ға тарта оқытушы мен 300-ге жуық студент бар. Біздің музыка кафедрасынан білім алған «Думан» триосы, «Ньюанс» тобы және Әбілхан Нұрболат, Дархан Елубаев, Гүлмира Жұмабекова сынды шәкірттерім көптеген байқауларда жүлдегер атанып, өнерсүйер қауымды өз таланттарымен тамсандырып жүр. Әр ұстаз үшін шәкірттерін биік шыңнан көруден асқан бақыт жоқ. Осылайша, Қазақстан Республикасының азаматы болып, туған халқыма аянбай еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30