ТОЛАҒАЙ ТАБЫСЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ - КОНСТИТУЦИЯ

       Еліміздің Ата Заңы қабылданған күнді салтанатпен атап өту - республика халқының борышы. Өзін шын қазақстандық, елінің ұлтжанды ұл-қызы деп есептейтін әрбір азаматқа міндеті саналатын аталмыш мерекені Павлодар облысының тұрғындары абыроймен атқарды. Негізгі шара облыс орталығында ұйымдастырылды. Салтанатты шара мыңдаған адам қатысқан мерекелік шерумен басталып, оның соңы халықтық той-думанға ұласты. Сондай-ақ павлодарлықтар елордамыз Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты шеруді тікелей эфир арқылы тамашалады. Кешке дейін созылған мерекелеу жергілікті өнерпаздар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертімен, отшашумен аяқталды. Тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев бөлісті.

       «ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ЕЛ ҚУАТЫН ЕСЕЛЕЙМІЗ!»
      Қазақстан үшін ерекше саяси, тарихи маңызы бар Конституцияның 15 жылдығына арналған салтанатты шара Павлодардағы түрлі дәрежедегі 117 кәсіпорын мен мекемелерден жиналған 25 мыңға жуық адамның қатысуымен өткен «Елбасымен бірге ел қуатын еселейміз!» атты мерекелік думанмен басталды. Орталық алаңмен еліміздің көк Туын желбіреткен мотоциклшілер жүріп өтті. Артынша алаңға тарих тереңінен елдігімізді білдірген алғашқы Конституциямыз Тәуке ханның «Жеті жарғысының» негізін қалаушылар, даланың ұлы заңын толықтырушы үш би - Төле, Қазыбек және Әйтеке билер аяқ басты. Думанды шараны заң ғылымдарының кандидаттары мен докторлары бастаған магистрлер жалғастырды. Сондай-ақ алаңға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің, басқа да түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері шықты. Оларға халық алдында еліміздің Негізгі Заңының әрбір тармағы мен тарауын орындауда үлкен жауапкершілік жүктелген. Мерекеге ел болашағы деп барша халқымыз үміт артып отырған жастар қауымы да белсене қатысты.
       Еліміз бейбітшілік орнату бағытындағы саясаты, ядролық қарудан бас тартуы, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды теңдесі жоқ институт құру жолындағы табысты қадамының арқасында әлемдегі ірі державалардың жоғары сеніміне ие болып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Осы орайда, орталық алаң бойымен Павлодар қаласындағы Достық үйінің ұжымы, аймағымыздағы жиырмаға жуық этномәдени бірлестіктердің өкілдері жүріп өтті. Шаттыққа толы шаралардан облысымыздың мәдени мекемелері мен шығармашылық ұжымдары, өнер саласының майталмандары да қалыс қалған жоқ.
       Мереке күні алаңға облыс, ел дамуына айтарлықтай үлестерін қосып келе жатқан «Қазақстан алюминийі» АҚ, Электролиз, Павлодар мұнайхимия, картон-рубероид сынды алпауыт зауыттар мен кәсіпорындардың еңбек ұжымы шықты. Сондай-ақ теміржолшылар, энергетиктер, байланыс саласының қызметкерлері және «Құрылыс», «Стальмонтаж», «ҚазСтарИмпульс» сияқты құрылыс саласының ірі кәсіпорындары бой көрсетті. Жеке кәсіпкерліктер, қаржы құрылымдары, денсаулық сақтау, білім саласының мекемелері, спортшылар, жастар қоғамдық бірлестіктері мерекенің көрігін қыздыра түсті. Артынша алаң төріне Отан қорғаушылар, аймағымыздағы әскери бөлімшелердің сарбаздары, сондай-ақ заң колледжінің курсанттары, кадет мектеп интернатының тәрбиеленушілері сап түзеп шығып, мерекелік думанды аяқтады.

       АСҚАҚ АСТАНАДАН СӘЛЕМ!
       Павлодар қаласының орталық алаңына жиналған жұртшылық ондағы арнайы орнатылған үлкен экрандардың көмегімен Астанада «Қазақ елі» монументінің алдында Президент - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған әскерлер шеруін тікелей эфир арқылы тамашалады. Арамызда жүздеген шақырымдық жол жатса да елорда жұртшылығымен, барша қазақстандықтармен, Ел Президентімен бірге Әнұранды әуелете шырқады. «Сын сағатта тәуелсіздігіміздің кепілі болған қастерлі Ата Заңымыз - ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналды.
       Біз бірлігімізді бекемдеген бәтуалы байлам мен тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Тұрақтылық пен тұтастықты сақтап, дегенімізге жеттік. Біз жүретін жолымыздың жаңылмас жосығы, талғам-таңдауымыздың таразысы болған Конституция арқылы іргелі саяси-экономикалық реформаларды іске асырдық. Конституцияның кепілдік етуімен түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ұлысына айналған Қазақстанның өнегесі бүгінде бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылуда. Біз дүниені дүрліктірген қиындықтарды еңсердік, соның бәрін қатулықпен емес, татулықпен шештік. Біз қол жетпес қиянда көрінген биік белестерді бағындырдық. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып саналатын аз уақыттың ішінде ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық», - деген Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау сөздерін орталық алаңға жиналған дүйім жұрт ду қол шапалақтаумен қарсы алып отырды.


       МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТКЕ ҰЛАСТЫ
      Бұдан кейін мерекелік шара Павлодар қаласының орталық алаңына орнатылған бас сахнаға ойысты. Облыс әкімі Б.Сағынтаев тұрғындарды Конституция күнімен құттықтап, тәуелсіз елдің тұғырлы Заңы, оның өміршеңдігі мен өркениеттілігі, саяси мәні, ролі жайында жан-жақты сөз етті. «Бүгінде еліміз татулықтың тал бесігі мен достықтың дархан ұясына айналып отырғаны – Конституциямыздың еселі жемісі. Ең алғашқы бабы «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам» деп басталатын Ата Заңымыз елдегі саяси тұрақтылықтың, халқымыздың баянды өмірінің кепілі болып келеді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халқының жүрегіндегі арманы мен тілегін ұштастырып, бүкіл еліміздің игілігін көздейтін Конституциямыз бізді Отанды сүюге, ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтауға жетелеп келеді. Осы жылдар аралығында Қазақстанда заманауи мемлекеттік механизм мен құқықтық жүйе құрылды. Біздің республикамыз экономикалық, саяси және әлеуметтік даму жолында таңғажайып жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанның және оның Көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың мызғымас беделінің арқасында елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жауапкершілігі сеніп тапсырылды. Осы жетістіктеріміздің барлығын біз Ата Заңмен байланыстырамыз», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Шара жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен ауқымды мерекелік концертке ұласты.


       ҚЫЗЫҚТЫ ӘРІ ПАЙДАЛЫ
       Облыс орталығының Кривенко көшесіндегі «Білгірлер» саяжолында ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, консультациялық орталықтар жұмыс істеді. Барша павлодарлықтарға сапалы қызметтерін ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамту және шығармашылық орталығының, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның, Павлодар облыстық сауда-өнеркәсіптік палатасы мен жер комитетінің білікті мамандарының көмегіне жүгініп, толғандырған, қызықтырған мәселелеріне қатысты кеңестер алды.
       - Ата Заңымыздың 15 жылдық мерейтойы күні консультациялық орталықтардың жұмыс жасап жатқаны қуантады. Әдетте, тиісті орындардан қажетті ақпаратты алу үшін қолымыз бос болмайды. Міне, сол себепті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының мамандарына келіп отырмын. Зейнеткерлерге жұмыс орнын табу мүмкіндігі туралы сауалыма қанағаттанарлық жауап алдым. Бөлім мамандарына алғысымды білдіремін, - дейді қала тұрғыны А.Оспанова.
       Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының кеңесіне келгендер қатары да көп болды. Басты мақсат – халыққа сапалы консультациялық қызмет көрсету, салауатты өмір салты мен спортты насихаттау, салауаттылыққа жастарды көптеп шақыру.
       Сондай-ақ Қайырбаев-Сәтбаев көшелері қиылысындағы отбасы және көрмелер саяжолдарында да мамандардың консультациялық қызметтері ұйымдастырылды. Педиатр, терапевт, нарколог, невропатолог және психолог дәрігерлер кеңес беру жұмыстарын мерекелік көңіл-күйде атқарып жатты. Қала тұрғындары әдістемелік құралдарды тегін алып, қала берді қан қысымын өлшетуге де мүмкіндіктері болды.
Сәндік қолданбалы шығармашылық шеберлері жұмыстарының және филателистер топтамасы ұсынған суреттер көрмесіне келген тұрғындар жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнеріне деген оң ризашылықтарын жасырмады. Сонымен қатар түрлі ойындар мен арнайы сайыстар ұйымдастырылды.
       С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының алдында жергілікті қолөнер шеберлері, суретшілер және халық емшілерінің көрмесі мен шағын сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қолөнер шебері К.Қабылбекова, М.Ықыласова, ағаш шебері Қ.Баязитовтың туындылары, суретші С.Быстров пен Е.Троененконың майлы бояумен салынған суреттері тұрғындарды өзіне баурап алды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ауыл шаруашылық және техникалық әдебиеттер бөліміне қарасты «Фиалочка» гүлдер клубының мүшелері де отбасы саяжолында көрме өткізді. П.Васильев атындағы қалалық кітапхана ұжымы да құр алақан емес. «Ата Заң – тірлігімінің айғағы» атты кітаптар көрмесінде 50-ден астам әдебиеттер жұртшылық назарына ұсынылған. «Жеті жарғы» заңдар жинағынан бастап, бүгінгі күнге дейін жазылған құқықтық-заңнамалық әдебиеттер мен оқу құралдарын оқып көруге жақсы мүмкіндік туды.
         Сондай-ақ «Брейк-пати» атты мәдени шара жоғарғы жағажайдың төрінен орын алды. Әуесқой бишілерден бастап брейк биінің кәсіпқой майталмандары бойдағы бар өнерлерін ортаға салып, халық көңілінен шықты.
       Қалалық көркемөнер мектептері оқушыларының қатысуымен жас суретшілердің «Менің Отаным - Қазақстан» көркемөнер шеберханасы да еліміздің басты мерекелерінің бірі – Ата Заң күнінің сәнін арттырды. №1 және №2 көркемөнер мектептерінің оқушылары Конституция күнін өздерінің сурет туындылары арқылы бейнеледі. №2 көркем мектебінен мерекеге 20 шақты жас суретші келген екен.
       Ертістің төменгі жағалауы да мерекелік шараларға толы болды. Спорт алаңында сахналық қойылымдар ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер орта мектебі, «Батыр», №3 балалар мен жасөспірімдер мектебі, футбол бойынша олимпиадалық резервтегі мектеп тәрбиеленушілері өздерінің шеберліктерін барша қала тұрғындарына паш етті.
      Мерекелік бағдарлама Ертіс жағасында «Менің Отаным - Қазақстан» атты қазақстандық эстрада жұлдыздары мен қаланың үздік ұжымдарының мерекелік концерті жиналған қауымның көңіл-күйін көтерді.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30