«Достық үйінде» «Беларусь» ұлттық-мәдени бірлестігінің 10 жылдық мерейтойы аясына бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Оған Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, Беларусь Республикасының мемлекетіміздегі елшілігінің консулы Галина Буряк, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Леонид Питаленко және Омбы, Астана қалалары мен Шығыс Қазақстан облысынан келген делегаттар қатысты.
«Беларусь» ұлттық-мәдени бірлестігінің мерейтойлық шарасы «Достық үйінің» холында мерекеге арнайы келген қонақтарға шашу шашылды. Сондай-ақ «Павлодар – көпұлтты қала» атты ұлттық киімдер көрсетілімі және белорус халқының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Тарихы тамырлы, дәстүрі тағылымды белорус ұлтының мерекесі «Достық үйінің» мәжіліс залындағы дөңгелек үстел шарасына ұласты. Меретойға ат терлетіп келген қонақтар Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы сыр шертетін «Бір шаңырақ астында» шағын фильмін тамашалады. «Қазақстан халқы Ассамблеясы: халықтар арасында достық пен бейбітшілікті сақтау және ұлттар мәдениетін жақындату жолдары» тақырыбы аясында өрбіген дөңгелек үстелде Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға ретінде басты бағдар етіп отырған «Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Толеранттық» ұрандары жайлы айтылды. Омбы, Астана және Шығыс Қазақстан облысынан делегация өкілдері ортақ ісіміз - достығымызды нығайтып, еліміздің дамуына үлес қосу жолдары жайлы пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркімбек Аязбаев елімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің мәдениетін дамытуға кішігірім этноауылдарды салу маңызды шара екенін алға тартты. Новосібір облысының мәдениет департаменті жанындағы белорус мәдениеті орталығының директоры Галина Буряк жергілікті ұлттық-мәдени орталық мүшелерін айтулы мерекелерімен құттықтап, белорус ұлтының рухани құндылықтарын насихаттауға атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. «Павлодар қаласына келгенде, өз үйіме келгендей боламын», - деп қуанышымен бөлісті.
Біздің тағдырымыз – ортақ, Отанымыз – ортақ. Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық облыстың әрбір адамы өзінің қандай ұлттың өкілі екеніне, діни сенім-нанымына қарамастан, өзін осы жердің, өлкенің төл перзенті, нағыз азаматы ретінде сезінгенде ғана қалыптасады. Бұл орайда, өзара тіл табысу, бір-біріне құрметпен қарау барлық ұлт өкілдеріне тән екені анық. Сондықтан елдің береке-бірлігін сақтау, Отанды сүю – біздің қоғам алдындағы азаматтық борышымыз, - десті дөңгелек үстел қатысушылары.
«Беларусь» ұлттық-мәдени орталығы 2000 жылы құрылған болатын. Орталық басшылығы облыстың белорус ұлты өкілдерінің басын біріктіріп, тілді, салт-дәстүрді, мәдениетті жаңғыртуды басты мақсатқа қойған. 2004 жылдан бері ұлттық-мәдени бірлестікті Любовь Богнат басқарып келеді. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеуге ден қойған орталық құрамына ақсақалдар кеңесі, жастар бірлестігі және ұлттық жаңғыру мектебіндегі белорус бөлімшесі кіреді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына және «Беларусь» ұлттық-мәдени бірлестігінің 10 жылдық мерейойына арналған кеш орталық өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

