сессияға қатысушылар осылай деп атап көрсетті
Өткен аптада Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімі, облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысып, баяндама жасады. Сондай-ақ алқалы жиынға аймағымыздағы барлық этно-мәдени бірлестіктердің, атқарушы билік органдарының басшылары, аға буын ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Сессия «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» тақырыбында ұйымдастырылды. Шара барысында сөз алған облыс әкімі сонау қиын-қыстау кезеңдерде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған талай ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне пана болып, ешкімді өзектен теппей, алдындағы асымен, қолдағы барымен бөліскен қазақ халқының қонақжайлылығы, өрелі ұстанымдарының арқасында біздің елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық және дінаралық татулық салтанат құрып отырғандығын атап өтті. Бүгінде елімізді қоныс еткен әрбір ұлт өкілі Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне, әлемдік кеңістікте жарқырап көрінуіне өзіндік үлес қосып, егемен елдің жеткен жетістіктеріне мақтанып, бағындырған белестеріне марқайып отыр, деді аймақ басшысы. «Осынау қысқа уақыттың ішінде жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерінің арқасында биыл тәуелсіз мемлекетіміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Және тек төрағалық етіп қана қоймай, осынау Халықаралық беделді ұйымның он бір жыл бойы өтпеген Саммитін Астана төрінде ұтымды әрі мәңгілік есте қалаларлықтай деңгейде ұйымдастыра білді. Бұл – посткеңестік кеңістікті айтпағанның өзінде, тұтастай Азия құрлығында бұрын-соңды болмаған аса ірі оқиға, тамаша мүмкіндік, іргелі жеңіс! Бұл – Тұңғыш Президентіміз, Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік аренадағы биік беделінің арқасында қол жеткізілген аса ірі тарихи жетістік! Қазақстан мемлекеті жаңа мыңжылдықта тұңғыш болып әлемдік ауқымдағы шараны - Ұйымға Төрағалық пен Астана Саммитін жоғары деңгейде жүзеге асырды», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Онымен қоса, аймақ басшысы Елбасының идеясымен дүниеге келген бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіне, оның маңыздылығына ерекше тоқталды. Өзінің он бес жылдық тарихында Ассамблея тарихи қажеттілігін, өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдей білді.
Өз баяндамасында облыс әкімі Б.Сағынтаев ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы ХVІ сессиясында ұлттық бірлігімізді нығайтып, дамытуға қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру бағыттарына тоқталды. «Біріншіден, бұл – Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы. Аталмыш айтулы оқиға барша қазақстандықтар, өзінің ішкі, сыртқы саясатын дербес түрде анықтай білетін мемлекет үшін ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталғандығының нышаны. Оны атап өтуге деген негізгі бағыттар қазірдің өзінде анықталып, аймағымыз бойынша дайындықтар басталып та кетті. Екіншіден, елімізде тұрып жатқан әрбір азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі болашақта басты әрі маңызды міндет болып қала бермек. Бұл ретте, нақ осы Ассамблея ұйымы қозғаушы күшке айналуы қажет. Елбасы атап өткендей, елімізде қолға алынып жатқан тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын дамытуға аталмыш құрылым өкілдері белсене қатысуы тиіс», - деді аймақ басшысы. Сондай-ақ Бақытжан Әбдірұлы атап өткен негізгі бағыттардың қатарында этника және конфессияаралық келісім мен ынтымақтастықтың қазақстандық үлгісін әлемге паш ету ісі де бар. Бұл да Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында Елбасының ұсынған негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Алқалы жиын барысында сөз алған баяндамашылар Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің жарқын сипатына Ассамблеяның атқарып отырған орасан зор қызметі мен ықпалына ерекше тоқталды. Және аталмыш ұйым жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты өз ұсыныс, тілектерін білдірді.
Михаил ПАРИПСА, Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы:
- Бүгінгі сессия жұмысының еліміз үшін ұлы мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырғаны үлкен маңызға ие. Осыдан жиырма жыл бұрын біреу бізге мемлекетіміздің атақ-даңқы осынау қысқа уақыттың ішінде әлемге әйгілі болады десе, сенбес едік. Бұл күн тек тәтті армандарда ғана болады деп ойлағанбыз. Бүгінде, міне, сол арманымыз орындалып отыр. Отанымыздың еңсесін тіктеп, биік белестерді бағындыруына Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып отырған үлесі зор деп білем. Аталмыш құрылым Қазақстанның халықаралық аренадағы өзіндік нышанына айналды. Мұны жақында ғана Елорда төрінде өткен мәні мен маңызы келіскен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушы мемлекеттер өкілдері де ерекше атап өтті. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының, қамқорлығының арқасы. Біз, түрлі ұлт, этнос өкілдері, өзімізді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде есептейміз. Өз тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұл ретте, мемлекеттік тілге деген ықыласымыз ерекше. Барлығымыз бірден қазақ тілінде сөйлеп кетпесек те, мемлекеттік тілді насихаттап, дамыту, үйрену бағытында тұрақты түрде жұмыс істеудеміз. Мемлекеттің, жергілікті жерлердегі атқарушы билік өкілдерінің орасан зор қолдауының арқасында Ассамблея мәртебесі күннен-күнге артып отыр. Оның қызметі өзге мемлекеттерге үлгі боларлықтай деңгейде.
Карлен ГРИГОРЯН, Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының және аталмыш ұйым жанынан құрылған «Ақсақалдар алқасының» мүшесі, армян ұлттық-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- Еліміз Тәуелсіздік жылдары дамудың барлық салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алдымен экономика, одан кейін саясат ұстанымының арқасында жүзеге асырылған талай табысты істердің куәсі болдық. Осыншалықты қысқа уақыттың ішінде Азия құрлығындағы аты шартарапқа жайылған, әркім санасатын беделі биік мемлекетке айналдық. Өз дамуымызда біз уақыттан озып отырмыз десек те болады. Себебі әлемдік тарихта ешбір ел мұндай игі өзгерісті, қарқынды дамуды бастарынан кешкен емес. Бұл жетістіктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Біз, Қазақстан халқы, Ұлт көшбасшысы ретінде ел Президентіне жан-жақты қолдау көрсеткеніміз дұрыс.
Естеріңізде болса, облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жылғы сессиясында ақсақалдар алқасы құрылған болатын. Оның құрамына әрбір этно-мәдени бірлестікте үлкен беделге ие он тоғыз ақсақал енген еді. Сол кезден бері аталмыш ақсақалдар кеңесі көптеген игі шараларды ұйымдастырды. Әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да үлкен қарқынмен атқарылатындығын атап өткім келеді.
Тағдырдың жазуымен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері басынан талай қиын-қыстау кезеңдерді өткерді. Қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында біздің ұрпақтарымыз бейбіт өмір сүруде.
Лидия ЖЕВНЯК, Железинка ауданы, Жаңақұрылыс ауылдық мектебінің ұстазы, облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының белсенді мүшесі:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілге ерекше тоқталған еді. Сондықтан, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілі, қазақ тілінің жанашыры ретінде мен де өз баяндамамда еліміздегі тіл саясатына айрықша мән беруді жөн көріп отырмын. Өкінішке қарай, халқымыз басынан кешкен сонау қиын-қыстау кезеңдерде тіл тағдыры қыл үстінде тұрған шақ тарих қойнауына кетсе де, мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты кейбір мәселелер әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Бүгінде оның мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған көптеген шаралар атқарылуда. Ресми іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, орта, жоғары оқу орындарында қазақ тілін меңгеру сияқты игі жұмыстар қолға алынғаны рас. Бірақ, мемлекеттік тілді үйрету ісі әлі де болсын өз деңгейінде емес. Мысалы, алысқа бармай-ақ, өзім қызмет етіп отырған мектепті алсам. Дәлірек айтқанда, әңгіме мен сабақ беретін орыс тілді сыныптар жайында болмақ. Ол сыныптарда білім алатын оқушылар қазақ тілін оқуға құлықсыз. Оған деген қажеттілік жоқ деп есептейді. Себебі мектеп бітірер шақта тапсырылатын ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) қазақ тілінің балдары есепке алынбайды. Тағы бір атап өтерлігі, мемлекеттік тілді үйрену үшін жастарға қазақ тілді ортаның болуы маңызды. Сондықтан аймағымызда ұлттық бағытта жұмыс істейтін, тікелей қазақ тілін насихаттауға, үйретуге бағытталған жастар бірлестіктерін, үйірмелерді көптеп ашу керек. Мұндай жұмыстар ауылдық жерлерге де өте қажет.
Шәміл ҚАДЫРОВ, Екібастұз қалалық татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- Қазақстанның барлық азаматтары ұлтына, дініне қарамастан бірдей құқыққа ие. Бүгінде елімізде орын алып отырған тыныштық пен бірлік, ынтымақтастық пен татулықтың қаншалықты маңызға ие екендігін түсінеміз. Ұлтаралық бірлікке біздің де, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының, қосып отырған үлесі зор деп білем. Жалпы, қоғамның да алар орны ерекше.
Бүгінде Екібастұз қаласында сексеннен астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір кешуде. Сондықтан қалада ұлтаралық келісім мәселелеріне көп мән беріледі. Орасан зор қолдауға иеміз. Өз кезегінде этно-мәдени бірлестіктер де қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда, мемлекеттік тілдің мәртебесін асыруда көптеген шараларды атқарып келеді. Болашақта да атқара бермек. Әсіресе жастар қауымына ерекше назар аударылады. Екібастұз - аймағымыздағы ірі өндіріс орындары шоғырланған қала екендігі белгілі. Еліміздің экономикалық дамуына зор үлесін қосып отырған зауыттарда, кәсіпорындарда бір атаның баласындай көптеген ұлт өкілдері жұмыс істеуде. Біз ешқашан бір-бірімізді бөле-жарған емеспіз. Себебі біз - бірлігі жарасқан берік іргелі елдің азаматтарымыз. Біз – Қазақстандықтармыз!
Александр ВЕРВЕКИН, «Возрождение» неміс қауымдастығы жастар қанатының көшбасшысы, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі:
- Астана төрінде өткен ЕҚЫҰ Саммиті еліміздің әлем бойынша саяси имиджіне оң нәтиже бергені сөзсіз. Аталмыш тарихи оқиға мемлекетіміздің болашақта әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен септігін тигізері сөзсіз. Бұл бүгінгі жас ұрпақ үшін аса маңызды. Осы ретте, елімізде ғылым-білімге баса назар аударылмақ. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында Елордадағы «Назарбаев университетіндегі» дәрісінде ерекше атап өтті. Себебі ортақ Отанымыздың болашағы - нақ осы білімді, ұлтжанды жастар қолында. Біз, жастар, еліміздің ұлтаралық бірлік, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларын қашанда жоғары бағалаймыз және қолдаймыз.
Меніңше, мемлекеттің түрлі салалар бойынша жүргізіп отырған саясатын ел арасында насихаттау, жүзеге асыру жұмыстарына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүмкіндіктерін толық пайдалану керек. Сондай-ақ Ассамблея жұмысының тәжірибесін шетелге насихаттауға көңіл бөлінуі тиіс.
Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясына қатысқан баяндамашылардың пікірі осылай өрілді. Ал олардың өз баяндамаларында тілге тиек еткен барлық ұсыныс-тілектері ескерілетін болады, деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Бір атап өтерлігі, сессия отырысына Омбы облысындағы «Мөлдір» қазақ мәдениетінің Сібір орталығы өкілдері де қатысты. Көршілес елде қазақ халқының тілін, ділін, салт-дәстүрін дамытып, насихаттап келе жатқан қандастарымыздың атынан облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы басшылығына өтініш хат келіп түскен. Онда аталмыш «Мөлдір» қазақ мәдениетінің орталығы келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай Омбы облысында тұратын қазақтардың басын қосатын ауқымды мерейтойлық шараға әзірлік жасап жатқандығы айтылады. Осы орайда олар аталмыш шараны ұйымдастыру жұмыстарына көмек көрсетуді сұраған. Өтініштерін ескере отырып, облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Идият Әбдіқалықов омбылық «Мөлдір» қазақ мәдениеті орталығының төрағасы Алтынай Жүнісоваға арнайы сертификат табыс етті. Оған сәйкес Ассамблея мерейтойға қажетті киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық бұйымдары сынды басқа да қажетті құрал- жабдықтарды сыйға тартып отыр.
Шара соңында қатысушылар Павлодар облысының тұрғындарына арналған сессияның қорытынды құжатын бірауыздан қабылдады. Олар барлық жиналғандарды келесі жылы аталып өтілетін айтулы оқиға - Тәуелсіздіктің 20 жылдығына атсалысуға шақырды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.



