Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұратыны белгілі. Біздің өңірімізде түрлі ұлт өкілдерінің достығы жарасып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Әр халықтың өз тілін, ұлттық дәстүрін жаңғыртып, келер ұрпаққа жалғастыру мақсатында облысымызда 22 мәдени орталық жұмыс істеуде. Жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халықтары мәдениеті мен өнерін насихаттайтын «Бір шаңырақ астында» атты жазғы фестивальдің өтуі ұлттар достастығының бірден-бір дәлелі болары анық. «Бір шаңырақ астында» фестивалі шеңберінде өткен демалыс күндері де мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Балкар мәдениеті күні
Сенбі күні Павлодар қалалық демалыс және мәдениет саябағында «Эльбрус» кабардин-балкар және қарашай-черкес ұлттық-мәдени бірлестігінің ұйымдастырылуымен балкар мәдениеті күні мерекесі өтті.
«Эльбрус» ұлттық-мәдени орталығының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Ш.Камалитдинов, А.Макитова, Р.Ерасылова мен «Къунч» вокалдық тобының күміс көмей әншілері тамылжыта ән шырқап, «Алан» хореографиялық ансамблі өздерінің ұлттық билерін жұртшылыққа паш етті. Мереке барысында сонымен қатар балкар халқының ұлы ақыны Казим Мечиевтің туғанына 150 жыл толуы аталып өтті.
- Қазақстан халықы Ассамблеясының 15 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараларға біздің ұлттық-мәдени орталық белсене қатысады. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді және мәдениетімізді насихаттап, жаңғыртып жатқанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Қарашай, черкестер, кабардиндер, балкарлар – Қазақстан халықтарының бір бөлігіміз! – деп «Эльбрус» кабардин-балкар және қарашай-черкес ұлттық-мәдени орталығының төрайымы М.Байрамкулова қуанышымен бөлісті.
Ұлттық-мәдени орталықтың белсенді қызмет еткен мүшелері де назардан тыс қалмады. Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, армян ұлттық-мәдени орталығының төрағасы К.Бадоян А.Нигматова мен О.Толбаеваны Алғыс хаттармен марапаттап, алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тіледі.
Корей мәдениеті күні
Жексенбі күні қалалық демалыс және мәдениет саябағында облыстық корей ұлттық-мәдени бірлестігі корей мәдениеті күнін атап өтті.
1990 жылы ашылған корей ұлттық орталығы осы жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтпекші. 20 жылдың ішінде ұлттық мәдениетті, тілді дамыту, жаңғырту жолында орталық мүшелері жемісті еңбек етіп келеді.
Шара барысында корей ұлттық-мәдени орталығында қажымас қайраттылық және еңбектерімен көріне білген өкілдер Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының хатшысы Ю.Сильчук В.Ким мен А.Хонды Алғыс хаттармен марапаттады.
М.Қожахметов, А.Әбдікәрімов сынды өнерпаздар Астана қаласына арнаған әндерін шырқаса, «Арирам» вокалдық тобы мен «Наби» балалар вокалдық тобы корей тілінде ән айтып мерекенің сәнін келтірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

