«Бір шаңырақ астында» фестивалінің аясында қаламыздағы ұлт өкілдерінің мәдениет күндері аталып өтуде. Өткен демалыс күндері вайнах мәдениеті күні мен еврей мәдениеті күні мерекеленді.
САЛТ-ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН МЕРЕКЕ
Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен вайнах мәдениеті күні аталып өтілді. Мереке барысында З.Хамидованың, А.Мұсаның, А.Куркиевтің ана тілінде жазған еңбектері ұсынылды. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыста қолданылатын ұлттық заттары да көрмеден тыс қалмады. Қолөнер бұйымдары ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары жасаған туындылар. Жиналған қауым шешен-ингуш халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Идаят Әбдіхалықов: «1944 жылы шешен-ингуш халықтарының алғашқы өкілдері қазақ жеріне қоныс аударған болатын. Бүгінде олардың ұрпақтары- Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосар жандардың бірі»,- деді. Идаят Бекболатұлы облысымыздың мәдениет саласында жасаған еңбектері үшін аталған этно-мәдени бірлестіктің мүшесі, ұлттық жаңғыру мектебінің оқытушысы Загра Каимованы Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапаттады. Шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рашид Абубакаров көпшілікті Ассамблеяның және Конституцияның 15 жылдық мерекесімен құттықтады. Р.Абубакаровтың айтуынша, ұлттық жаңғыру мектебінде өткен оқу жылында жасы үлкен 7 адам және 46 жас ұлттық мәдениет мен әдебиеті жайлы толық білім алды. Олардың қатарында 4 қазақ азаматы да бар екен.
Концерттік шарада кішкентай бүлдіршіндер ана тілде өлеңдер оқыды. Алина Несерханова, Екатерина Хакаева, Альфия Сечоева және тағы басқа өнерпаздар өнерлерімен тамсандырды. Ұлттық би билеген қыздар мен жігіттерге жиналған қауым да қосылды.
Мерекелік шараның үш тілде өткені – халықтар достығының берік екенін білдіреді. Мақсат Батырбеков домбырамен ән салғанда жұртшылық тарапынан зор қуанышқа бөленді.
Шешен-ингуш халықтарының салт-дәстүріне байланысты сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Жауабын дәл тапқан адамға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ НАСИХАТТАДЫ
Еврей мәдениеті күні де жоғары дәрежеде мерекеленді. Бұл шараның ұйымдастырылуына «Мерказ» еврей ұлттық мәдениеті облыстық орталығы қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
«Мерказ» еврей ұлттық облыстық орталығының төрайымы Фаина Свичинская аталмыш бірлестік жұмысын бастағаннан бері осында қызмет жасауда. Оның көп жылдық ерен еңбегін Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары К.Бадоян да атап өтті. Сонымен қатар, К.Бадоян қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын этно-мәдени бірлестік мүшелері Х.Лобченко мен Е.Петроваға «Алғыс хат» табыстады.
Фаина Павловна биылғы жыл мерекелерге толы екенін атап өтті, яғни Ұлы Жеңістің 65 жылдығы, Ата Заң мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығы, ЕҚЫҰ-ның 35 жылдығы. Барша қауымды осындай атаулы күндермен құттықтай отыра, барлығы ұлттар достығының нәтижесі деген ойын білдірді.
Әншілер мен бишілер өнерлерін көрсетті. Әсіресе, «Мазаль» хореографиялық би ансамблінің мың бұралып қазақша би билегені көпшіліктің ойынан шықты.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

