БЕРЕКЕ МЕН БIРЛIКТI АСҚАҚТАТЫП

 

облысымыздың аудан мен қалаларында мерекелік шаралар өтті

       ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында кеншілер мен энергетиктер қаласында саналуан мерекелік шаралар өтіп, қатысушыларға көптеген қуанышты сәттерді сыйлады. Конституция мерейтойы кеншілердің дәстүрлі кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп, осы күндердің мерейін арттырып жіберді.
      Кеше таңертеңгілік қаланың орталығында 130-дан астам еңбек ұжымдарының мерекелік шеруі салтанатты жағдайда өтті. Қала әкімі Н.Нәбиев еліміз дамуының негізгі бағыттарын белгілеп берген Ата Заң мерейтойымен жерлестерін құттықтап, еңбекте табыс, отбасына құт-береке тілеген сөздерін арнады. «Шахтер» мәдениет және демалыс бағына келушілер көп болды. Өнер мен спорттан сайыстар көрермендер көңілінен шықты. Қаладағы ұлттық мәдени орталықтар Конституция күні құрметіне шаралар өткізді. Жастар фестивалі ойдағыдай ұйымдастырылды. Қаланың ауылдық аймағында да бұл күні ән шырқалып, күй күмбірледі, көркем сөз оқылды. Құрметтеуге лайықты жандар марапатталып, оларға сый-сияпат көрсетілді.

АҚСУ ҚАЛАСЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толған күні Ақсу қаласы мен ауылдық аймағында түрлі мерекелік шаралар өткізілді. Мереке күні таңертең Ақсу қаласы тұрғындарының думанды шеруі болды. Қала әкімі О.Қайыргелдинов жиналған жұртты айтулы оқиға - Конституциямыздың 15 жылдығымен құттықтады. Мерекелік шаралар ерке Ертіс жағалауындағы демалыс аймағында «Жадыра, Қазақстан!» атты думанмен жалғасын тапты. Осында балалардың ойнауына арналған алаң ашылды. Мереке құрметіне жасанды газонды шағын футбол алаңы тұрғындар игілігіне айналды. Мейрам қарсаңында 280 балаға арналған балабақша құрылысының алғашқы іргетасы қаланды. Қаладағы ұлттық орталықтар арасында жастар фестивалі де келушілер көңілінен шықты. Еліміздегі ұлттар достығы, бейбітшілік пен келісім, Қазақстанның жарқын болашағы туралы өнер тілімен насихатталған шаралар әсерлі болды.

БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ
30 тамызда таңертеңгілік Баянауыл ауылының орталығында еңбек, оқу ұжымдарының мерекелік шеруі болды. Аудан әкімі Е.Айткенов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Салтанат думанды концертке ұласты.
Ата Заңның 15 жылдығын баянауылдықтар жағымды жаңалықтармен қарсы алды. Атап айтқанда, мереке күні ата-аналарға тарту жасалды: Лекер ауылында мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін шағын орталық пайдалануға берілді. Бұдан кейін Шөптікөл ауылында мәдениет орны – клуб есігін айқара ашты. Сөйтіп, ауыл кеші көңілді болуы жолында сәтті қадам жасалды. Аудан әкімі Е.Айткенов жаңа нысандардың ашылуына қатысып, тұрғындарға құтты болсын айтты.
Кешкілік Kceel, Асtiv ұялы байланысының бес жылдығына арналған концерт болды.


Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

АҚТОҒАЙ АУДАНЫ
Қазақстан Республикасы Ата Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай Ақтоғай ауданының орталығы Ақтоғай ауылында 26-тамыз күні салтанатты жиналыс өтті. Жиында аудан әкімі М.Көбенов баяндама жасап, қауымды мейраммен құттықтады. «Ақтоғай Агрофирма» ЖШС директоры, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты И.Головашов, Еңбекші орта мектебінің директоры З.Баймұханбетова, шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Л.Алисултанова да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ал аудандық әділет бөлімінің басшысы А.Әлібекова ауданның 3 тұрғынына жеке бас куәлігін және естелік сыйлықтар табыс етті. Аудан әкімінің аппарат жетекшісі Ш.Сәдуақасов аудан әкімінің мерекеге байланысты шешімін оқыған соң, М.Көбенов бірқатар адамдарды «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатпен» марапаттады. Салтанатты жиналыс концертке ұласты.
Ал мерекелік күн аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар, этно-мәдени және саяси-қоғамдық бірлестіктер, білім беру ошақтары қызметкерлері мен тұрғындардың қатысуымен болған шеруден басталды. Аудан әкімі М.Көбенов жерлестерін Ата Заңымыздың 15 жылдың мерейтойымен құттықтап, барлық игі жақсылықтарды тіледі. Мәдениет үйінде өткен, көркемөнерпаздар ұйымдастырған шараға халық көп жиналды. Ауданда тұратын 12 ұлт өкілдері ұлттық киімдерін киіп, халық әндерін шырқады. Осы арқылы Ата Заңымыздың арқасында еліміз бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатқаны айқын аңғарылды. Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толуына орай да көптеген құттықтау сөздер айтылды.
Сонымен қатар, орталық кітапханада балаларға арналған «Конституция – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығының негізі» деген тақырыпта арнайы кеш өтті. Балалар Заңның мемлекет үшін маңыздылығы мен мәні зор екені туралы өз пікірлерін білдірді және Ата Заңға байланысты жазылған шығармалармен кең түрде таныстырылды.
Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде мини-футболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Спортта белсенділер өз шеберліктерін танытты.
Қорыта айтқанда, Ата Заңымыздың 15 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде мерекеленді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

ҚАШЫР АУДАНЫ
Барша Қазақстан халқының ортақ мерекесі – Ата Заңның қабылданған күнін Қашыр ауданының тұрғындары да атап өтті. Тереңкөл ауылының жағажайына халық көп жиналды. Аудан әкімі Б.Бақауов тереңкөлдіктерді Ата Заңымыздың 15 жылдық мерейтойымен құттықтап, барлық игі жақсылықтарды тіледі.
Мерекелік шара аясында орталық жағажайда «Менің елім - Қазақстан» атты балаларға арналған сурет сайысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Тереңкөл ауылының тұрғындары аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаны тамашалады.
Аудан спортшылары да мерекені тойлауға атсалысты. Спорттық жарыс оларға өздерінің шеберліктерін көрсетуге зор мүмкіндік туғызды. Мини футбол, стритбол және волейбол ойындарынан өткен спорттық шара халық көңілінен шығып, ойдағыдай өтті.

ЖЕЛЕЗИНКА АУДАНЫ
Железинка ауданы орталығының «Достық» алаңында үлкен мерекелік шара ұйымдастырылды. ҚР Конституциясының мерекесіне орай өткізілген мәдени шараға аудан әкімі Ж.Шұғаев қатысып, барша жұртшылықты Ата Заңның 15 жылдығымен құттықтады.
Орталық алаңға жиналған железиндіктер аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен аудандық этномәдени бірлестіктері өнер кешін ұйымдастырды. Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнеріне халық тәнті болып, алғыстарын білдіріп жатты. Ұлттық бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өздерінің халықтық әндерін шырқап, би биледі. Сол арқылы көпұлтты еліміздің мызғымас бірлігі мен ынтымақтастығының үлгісін көрсеткендей болды.
Мерекелі шара армреслинг, жеңіл атлетика және мини футболдан спорттық жарыстармен жалғасын тауып, тұрғндарға арналған сауда-саттық жәрмеңкеге ұласты.

ЛЕБЯЖІ АУДАНЫ
Лебяжі ауданында Конституция мерекесіне арналған іс-шаралар тамыздың 26 күні бастау алып, 30-шы тамызға дейін жалғасты. Аудан әкімі С.Әпсалықов аққулықтарды мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, еңбегін сіңірген азаматтарды марапаттады.
Аудандық мәдениет үйінде жергілікті өнер жұлдыздары мен аудандық шешен-ингуш және татар-башқұр ұлттық-мәдени орталықтарының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ аудан орталығында ауылшаруашылық өнімдерін сататын кәсіпкерлер өткізген жәрмеңке де халық қызығушылығын тудырды. Аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімі тарапынан ұйымдастырылған спорттық жарыста спортшылар армреслинг, қазақша күрес және гір көтеруден өнерлерін көрсетті.

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

ЕРТІС АУДАНЫ
ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған салтанатты шара 29 тамыз күні аудан орталығында өтті. Аудан әкімі Владимир Левченко тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Салтанат жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Ауданда мереке күні бірқатар игі шаралар орын алды. Атап айтар болсақ, Ертіс ауылындағы №1 жалпы білім беру мектебінде бүлдіршіндерге арналған шағын орталық ашылды. Ал Сілеті ауылдық округіне қарасты Бұланбай ауылында жаңа мектеп бой көтерді. Сондай-ақ, аталмыш білім ошағының жанынан мектепке дейінгі балалар үшін шағын орталық есігін айқара ашты. Осылайша, бірқатар әлеуметтік маңызы жоғары нысандар пайдалануға беріліп, ертістіктердің қуанышы еселене түседі. Аудан әкімі В.Левченко нысандардың ашылуына қатысып, тұрғындарға құтты болсын айтты.


Д.АЙТПАЙ.

ПАВЛОДАР АУДАНЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына байланысты Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бастеновтің қатысуымен мерекелік шара өткізілді. Бөле-жара атап өтерлігі, салтанатты жиында ауданымыздың үш ауылдық округінің әкімдері саяси мемлекеттік қызметшілер антын қабылдады.
Павлодар ауданында құзырлы мекемелерде басшылық ететін жауапты лауазым иесі болып табылатын әйелдер жетерлік. Бұл ауданда гендерлік саясаттың кеңінен жүзеге асырылып отырғанын көрсетсе керек. Ендігі жерде олардың қатарын Жетекші ауылының әкімі Гүлбаршын Баубекова, Ольгинка ауылының әкімі Елена Дочкина, Луганск ауылдық округінің әкімі Валентина Тұрсынова толықтырды. Олар аудан әкімі алдында қызметтеріне барынша адал болатындығы, ел үшін аянбайтындықтары жөнінде ант берді.
Ата Заңымызды мерейтойына байланысты ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Т.Бастенов Павлодар ауданы барлық шаруашылық салаларында, әлеуметтік өмірінде оң көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. Ендігі жерде жаңадан қызметке кіріскелі жатқан әкімдердің алдында жауапты міндеттер тұр. Тұрғын үй құрылысына, ана мен баланы қорғауға, зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеуге, білім жүйесін дамытуға бөлінген қаржы көлемі ұлғаюда.
Салтанатты жиналыста «Луганс» өндірістік кооперативінің төрағасы Петр Кузьменько Конституцияның 15 жылдығын шаруашылық қандай табыстармен қарсы алып отырғанын баяндады. Одан кейін аудандық кабардин-балкар этномәдени орталығының жетекшісі Роза Гуданаева атқарылған жұмыстар туралы әңгімеледі. Мерекелік шара ауданның ұлттық мәденит орталықтарының өнерпаздары ұйымдастырған концертпен аяқталды.

Роза МҰСТАФИНА.

УСПЕН АУДАНЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған мерекелік шара Успен ауданында 26-шы тамыз күні өткен салтанатты жиналыспен басталды. Оған ауданның құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері мен мекеме қызметкерлері қатысты. Атаулы мерекеге орай бірқатар белсенді азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кеше Успен ауданы орталығындағы алаңда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындарға арнап аудандағы шығармашылық ұжымдар мерекелік концерт ұсынды. Сондай-ақ Ата Заңның 15 жылдығын тойлау және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын-футболдан, стритболдан жарыстар ұйымдастырылды. Балаларға арналып «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!» атты ойын бағдарламасы ұсынылды. Аудан кітапханаларында «Туған күнің құтты болсын, Ата Заң!» деген тақырыпта түрлі шаралар өтті.
Конституция күні қарсаңында ауданның құрметті азаматтары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен Конституция құрдастары, яғни осы күні 15 жасқа толып отырған жасөспірімдерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты шара мазмұнды өтті.

ШАРБАҚТЫ АУДАНЫ
Кеше Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты шара Шарбақты ауданында өз деңгейінде аталып өтті. Аталмыш мерекеге ауданға қарасты мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен тұрғындар белсене қатысты. Еліміз үшін үлкен маңызға ие болған атаулы шара мерекелік шерумен басталды. Бұдан соң салтанатқа жиналған қауымды аудан орталығы Шарбақты ауылының әкімі Николай Ушаков құттықтап, өңірдің он бес жылдағы қол жеткен жетістіктері жөнінде сөз етті.
Мереке аудан мен ауданға қарасты ауылдардан келген өнерпаздардың думанды концертімен жалғасты. Шара қарсаңында түрлі ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Сондай-ақ бұл күні бұған дейін аудандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланған «Ең үздік көше», «Ең үздік аула» байқауларының қорытындысы шығарылып, жеңімпаз атанғандарға бағалы сыйлықтар табысталды. Алтын күздің сыйы атанған жұпар иісті әсем гүлдер мен түрлі фигуралы көкөністердің, жеміс-жидектердің де байқауы өтіп, тұрғындарды қызыққа бөледі. Айта кетерлігі, ауданда мерекелік шара бірнеше күн қатарынан аталып өтуде.


Нұржайна ШОДЫР.

МАЙ АУДАНЫ
Ата Заңның қабылданғанына 15 жыл толу мерекесі Май ауданында да аталып өтті. Алдымен елеулі мерекеге арналып, салтанатты жиын болды. Оған аудан әкімі Н.Пішенбаев қатысты. Ауданның игі жақсыларының басын қосқан мерекелік салтанатта тарихқа саяхат жасалып, Ата Заңның мән-маңызына кеңінен мән берілді. Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтуған Шайхимов аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтап, әлемдік өркениет көшіне ілесу жолында Конституцияның алар орны зор екенін айрықша атады. Сондай-ақ ол әр азаматтың көзқарас, таңдау еркіндігін білдіріп, болашаққа сеніммен қарауға жетелейтін құнды құжатқа әркім құрметпен қарауы тиіс деген пікірін жеткізді. Аудан әкімі Ата Заңның 15 жылдығына орай бір топ азаматтарды құттықтап, ауданның алғыс хаттарымен марапаттады. Ал кеше аудан орталығы Көктөбеде көпшілік назарына мерейтойлық концерт, спорттық шаралар шеруі ұсынылды. Сонымен қатар спорт жанкүйерлерінің бір тобы орталық спорт кешеніне бет алды. Себебі аталмыш кешенде волейбол, шахмат, баскетбол, теннис сынды спорт түрлерінен мерекелік жарыстар ұйымдастырылды. Айта кету керек, мұндай мерекелік шаралар кішігірім болса да әрбір ауылдық елдімекенде өткізілді.

А.ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30