Ақсу қалалық сотында орналасқан қалалық және мамандандырылған әкімшілік соты ғимаратына биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жаңарған нысан жақында ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облыстық сотының төрағасы Әуезнұр Қаженов және Ақсу қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов қатысты.
Ғимарат өткен ғасырдың 70-жылдары тұрғызылған, алғашында онда құрылыс тресі, кейіннен 1997 жылы сот орналасады. Ақсу қалалық сотының төрағасы Х.Сраилов қонақтарды жаңғыртылған ғимараттың кодификация, мұрағат, кеңсе, сот мәжілісі залдарын аралатып, сот ұжымының қызметімен таныстырды.
Жөндеу жұмыстары нәтижесінде сот мәжілісі залдарының саны өсті. Бұрындары мұндай бөлмелердің жетіспеуінен судьялар сот отырыстарын кабинеттерде өткізіп келді. Қазірде сотқа келушілер үшін бірінші қабатта сот кеңсесі және сот мәжілісі залдары орналасқан.
Жаңаша кейіпке енген мекеме сот мәжілістерінің залдарда өтуіне ықпал жасады, бұл өз кезегінде істердің қаралуында тәртіп пен жеделдікке әсер етуде. Ғимараттың сыртқы келбеті де әсем, бір қарағаннан көзге түседі.
Қонақтар Фемида қызметшілерінің сот төрелігін іске асырудағы қажырлы жұмыстарына сәттілік тілеп, ізгі ниеттері мен жылы лебіздерін білдірді.
Павлодар облыстық сотының
баспасөз қызметі.

