Нұрсұлтан Назарбаев: «ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДЕГІ БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰТТЫ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ»

Биылғы жылдың әр айы, әр күні маңызы зор дүбірлі шараға толы өтуде. Себебі, биыл - тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Соның бірі – бес жылда бір рет өткізіліп тұратын әлем қазақтарының құрылтайы еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға десек, артық айтқандық емес. Елордамызға әлемнің 35 мемлекетінен 350 жуық қазақ диаспораларының өкілдері келді. Оған қоса, Қазақстанның өзінен қазақ ұлтының өкілдері қатысты. Құрылтайдың 660 делегатының қатарында шығармашылық, ғылыми, педагогикалық, зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Шетел қазақтары түрлі басшы қызметтерде, атап айтқанда Қырғыз Республикасының президенті әкімшілігінде, Қытайдағы мемлекет және партия органдарында, Иранда мемлекеттік банк жүйесінде, Өзбекстанда мемлекеттік қызметте, Моңғолия парламенті мен үкіметінде жұмыс істейді екен. Шетелден келген 50 ғалым және 12 академиктің ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы, мәскеулік профессор Нәйла Ермұханқызы Бекмаханова, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Алаш орда көсемдерінің бірі Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы мен немересі – Уфадан Алматыға қоныс аударған академиктер, техника ғылымдарының докторлары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы, Қырғызстан Республикасының Президенті әкімшілігінің жауапты қызметкері Еркін Рақымбаев, Чехияның экс-министрі Жәмиля Стехликова, Чувашияның экономикалық даму экс-министрі, қазір Чебоксары жоғары оқу орнының доценті Гүлмира Акимова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Күлянда Чоной, армрестлинг жөнінен Иран чемпионы Жүсіп Шаткам бар. Бір ерекшелігі, биылғы құрылтайға келген делегаттардың 60 пайыздан астамын 30 жасқа дейінгі буын өкілдері  құрады. Аталған тарихи шараның негізгі мақсаты – шетелдерде өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақты атамекенге бет бұрғызу мәселесін көтеру және келген қандастарымызды мемлекет тарапынан қолдап, жағдай жасап отыру. Сонымен қатар, құрылтай барысында шетелдерде тұратын қазақ жастарының және қазақ елінде білім алып жатқан бауырларымыздың ұл-қыздарының Отанға деген  сүйіспеншілігін арттыру, елім бар екен деген ұғымды қалыптастыру - бұл жері кең, халқы аз еліміздің демократиялық ахуалын жақсартуға да септігін тигізері күмәнсіз.

Отаным деп соғады әр қазақтың жүрегі

Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы 25 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде ашылды. Қазақ елінің Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасап, еліміз жеткен жетістіктерге тоқталумен қатар келер күннің міндеттерін саралады.

«Тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған ағайынның атамекенде бас қосуыбәрімізге зор қуатты. Десек те, биылғы құрылтайдың жөні бөлек, жолы ерен, маңызы айрықша. Өйткені, біз тәу етер Тәуелсіздіктің  20 жылдығы тұсында жиналып отырмыз, - деді Елбасы. – Ендеше, отырыстың «Қазақ елі» ескерткіші жанындағы Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылуының да мәні жоқ емес. Азаттықтың елең-алаңдағы күрделі кезеңіне қарамастан, көшіміз көлікті болды. Содан бері ұлы көш бір сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша, ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты» - деді Президент. Дүниежүзінде мемлекет қалтасынан қаржы шығарып, өз қандастарын еліне шақырған үш мемлекеттің (Израиль, Германия және Қазақстан) біріміз. Соңғы кездері көші-қон квотасының жылдық мөлшері 20 мың отбасына жетті. Салыстырып қарасақ, 2000 жылы – 500, 2003 – жылы 5000, 2004 – 10 000 отбасына квота бөлініпті. Әрине, бұл - ірі жетістік. Бірақ соңғы кездері белгіленген квота толық игерілмей отырғанын Елбасының өзі ашық айтты. Бұған   не себеп болды? Әрине, шетелдегі қазақтарымыздың мұң-мұқтажы жетерлік-ақ. Виза алу, квотаға ілігу, азаматтық алу, оқып-білім алу деп тізбектеліп кете береді.

«Туған елге көшіп келіп, табан тіреймін деушілерге қашан да есігіміз ашық. Біз дүниежүзілік дағдарыстан өзге елдермен бірге шығып келеміз. Сондықтан, келем дегеннің бәріне қаражат, үй, жұмыс беріп, толықтай алып келетін жағдайымыз бар» деп ойламаңыздар. Біздің 20 мың отбасы деп отырғанымыз сондықтан. Ал бірақ, өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, басқа жағдайлармен келсе, әсіресе жастар оқуға келем десе, оларға да ешқандай кедергі болмайды», - деп нақты тоқталып өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Қазақстан татулықтың туын тігіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұтатын айшықты мысалына айналып отырғанын атап өтті. Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дарқандығын көрсете білді. Осы жылдар ішінде еліміз жаһандық ауқымдағы 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 700 доллар болса, бүгін ол жан басына 9 мың доллардан келіп отыр.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, құрылтайға қатысқан жастарды елімізде білім алуға, қазақ елінде тұрып, қызмет етуге шақырды. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігіне гранттың квотасын нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриалдық өндіріске жұмысқа тарту қажеттігі нығыздалды. Егер қажет болған жағдайда оларға әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар, шеттегі бауырларымыздың Қазақстаннан хабар алып тұруына жан-жақты көмектесу жүйелі жолға қойылатын болды. Ол үшін Байланыс және ақпарат министрлігіне «Каспионет» халықаралық арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз ету, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру тапсырылды. Оған қоса, әр министрлікке дүниежүзіндегі қазақ жастарымен байланысты нығайту үшін арнайы веб-портал ашу міндеттелді. Алдағы кезеңде қазақ ұлты шоғырланған елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуға жағдай жасалынады. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне ұлтымыздың шетелдерде сақталған аса құнды мұраларын жинақтау үшін экспедициялар ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ, шетелдерде өткізілетін әлем қазақтарының кіші құрылтайларына «Самұрық - Қазына» әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болды.

Осындай маңызды міндеттерді нақтылаған Елбасы сөзінің соңында «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы. Қазақстан - әлемдегі бар қазақтың құтты қара шаңырағы. Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз ешуақытта да ұмытпауымыз керек. Қазақтың абыройын асырған, мерейін тасытқан ол ел Тәуелсіздігі болып табылады. Сондықтан, біздің басымызға бақ болып қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жарылған бұл той біздің ұлан-асыр ұлы тойымыз болып табылады. Тойымыз тарқамасын, құрметті ағайын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деп қорытындылады.

Одан кейін құрылтай жұмысы жарыссөзбен жалғасты. Жарыссөз кезеңінде Еуропа қазақтарының федералдық мәдени орталығының жетекшісі, философия докторы Әбдіқайым Кессижи, Қытай елінің Шынжаң – Ұйғыр автономиялық ауданы үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірашит, түркиялық журналист Сәуле Исмаил, көрнекті жазушы Смағұл Елубай, моңғолиялық ғалым Асай Рәмішұлы, Өзбекстаннан келген қандасымыз техника ғылымдарының докторы Бәкір Серікбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан, «Егемен Қазақстан газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахманов сөйледі. Ресейдің Алтай өлкесі Құлынды ауданындағы қазақ мектебінің директоры Нұрғайша Ғайсақызы Барынова өз сөзінде көршілес елде тұратын қандастарымыздың тілдік, мәдени өміріндегі ахуалы туралы айтып берді. «Қазір Ресейде 1 млн.-ға жуық қазақ тұрады, олар Астрахань, Орынбор, Түмен, Челябі, Волгоград, Саратов, Самара, Новосібір, Алтай өңірінде тығыз қоныстанған. Елдің 26 аймағында 39 мәдени орталығымыз бар. Осыдан 4 жыл бұрын орталығы Самара қаласы болып ұлттық мәдени орталығымыз да құрылды. Бұл орталық қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп, мәдени бастамаларға қолдау көрсетуді, ұлттық салт-сананы жаңғыртуды көздейді,» - деді ол. Сонымен бірге, Нұрғайша Ғайсақызы шешімін таппай отырған мәселелерге де тоқталып өтті. «Бір миллионға жуық қазағы бар Ресейде қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп бар. Алтай өлкесіндегі Құлынды ауданының Керей ауылындағы                       80 жылдық тарихы бар мектеп - соның бірі. Мен осы мектепте ұзақ жылдардан бері директор болып істеймін. Сексен үйлі Керей ауылы - тарих көшіне ілесіп, ата-баба дәстүрін, салтын ұмытпай, Ресейдің бір бұрышында отырған Қазақстанның бір аралы іспеттес мекен. Қазақша балабақшамыз, мешітіміз де бар. Қазақстаннан оқулықтар, ақын-жазушылардың шығармаларын алудан да кенде емеспіз. Өкінішке қарай, қазақтар тығыз қоныстанған басқа өңірлер мұндай жағдайға қол жеткізе алмай отыр. Балаларымыз ана тілін білгенде ғана біз қазақ болып қаламыз. Бізде мәселе көп. Соның бірі  - орта мектепті Қазақстанның білім беру бағдарламасымен тәмамдайтын балаларымыз емтиханды Ресейдің бағдарламасымен орыс тілінде тапсырады. Бұл – қазақ баласына өте ауыр. Олар орыс тілін қаншалықты жақсы білсе де, емтиханды жақсы тапсыра алмауы мүмкін. Осы мәселені екі елдің білім министрліктері бірлесе отырып шешсе деген ұсынысым бар,» - деді ол сөзінің тоқетерінде.

Құрылтай мінберінен сөйлеуге мүмкіншілік болмаған, бірақ айтарым бар еді деген бірді-екілі қандасымызды сөзге тарттық. Түркіменстанның Түркіменбашы қаласының тұрғыны Айгүл Қалымбайқызы Астана топырағына табаны тигенде көзінен ыршып жас домалап кеткенін тебіреніспен жеткізді. «Құрылтайға келген мақсатымыз – «Қазақстанға қалай көшіп келеміз?» деген сауалға жауап алу. Ол жауапты бүгін Елбасынан естідік. Квота беріледі екен. Біздің тезірек көшкіміз келеді. Ол жақта қазақтар кедей тұрамыз. Атамекенге жете алмай жүргеніміз жанымызға қатты батады, - деп ағынан жарылды Айгүл анамыз.

Ұлыбританияда тұратын Смайыл Кесидженнің айтуынша, әр мемлекеттегі диаспораның өзіндік проблемалары бар. «Мәселен, Ұлыбританиядағы қазақтардың басты мәселесі – қазақ тілі. Қазақ тілін меңгеру үшін қауымдастық арқылы көмектер алып жатамыз. Кішігірім қазақша үйретуге орта керек. Орта болмағаннан кейін, тіл үйрету жағы қиындық туғызып жататыны белгілі. Сондықтан, осы мәселенің өз жүйесін тапқанын қалаймыз,» - деді Смайыл Кесидже.

Тойда тың ой да айтылды

Құрылтайдың екінші күні делегаттар министрліктерде дөңгелек үстелдерге қатысып, өздерін мазалаған мәселелерін ортаға салды. Көші-қон полициясы комитеті, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Қазіргі заманғы репатриацияның жай-күйі мен проблемалары» атты дөңгелек үстелге шетелден келген 35 делегат, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті мен ҰҚК шекаралық қызмет өкілдері қатысты. Бұл дөңгелек үстелге оралмандардың Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы Әлхан Амантай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Заут Болат та қатысты. Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы Хибратулла Досқалиев мәжіліске қатысушыларды шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың тарихи Отанына оралу мәселелеріне байланысты заңнамадағы жаңа өзгертулермен таныстырды. Көшіп келем деушілерге қаржылай қолдаудың өскені, эмиграция квотасымен келгендерге тұрғын үй алу үшін жәрдемақы төленетіні айтылды. Мемлекет бюджетінен бұл мақсаттарға жыл сайын 16 миллиард теңге қаржы бөлінуде. Елімізге көшіп келушілерді уақытша орналастыру орындары қарастырылған. Оралмандарды көшіп келгеннен кейін бейімдеу мен интеграциялау жөнінде 4 орталық ашылған. Олардың міндеті - құқықтық және басқа да мәселелер бойынша ақыл-кеңестер беру.

Комитет төрағасы Х.Досқалиевтің айтуынша, тәуелсіздігін алған уақыттан бастап шетелдегі қандастарын елге қайтару мәселесімен тұрақты түрде айналысып келе жатқан бірден-бір жалғыз мемлекет – Қазақстан. Алғашқы жылдары небары 2-3 мың оралман көшіп келсе, 2005-2008 жылдары елге келем деуші отбасыларға берілетін квоталар саны әр жылда 15 мыңға, ал соңғы 3 жылда олардың саны 20 мың отбасына жетті.

Дөңгелек үстелге қатысушы ағайындар бірқатар мәселелер көтерді. Мәселен, Өзбекстаннан көшіп келген Базарбай Иманов келгеннен кейінгі тіркеуге тұруда қиындықтар туындайтынын сөз етті. «Көшіп келгендерді бірден есепке тұрғызбайды. Ол адамдар жөнінде Өзбекстанға сұраныс жібереді. Жауап 2-3 айсыз келмейді. Сол себептен ағайындар 3 ай бойы бос жүреді. Осыдан кейін бір ай Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексереді. Төрт айын жоғалтқан оралман квотасы келгенше тағы 6 ай тосады. Оны еш жер жұмысқа алмайды, ешқандай жәрдемақы төленбейді. Квотамен берілген қаржы жұмыссыз отырған кезде белшесінен батқан қарызды өтеуге жұмсалады. Сондықтан тіркеу мерзімін реттеген дұрыс болар еді,» - деді Б.Иманов.

Моңғолиядағы Ұлан-Батор онкология институтының қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Асай Рамиш Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жол қатынасының қиын екенін айтты. Қазір Ресей арқылы айналып өтетін жол қашықтығы 2 мың шақырым. Екі ел келісімге келген күнде 50-ақ шақырым болады екен. Дөңгелек үстелге қатысушылар басқа да мәселелерді көтерді. Қазақстанда шығатын газет-журналдарды ала алмай жүр екен. «Нұрлы көш» бағдарламасындағы оралмандарға баспана беруге байланысты тұстарын нақтылап өзгерту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Ыстамбулдағы Мимар Синар университетінің оқытушысы Әбдуақап Қара Қазақстан мен шетелдегі қазақ диаспоралары арасындағы қатынасты нығайту керектігін айтты. Жақын арада дүниежүзіндегі барша қазақты көшіріп алу мүмкін емес. Сондықтан көші-қон мәселесімен қатар шетелдегі диаспоралармен жұмысты ширату қажет. Диаспора қазағы Түркияда – түріктеніп, Германияда – немістеніп, Францияда – французданып, Қытайда – қытайланып кетуі мүмкін. Қытайда қазақ мектептері біртіндеп жабылуда. Шетелдегі қазақ жастарына ана тілін меңгеруге жағдай жасау керек.

Даниялық Нұр Арманның ойынша, шетелдегі қазақ жастарына оралуға кедергі жасап тұрған мәселе – орыс тілін білмеуі. «Қазақ елінде барлығы қазақша болғанда, атамекенімізге 10 жыл бұрын көшіп келетін едік», - деді даниялық қандасымыз

Салт-дәстүр мен өнер салтанаты

Құрылтайдың екінші күні «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде шеттен келген қандастарымызға қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан көріністер көрсетілді. Қонақтар ең алдымен қазақтың тұсау кесу, сырға салу, құда түсіп, құйрық-бауыр асату сияқты дәстүрін тамашалады. Киіз үй дастарханына қазақтың дәстүрлі тағамдары қойылып, қонақтарға қонағасы тартылды. Осы мәдени шарада Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі мен «Наз» мемлекеттің би ансамблінің өнерпаздары қазақтың ән-күйлерін орындап, билерін мың бұрала биледі.

Президенттік мәдениет орталығында шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралман жастардың қолөнер туындыларының «Кескіндеме, графика, мүсін, гобелен және сәндік қолданбалы өнер» көрмесі өтті. Құрылтай шеңберінде ұйымдыстырылған бұл көрменің көздеген мақсаты – шетелдегі және елімізде қазақ жастарының шығармашылық байланысын нығайтып, ұлттық мұрамыз бен мәдениетімізді дамыту.

«Біздің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізгі міндеттерінің бірі – шетелдегі ағайындармен рухани және мәдени байланыс орнату. Оның ішінде шетелде жүрген дарынды жастарды Қазақстанға тарту» - деді Төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев. Көрме ұйымдастыруға басшылық жасап, қазылар алқасын басқарған Қазақстан суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбек болды.

Көрмеге Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Тәжікстаннан келген, кейін Қазақстанда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын және Қыздар педагогикалық университетін бітірген жастардың суреттері, сәндік қолданбалы өнер бағытындағы туындылары, оның ішінде сүйектен, теріден, ағаштан, металдан жасаған зергерлік бұйымдар мен кестелі дүниелер, және сонымен қатар, графика, мүсін, гобелен үлгілері қойылыпты.

Қазылар алқасы қорытындысын шығарып, бірқатар жастарды марапаттады. Көрменің бас жүлдесі Қытайдың Алтай аймағынан келеген Толқын Табысбекке «Аңшы» суреті және «Қыз қуу», «Қазақ шеберлері» линогравюралары үшін берілді. Екінші дәрежедегі сыйлық Оралбек Қабөкке «Сарыарқа», «Саятшылар» суреттері үшін және Абай Ақылұлына «Бесік той», «Беташар», «Тұсау кесу» линогравюралары үшін берілді. Гүлназым Өмірзақтың «Домбыра», «Қыз қуу», «Қаражорға биі» бізкестелері және Ержан Юсуповтың «Н.Назарбаев», «Алпамыс», «Алматы» атты туындылары үшінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп табылды.

Жыр мүшәйрасы

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шет елде тұратын және елімізге сырттан көшіп келген қазақтар арасында «Жырым саған, Атажұрт» атты жыр мүшәйрасын ұйымдастырып, өткізді. Оған алыс-жақын шетелдерден және өз еліміздегі қандастардан 40 ақын қатысыпты. Мүшәйраның бас тақырыбы атамекенге деген сағыныш, шетелдегі қандас бауырлардың көші-қон мәселесі болған екен. Президенттік мәдениет орталығында IV құрылтайдың аясында жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов бастаған қазылар алқасымен іріктелген он жас ақын ақтық сынаққа жолдама алып өлеңдерін оқыды. Мүшайраның ақтық шарасын ашық деп жариялау алдында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев кіріспе сөз сөйледі. Ол осы додаға 35 жасқа дейінгі жас ақындар қатысқанын, жалпы, құрылтайдағы өткізуде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген жастарға баса мән берілгенін, соған орай, келген қонақтардың 60 пайызы жастар екенін, жас буыннан көпшіліктің үміт күтетінін тілге тиек етті. «Ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – тілді сақтау. Ана тілімен жазылатын жырды сақтау. Сондықтан, поэзия әрқашан өзінің мәртебелі орнында қалады» - деп ақындарға сәттілік тіледі. Ақсақал ақын Оразақын Асқар «Күй тойы» деген өлеңін шашу ретінде мүшәйраға қатысушыларға арнап оқып берді.

Мүшәйраға қатысқан ақындардың кезегімен өлең оқуы шетелден келген өнерпаз бауырластарымыздың концертіне ұласты . Оған Алтай Республикасының халық әртістері Еркін Ажмұхан мен Жанарбек Рысәлиев, Қытай Халық  Республикасының бірінші дәрежелі әртісі Әділхан Жұмген, халықаралық конкурстардың лауреаты, Моңғолиядан келген бауырымыз Айған Бәдел, өзбекстандық әнші Сержан Жанахмет сынды өнер иелері қатысты. Бір ерекшелігі концертте құлағымызға әбден сіңіп қалған ән, күйлердің орнына бізге таныс ырғақпен, өзгеше әуенмен құлпырған «Ел көшкенде», «Ер қазақ», «Көшпенділер» сынды әндері талантты қандас өнерпаздардың орындауында өте әсерлі шықты.

Соңында қазылар алқасы мүшәйраның қорытынды шешімін шығарып, бас жүлдені Бауыржан Қарағызұлына беруді ұйғарды, 1-ші орын Қуаныш Дәлейге, 2-ші жүлделі орын Тоқтарәлі Таңжарық пен Жанат Боқашқа, 3-ші жүлделі орын Төлеген Мәлік пен Қайрат Кәмейге бұйырды. Талапбек Тынысбек пен Жарас Кемелжанға мүшәйраның арнаулы дипломдары табыс етілді.

Футболдан дүниежүзі қазақтарының біріншілігі

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында тұңғыш рет спорттық жарыстар өтті. Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда футболдан турнир ұйымдастырылды. Жиналған жанкүйер қауымға, әсіресе шет елден келген жас қандастарымызға дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетілді. Онда асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресін құрылтай қонақтарына насихаттау мақсатында ұлттық ойындардың ережелері қазақ және ағылшын тілдерінде арнайы таратылып берілді. Болашақта келесі құрылтайда тек футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерінен, оның ішінде қазақ ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіледі деп жоспарлануда.

Осы жолы футбол турниріне Еуропа қазақтарының біріккен командасы, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түркиядағы ағайындардың құрамалары мен Қазақстанның жас аяқдопшылары қатысты. Спорттық шараның ашылу салтанатына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қансейітов құттықтау сөз айтып, бұл жарыс қазақ жастары арасындағы достық қарым-қатынасты, бауырмалдық пен ынтымақтастықты қалыптастыратын болсын деген ниет білдірді. Жалпы, футбол турнирін өткізу үлгісі Еуропа қазақтарының кіші құрылтайынан алынған.

Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өтті, жеңген команда ғана келесі ойынға жолдама алады, ал жеңіліп қалған команда жарыстан шығады. Сол себептен алғашқы ойында жеңілістің ащы дәмін татқан Қытай, Моңғолия, Түркия қазақтарының құрамалары бірден шығып қалды. Еуропа қазақтарының біріккен командасы және Қазақстан аяқдопшылар құрамасы 3 жүлделі орынды сарапқа салу мүмкіншілігіне жетті. Турнирде ерекше ойын өрнегін көрсете білген Өзбекстан қазақтары командасы болды, қарсыластарын жеңіп, финалға жолдама алды. Екінші ақтық ойынға қатысушы Ресей мен Еуропа құрама командасы кездесуінде анықталды.              2:0 есебімен Ресейлік қазақтар қарсыластарынан басым түсіп Өзбекстан қазақтарының командасымен бас жүлдені сарапқа салатын матчқа жолдама алды.

Ақтық ойындарда жасыл алаңға бірінші болып 3-ші орынға таласушы Еуропа құрама командасы мен Қазақстан командасы шықты. Бұл ойында біздің жігіттер ерекше жинақы және ширақ қимылдап, қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді де, қола жүлдеге ие болды. Финалда ойын тартысты өтті, негізгі уақытта итжығыс болып 1:1 есебімен тең аяқталды. 11 метрлік пенальтиде ерекше мергендік көрсетіп, Ресей қазақтарының құрама командасы Өзбекстан қазақтары футболшыларын жеңді де, бас жүлдеге ие болды. Жеңімпаз бен жүлдегер командалар ұйымдастырушылар тарапынан алтын, күміс, қола және медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнирде жақсы ойын өрнегін және шеберлігін көрсете білген үздік қақпашы қорғаушы, шабуылшы анықталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Спорт мерекесін тамашалауға келген жанкүйер қонақтарға Астана қаласының «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі мен «Еркес» балалар ұжымы арнайы концерт берді.

Міне, әлемнің 35 елінен жиналған қазақ баласы бір-бірімен шұрқырай көрісіп, бір атаның баласындай ортақ мәселелерді бірлесе талқылады. Елге оралған көшті бөгейтін кедергілерді шешіп беруге көмек сұрады. Мүмкіншілік болғандары өз өтініш, тілектерін үлкен мінберден, кейінгілері министрліктерде өткен әр деңгейлі дөңгелек үстел басында, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне айтам деген ойларын жеткізді. Ендігі міндет, осы пікірлер, ұсыныстар елеусіз қалмаса екен. Осыған жауапты құзырлы мекемелер бақылауларына алып, қандастарымызды қолдап - қуаттау мақсатында Елбасы берген тапсырманы орындау - баршамызға сын.

М.Омаров.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30