«Достық үйінде» ұлттық жаңғыру мектебі оқушыларының қатысуымен славян халқының Масленица мерекесі аталып өтті. Масленица – славяндар үшін ортақ мереке. Қаһарлы қысты шығарып салып, шуақты көктемді қарсы алуға арналған бұл мейрам мән-мағынасы жағынан шығыстың Наурыз мерекесімен ұқсас келеді. Бұл кезде адамдар бірін-бірі құттықтап, өкпелерін ұмытады, көктемгі егіске дайындық жұмыстарын бастайды. Тағы бір айта кететін жайт, Мереке күндері барша славяндықтар қыспен қоштасу нышаны ретінде қамыстан жасалған қуыршақты жағып жіберу дәстүрін орындайды. Іс-шараға қатысқан украин, белорус, армян, болгар, поляк, чуваш және орыс мәдениеттану орталығының тәрбиеленушілері осы салт-жораны да назардан тыс қалдырмады. Олар сондай-ақ дәстүрлі мерекенің тарихымен танысып, көңілді ойындар мен сайыстарға қатысты. Славян халықтары арасында «Масленицада көңіл көтермесең, өмірің қиындықпен өтеді» деген сенім қалыптасқан. Сондықтан, аталмыш дүбірлі мейрамды әр түрлі ойындар, көңілді ән-бимен өткізу – басты шарттардың біріне айналған. Ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары туған тілдерінде, қазақ және орыс тілдерінде де тамылжыта ән айтып, билер орындады. Осы мерекенің басты нышандарының бірі – жұқа құймақ мерекелік дастарханның сәніне айналды.
Ұйымдастырушылар осындай шараларды өткізу арқылы жастар өзге халықтардың салт-дәстүрін біліп, басқа ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиеленетінін айтады.
А.ӘДІЛБЕК.

