«Достық үйінде» «Үш буын ұрпақтарының көзқарасы» атты кеш өтті
«Ұлтаралық келісім - бұл кез келген мемлекет пен халықтың жүйке жүйесі сияқты. Біздің барлық жетістіктеріміз - бейбітшілік пен келісім арқасында орнығып отыр. Бейбітшілік пен келісім - бұл жай оқиға ғана емес. Біздің тәуелсіздік жылдары атқарған істеріміз - бұл еліміз бен қоғамымыздың үлкен еңбегі. Бұл - біздің жетістігіміз, біз оны сақтауымыз керек».
ҚР Президенті Н.Назарбаев.
Осыдан 20 жыл бұрын еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егеменді мемлекет негізін қалаған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Заңға қол қойды. Екі онжылдық көлемінде Қазақстан атты жас мемлекет әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестіріп, дүние жүзіне жар салды. Сөйтіп, төрткүл әлем керегесі кең, шаңырағы биік елге көз тікті. Қаржылық, саяси және әлеуметтік салалардағы реформаларды табысты жүзеге асыра білген Қазақстанымыз халықаралық аренада өзін сенімді, тұрақты серіктес ретінде танытты. Өмірлік маңызы бар міндеттерді жүзеге асыру үшін күш біріктіруге бағытталған жұмыстар мемлекетіміздің одан әрі гүлденуіне, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына енуіне әсер етті.
Тәуелсіздік құсы басымызға қонғаннан-ақ ел аумағында мекен ететін жүз отыздан астам ұлт өкілдері арасында бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты сақтау негізгі жетістігімізге айналды. Тарих тоғыстырған түрлі ұлт пен ұлыстар өзара тату-тәтті өмір сүріп, бірлікті ту етіп көтеруі барша мемлекеттерге үлгі болғаны анық. Осыдан тура 16 жыл бұрын Қазақстанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген ұлтаралық келісім кепілі болатын жаңа институт құрылды. Мемлекет халқы ұлттық жаңғыруға, рухани бостандық пен экономикалық жағынан өсуге деген ниетін заңды түрде белгіледі. Бүгінгі күнді қарасақ, еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір сүруде. Олардың барлығы елдігімізді нығайту мен мемлекетімізді дамытуға бір адамдай атсалысуда.
2011 жыл - Қазақстан халқының дамуы мен гүлдену тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын жылдардың бірі екені сөзсіз. Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтеді. Аймағымыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі - шаһарымыздағы «Достық үйінде» өткен «Үш буын ұрпақтарының көзқарасы» атты кеш.
Аталмыш мекеме басшысының орынбасары Александра Мурзинаның айтуынша, «Үш буын ұрпақтарының көзқарасы» атты кездесу «Достық үйінде» ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылатын шаралар циклын ашып отыр. Шараны өткізудегі негізгі мақсат - Тәуелсіздік жылдарының куәгерлері атанған үш ұрпақты біріктіру арқылы өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болып табылады.
Маңызды да мағыналы шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының этно-мәдени бірлестіктері, жастар қанатының өкілдері және «Достық үйінің» қызметкерлері қатысты. Жиналған қауым әр саладағы дамуының нақты бағдарын айшықтаған мемлекетіміздің тарихы жайлы сыр шертетін деректі фильмді тамашалады. Содан кейін аға, орта және жас буын өкілдері диалог алаңында тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер төңірегінде әңгіме өрбітіп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Қазақстанның жаңа өмірге қадам басып, даму жолында ел азаматтарының атқарған еңбегі зор екені анық. Әңгіме барысында үш ұрпақ өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ойларындағысын бүгіп қалмады. Екі дәуірде, кеңестік заман мен егемендік кезеңде өмір сүрген ағалар мен апалар жастарға деген ыстық ілтипаттарын білдіре отырып, әрдайым көмекке келетіндерін жеткізді. Ал Тәуелсіздігіміздің таза ауасымен тыныстап өскен жастар болса, мемлекеттіміздің дамуына бар күш-жігерлерін салып еңбек ететіндерін айтты.
Майя ХАМЗИНА, Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы облыстық филиалының белсенді мүшесі:
- Тоқсаныншы жылдар әлі есімде. Сол кезеңде ел азаматтары әлеуметтік күйзеліс, экономикалық дағдарыс сынды қиындықты бастан өткерді. Десек те, ат үстіндегі ағаларымыз бір жұдырықтай жиналып, келер ұрпақ, мемлекет болашағы үшін аянбай еңбек етті. Халықтың хал-ахуалын, әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, елдігіміз бен егемендігімізді нығайту жолында ауқымды істер атқарды. Бүгін ше? Тілегі ортақ, мақсаты бір дархан ел халқы бір шаңырақ астында ұйысып, тату өмір сүруде. Менің ойымша, бұл - ең басты жетістігіміз бен баға жетпес байлығымыз. Бұл жылдары төл тарихымыз, салт-санамыз өркендеді. Біз, аға ұрпақ өкілдері, өмірден жинақтаған тәжірибемізді жас ұрпаққа жеткізе алатынымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз. Асыл қазына - тілімізді дәріптейміз, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, өскелең ұрпақты ұлттық тәрбие негіздерімен сусындатамыз. Сондықтан, ел мұраты, халық мүддесін көздеген азаматтық істе жастарымыз бірлесе жұмыс істегені құп. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, ел жастары бір адамдай жұмылып еңбек етсе, еліміздің болашағы үшін алаңдамаймыз!
Василий РАК, «Беларусь» этно-мәдени бірлестігінің ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы:
- Өз заманымызда жаман өмір сүрдік деп айта алмаймын. Кеңес Одағы тұсында сапалы білім алып, өмір тәжірибесінің үлкен мектебінен өттік. Бойымызға сіңірген тәжірибені бүгін, міне, жастарға да жеткізу мүмкіндігіне иеміз. Жас ұрпақ өкілдеріне сенім арту, оларға шын көңілмен моральдық-материалдық қамқорлық жасау - ерен елдің ертеңгі күнін, нұрлы болашағамызды терең ойлау деген сөз. Сондықтан, біз - ақсақалдар, бүгінгі азамат жастарға әкелік қамқорлық пен аналық жылулықты сыйлауды басты қағидамыз деп білуіміз керек. Жастарды тек жақсылыққа баулып, бауырға тарта отырып, олардың бойларындағы күш-қуатты өшіріп алмауымыз қажет. Өз кезегімде ақсақалдар алдында әлі де болса ұлы міндеттерді атқару жұмыстары бар екенін айтқым келеді.
Минир ГАЛЕЕВ, ҚХА Павлодар облыстық филиалының «Ақсақалдар алқасы» ардагерлер кеңесі, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- 20 жылдыққа аяқ басып отырған ел тәуелсіздігінің халқымызға, ұлтымызға берген игілігі өте көп. Осы уақыт аралығында болашаққа қанат қаққан мемлекетіміздің қарқынды дамуының куәгері атандық. Бұл жиырма жыл мемлекетте тұрып жатқан тілегі бір ұлт өкілдеріне берген игі нәтижелері туралы айтпаса да түсінікті.
Ел ертеңі - жастар. Бүгінгі мектептегі оқушы ертең алдыңғы шепте жүріп, ел басқаратын азаматтардың бірі болары анық. Жастарымыз біліммен қаруланған, адамгершілігі мол, тәрбиелі болып өссе, ел болашағы жарқын болары сөзсіз. Ал оларды дұрыс көзқараста тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттау – біздің ең басты миссиямыз.
Дамира БАГАУТДИНОВА, татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесі:
- ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған шараға жас ұрпақ өкілі атынан қатысқаныма қуаныштымын. Мен - Тәуелсіздіктің түйдей құрдасымын! 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарық дүние есігін аштым. Дүниеге келген жас сәбидей Қазақстан деген мемлекетпен бірге бой көтеріп, өсіп-өркендедім, дамыдым. Аға ұрпақ өкілдерімен кездесу барысында жастардың ел дамуына қосқан үлесі, олардың біз үшін атқаратын ролі жайында сөз қозғадым.
Жастар мен аға ұрпақты біріктіретін ұлы ұғымдардың негізі – Тәуелсіз Қазақстан екені анық. Ортақ мақсат-міндетіміз – ел болашағын жарқын етуге бар күш-жігерімізді салып, оның өркендеуіне атсалысу. Сол себепті, ата-апаларымыздың өмірлік тәжірибесі мен тәрбиелі тағылымы біз үшін өте маңызды.
А.ЕСІМХАНОВА.

