«Бірлік бар жерде тірлік бар» қағидасын берік ұстанған егемен елімізде ұлттар достығына ерекше мән беріліп келеді. Тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі бір өзге ұлт өкілдеріне деген шынайы құрметке екібастұздықтар да бөленуде. Онда осыдан сегіз жыл бұрын ашылған Достық үйі бүгінде шаһардағы барлық ұлттың баласына ортақ қызмет көрсетіп, ынтымақ мекеніне айналып отыр.
Қазіргі күні кеншілер қаласындағы Достық үйінде тоғыз этно-мәдени бірлестік бар. Мұндағы әр ұлт өзінің өнерін, мәдениеті мен әдебиетін жаңғырту жолында тынымсыз еңбек етуде. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, былтырғы жылы жергілікті бюджеттен 3 миллионнан астам теңге көлемінде қаржы бөлініп, оған ұлттық киімдер тігіліп, өзге де қажетті дүниелер сатып алынған.
Екібастұз қалалық Достық үйінің директоры Людмила Макарчуктың айтуынша, осындағы барлық ұлт өкілдері шаһардағы мерекелік іс-шараларға белсенді қатысып тұрады.
Тоғыз бірлестікте де әр ұлттың өзіне тән мерекелері тойланып, түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, славяндардың «Братство» этно-мәдени бірлестігінің мүшелері жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндері» шарасының мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосса, немістердің «Возрождение» бірлестігінің мұрындық болуымен неміс тілін үйренушілерге әдістемелік көмек көрсетілуде. Халық ең көп келетін татар-башқұрттардың «Шатлық» бірлестігінде де игі істер жалғасын табуда. Айталық, татарлар мен башқұрттардың «Сабантой» ұлттық мерекесі жоғары деңгейде аталып, көпшілікке арналған ойын-сауық кештері жиі өтуде. Шешен-ингуштардың «Вайнах» және әзірбайжандардың «Әзірбайжан» бірлестіктерінде де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ал поляктардың «Полония» бірлестігінде жастардың жаңа вокалдық тобы мен балалар ансамблі құрылып, қала тұрғындарын поляк халқының ұлттық өнерімен сусындатуда. Украиндардың «Світанок» бірлестігінің жанында «Дударики» балалар ансамблі мен «Світанок» хоры табысты жұмыс істеуде. Кәрістердің «Чосон» және еврейлердің «Беяхат» бірлестіктері де өз мәдениетін дамытып, елдегі ұлтаралық татулықтың сақталуына ұйытқы болуда. Сонымен қатар, Достық үйінде қалалық мұсылман әйелдер лигасы да жұмыс істейді. Аталмыш лиганың құрамындағы ақ жаулықты аналар ауыл-аймақтарды аралап, жас буынға қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін дәріптейді. Олардың мұрындық болуымен әр тоқсан сайын екібастұздықтар үшін рухани құндылықтарды насихаттайтын «Назерке» телеклубы эфирге шығады. «Қымызмұрындық», «Наурыз», өзге де ұлттық мерекелердің көпшілігі лига мүшелерінің ұйымдастыруымен тойлануда.
Екібастұздықтар үшін үлкен мәнге ие Достық үйіне бүгінгі күні екі мыңнан астам түрлі ұлт өкілдері тұрақты келіп, бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс жасап тұрады екен. Атап өтерлігі, мұнда келушілердің басым бөлігі - жастар. «Біздің жастарымыз қала және облыс көлемінде өткізілген шаралардың барлығына қызығушылықпен қатысады. Олардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін дөңгелек үстел отырыстары, өнер кештері мен табиғат аясына саяхат жасау сынды шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Сол арқылы әр ұлттың жастары бірін-бірі танып-біліп, достық қарым-қатынастарын нығайтуларына ықпал етеміз», - дейді аталмыш мекеменің директоры Л.Макарчук.
Жалпы, Достық үйінде бұдан басқа да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы мекеме әдіскері Салтанат Ажырованың айтуынша, мұнда тілдерді дамыту мен қолдану, жастарды тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс жүргізу бағытында да көптеген игі істер қолға алынуда. Алайда, Достық үйінінің ұжымы үшін әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Ол - жеке ғимараттың болмауы және қосымша бөлмелердің жетіспеуі. Этно-мәдени бірлестік өкілдері мекеме ішіндегі концерт залы небары 76 орынға лайықталғандықтан, үлкен концерттік бағдарламалар ұйымдастыруға мүмкіндік жоғын алға тартады. Десе де, «көңіл сыйса, бәрі сыяды» демекші, дәл қазір Достық үйінің төрінде түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі жарасып, тату-тәтті өз істерімен айналысуда. Тұрақтылық пен бейбітшілікті ту еткен көпұлтты еліміз үшін ең маңыздысы да осы.
Н.ШОДЫР.

