Өткен жұма күні облысымыздағы неміс ұлты қауымының «Возрождение» қоғамдық бірлестігі 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Дәлірек айтсақ, осы күні бірлестіктің мерейтойына арналған іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. Мерекелік тартулар «Ұлттық ерекшелік - тілдік ерекшелік арқылы» атты дөңгелек үстел шарасынан басталды. Оған Қазақстан немістері қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дедерер, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары И.Әбдіхалықов, облыстық «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Руф, Алматы қаласынан GTZ өкілеттілігінің жетекшісі И.Хеч, сондай-ақ аймағымызда неміс тілін үйрету бойынша жұмыс істейтін әртүрлі үйірмелердің оқытушылары, аудандардан меймандар жиналды.
Дөңгелек үстел шарасын ашқан В.Руф тіл әрбір ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін атай келе, бүгінгі күні елімізде неміс тілінің қолданыс аясы тарылып бара жатқанын айтып, алаңдаушылық танытты. Ол сондай-ақ тілге деген қызығушылықты сақтап қалу үшін тыңғылықты істерді қолға алу керектігін алға тартты. Бұл орайда қазіргі заман талабына сай ағылшын тілі неміс тілін біртіндеп ығыстырып бара жатқанын да жасырмады. Аталмыш мәселені жиынға қатысқан әрбір азамат іле жалғастырып, негізгі себептері мен оны шешу жолдарын ұсынуға тырысты. Тілді үйренуге барлық жағдай жасалғаны да сөз болды. Ол үшін сантүрлі бағдарламалар да жоқ емес.
Қазақстан немістер қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дедерер еліміздің әлемдік беделге ие болып, еңселі, мәртебелі ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, алдағы уақытта еуропалық ұйым саммитінің Қазақстанда өтуі елдегі бірлік пен бейтішіліктің, татулық пен тыныштықтың арқасы екенін екшім естен шығармауы тиіс дегенді тілге тиек етті. Сонымен қатар ол елдегі теңқұқылық, әрбір ұлт өкілінің төл мәдениетін дамытып, тілін насихаттауға мүмкіндік беріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше екенін де ескертті. Мейман неміс тілінің қолданыс аясының тарылып бара жатқанын этнос өкілдерінің кезінде көптеп тарихи отандарына оралуымен байланыстырды. Шынымен де, тілдің жағдайы үлкен қауіп дегенді айтып, іс-шараларды балалардан, жастардан бастау керектігін жеткізді ол. Ал И.Хеч жастар арасында неміс тілі Қазақстан мен Еуропаны байланыстыратын көпірлердің бірі екенін түсіндіру қажет деген пікірде.
И.Әбдіхалықов Павлодар облысының немістер бірлестігі белсенді әрі ұйымшыл, байыпты орталықтардың бірі екенін атады. Мұны олар әрбір істерінде айқын аңғартып жүргенін де жеткізді. Сондай-ақ ол тіл мәселесі бір күнмен шешілмейтінін, бәріне өзаратүсіністік, өзарақұрметтің арқасында жетуге болатынын айтты. Бұл орайда мемлекеттік тілдің де аясын кеңейтуге атсалысу қажеттігін сөз етті.
Дөңгелек үстел шарасына келген үйірме, курс жетекшілері мен неміс тілі мұғалімдерінің сөзінен, аймақта тілді дамыту, аясын кеңейту бойынша жұмыстар барынша атқарылып жатқанын байқау қиын емес. Бірлестік те қол қусырып отырған жоқ. Неміс тілін үйренуге ынталы жастарға облыстық «Возрождение» қоғамдық бірлестігінің гранттары да үлестіріліпті. Жастар мен үлкендер арасында тіл алаңын сақтап қалу мақсатында облыс орталығымен қатар, Ақсу, Екібастұз қалаларында жұмыстар жүзеге асуда. Бүлдіршіндерге тілді ойын түрінде үйрететін желілік клубтар да жұмыс істеп жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, неміс тілін тек осы этнос өкілдері ғана емес, өзге де ұлттың өкілдері үйренуге қызығушылық білдіруде. Тіл үйренуде Достық үйіндегі ұлттық жаңғыру мектебі неміс бөлімшесінің алар орны ерекше. Одан өзге де үйірмелер мен курстар жүргізіледі. Курс жетекшілері балаларға тіл үйретуде әртүрлі қызықты аудио-бейне таспалардың, әдебиеттердің аздығын айтып, бар болса, қымбатқа түсетінін жасырмады. Ал бүгінгі күні балалар ескіліктен гөрі, сабақтардың заман ағымына қарай барынша қызықты болуын қалайды, дейді оқытушылар. Жиында Павлодар ауданы Розовка ауылында жұмыс істеп жатқан неміс бірлестігінің тыныс-тіршілігі көпті қызықтырды. Мұнда шаралардың әртүрлілігі, маңыздылығы байқалып тұрды. Мысалы, «Ауыл әйелінің күні» атты тақырыппен өтетін кеште розовкалықтар көп балалы аналарға құрмет көрсетіп, өзгеге үлгі етуді дәстүрге айналдырыпты. Бұл ауылда тілді ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып арқылы үйрету, сақтау тәсілдері кеңінен қолданылады екен. Жиында жасалған баяндамаларды тыңдай келе, А.Дедерер неміс тілінің жағдайын Үкімет деңгейінде қарастыру қолға алынғанын жеткізді. Яғни мектептер мен жоғары оқу орындарында қолданысын кеңейту жөніндегі ұсыныстары депутаттар тарапынан қолдау тапқанға ұқсайды. Бүгінде бұл мәселе бойынша Премьер-Министрге хат әзірленіп жатыр, деді ол. Германиямен де келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Дөңгелек үстел шарасын қорытындылаған В.Руф тілді дамытуға байланысты қандастарынан ұтымды ұсыныстар тыңдай алмағанын бүгіп қалмады. Алдағы уақытта осыған көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.
20 жылдық мерейтой дөңгелек үстел шарасымен ғана шектелген жоқ. Мерейтой аясында ұлттық жаңғыру мектебінде ашық сабақ өтті. Кешкілік салтанатты жиын меретойдың сәнін әрлей түсті. Сән-салтанат «20 жыл біргеміз...» атты шағын фильмнен басталып, қоғам ардагерлері, көркемөнерпаздар, неміс тілінің оқытушылары Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Кеш аталмыш қоғам өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


