Кеше Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы болып өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» тақырыбында ұйымдастырылған сессия жұмысына облыс әкімі, облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысып, баяндама жасады.
Алқалы жиынға облысымыздағы барлық этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, атқарушы билік органдарының басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аға буын ардагерлер, жастар бірлестіктерінің делегациялары қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде еліміздегі аса маңызды саяси һәм тарихи оқиға – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі баршамыз үшін мақтаныш екенін бөле-жара атап көрсетті. «Еліміз ЕҚЫҰ-ға тек төрағалық етіп қана қоймай, осынау Халықаралық беделді ұйымның он бір жыл бойы өтпеген Саммитін Астана төрінде ұтымды әрі мәңгілік есте қалаларлықтай деңгейде ұйымдастыра білді. Бұл – посткеңестік кеңістікті айтпағанның өзінде, тұтастай Азия құрлығында бұрын-соңды болмаған аса ірі оқиға, тамаша мүмкіндік, іргелі жеңіс! Бұл – Тұңғыш Президентіміз, Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік аренадағы биік беделінің арқасында қол жеткізілген аса ірі тарихи жетістік!» - деп атап өтті облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, аймақ басшысы еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірліктің өзгелерге үлгі боларлық жағымды үрдістеріне кеңінен тоқталды.
Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің жарқын сипаты, бұл ретте Ассамблеяның атқарып отырған орасан зор қызметі мен ықпалы туралы сессияда баяндама жасаушылар жан-жақты тілге тиек етті.
Өз тілшіміз.

