Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығы және «Біз - Қазақстан халқымыз» акциясы аясында «Беларусь» мәдени орталығы Павлодар ауданы, Набережное ауылында мерекелік шара ұйымдастырды.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облысының филиалы халқымыз үшін ерекше маңызға ие екі мерекені тойлап жатыр. «Біз – Қазақстан халқы» акциясы шеңберінде Набережное ауылы тұрғындарына арнап концерттік бағдарламамызды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, Ұлы жеңістің 65 жылдығына арнап бұл ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері рухына тағзым етіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімін өткіземіз. «Беларусь» мәдени орталығы 2000 жылғы 3 маусымда құрылған болатын. Сондықтан биылғы жыл да біздің орталығымыз үшін айтулы мерекелердің бірі, - деді «Белорусь» мәдени орталығының төрағасы Л.Богнат.
Павлодар ауданының Набережное ауылының тұрғындары «Беларусь» ұлттық бірлестігін кең құшақ жайып қарсы алды. Ауданда ата салты мен ұлттық мәдениеттерін насихаттау мен жаңғырту жолында алты мәдени орталық жұмыс істеуде. Бұл күні украин, шешен-ингуш, балкар, славян, татар, беларусь ұлттық-мәдени орталықтарының мүшелері бір шаңырақ астына жиналып, мызғымас бірлігіміздің айқын мысалына айналды.
Бүгінгі мереке тек қана «Беларусь» орталығының мерекесі ғана емес. Бұл – барша қазақстандықтардың мерекесі, сондықтан ауданымыздың барлық ұлттық орталықтары белсенділік танытып қатысып отыр. Павлодар ауданының ұлттық бірлестіктеріне алғысымды білдіремін деп айтты Павлодар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы М.Жабықова өз сөзінде.
Облыстық «Біз – Қазақстан халқымыз» фестивалі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, Набережное ауылының тұрғындарының көңілінен шықты.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

