БІРЛІГІМІЗ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ!
«Достық үйінде» жастарды қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеу, рухани бірлік пен ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктері өкілдерінің және арнайы орта білім беру мекемелері жастарының басын қосқан мазмұнды жиын «Толеранттылықтан – ұлтаралық қарым-қатынасқа» тақырыбы аясында өрбіді. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Идаят Әбдіқалықов, осы құрылымның жастар ісін үйлестіру кеңесінің төрайымы Наталья Нефедова және қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шәмкенова қатысты.
Елуден астам жастың басын қосқан семинар-тренинг белгілі бір тақырыпты арқау еткен бірнеше секциядан тұрды. Атап айтсақ, «Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар: жағдайы, мәселелері және перспективалары», «ЕҚЫҰ-ның қазақстандық векторы», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бірлік негізі» атты тақырыптары қамтылды.
Біз, жастар тәуелсіз, гүлденген мемлекетте өмір сүреміз. Бұл – бізді біріктіретін бірінші фактор. Екіншісі, әрине, біз өмір сүріп отырған қоғамда бейбітшілік, өзара түсіністік пен келісім ортасының болуы. Мемлекеттік тілді меңгеру мен сөйлеу де - көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайтатын фактордың бірі. Қазақ тілін білу – біздің азаматтық борышымыз, - дейді татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігі «Жорға» жастар клубының төрайымы Элина Иванова.
А.ӘДІЛБЕК.

