Павлодар қалалық демалыс және мәдениет саябағында «Айреник» ұлттық-мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен армян мәдениетінің күні өтті. Мерекелік шараның шымылдығын ашу «Айреник» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Камо Бадоянға берілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата Заңымыздың 15 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған концерттік бағдарламада танымал әнші Ашот Балаян мен жас солист Нелли Епремян ән шырқады. Достық үйінен қонақ ретінде шақыртылған әнші, халық әнін орындаушы, Астана қаласында өткен студенттер фестивалінің лауреаты Мақсат Батырбеков «Туған жер» атты әнімен мерекелік шараны әрлендіре түсті. Ұйымдастырушылар теміржолшылар күнін де атап өтіп, ардагер теміржолшы Сергей Бунятовты, 80 жасқа толған Рафик Аванесянды төл мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық тіледі, сый-сияпаттар табыс етті. Сонымен қатар осы жылы ИнЕУдің экономика факультетін жоғары көрсеткішпен бітіріп отырған Рена Хидидянды, Милен Бадоян мен Анаит Мартиросянды үздік оқушылар ретінде атап өтіп, мақтау грамоталарымен марапаттады. Анна Акопова, Юля Акопова, Лилит Сафарян мен «Аревик» вокалдық тобының күміс көмей әншілері тамылжыта ән салса, «Эребуни» би ұжымы өздерінің ұлттық биін жұртшылыққа паш етті.
Мерекелік шарада Мұсылман әйелдері лигасы облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметова ізгі тілегін білдірді.
Анарбек ЖЕТПІС.

