Көгілдір көктемнің лебімен нұрланған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміз үшін зор маңызға ие. Осы күнге байланысты облысымызда мерекелік шаралар кең көлемде өтті. Негізгі шара қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды. Биыл аталмыш мереке ауқымы ұйымдастырылуы тұрғысынан ерекшелікке толы болды. Мыңдаған адам қатысқан салтанатты шерумен басталып, соңы халықтық мерекелеуге ұласты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясында ел алдына қойған стратегиялық мақсаттарына сәйкес, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай 1 мамыр мерекесін ерекше атап өтуді тапсырған болатын. Соның нәтижесінде бұл мерекеге биыл ерекше мән берілді.
Салтанатты шеруге өздерінің ұлттық киімдерін киген этно-мәдени орталықтардың өкілдері, қаланың бірқатар кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, бес мыңға жуық жастар қауымы, жиырма жасқа толған тәуелсіздік құрдастары жиналды. Көкірекке ізгі қасиеттерді жиған ұл-қыздарымыз - тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы. «Бірлік!», «Татулық!», «Ынтымақтастық!» деп ұрандатқан жастар бейбітшіліктің нышаны ретінде, аспанымыз әрқашан ашық болсын деген ниетпен әуе шарларын ұшырды.
Бұдан кейін орталық алаң төріне тігілген бас сахнада «Ұлт достығы мызғымас!» атты этно-мәдени бірлестіктердің мерекелік бағдарламасы ұсынылды. Ұлт өкілдері жұртшылыққа өздерінің асқақ өнерін арнап, көңілді шалқытып, тойды ән-думанға бөледі. Облысымызды мекендеген жүздеген ұлттардың мәдениеті бір сахна төрінде тоғысты. Мызғымас ұлт достығының бір көрінісі де осы болса керек.
Шараға қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев еліміздегі оң өзгерістер мен қол жеткен барлық табыстардың қазыналы өңірді мекендеп отырған этностардың өзара бірлігінен, татулығынан тамыр тартатынын атап өтті. Бұған экономиканың серпінді дамуы, сондай-ақ, Елбасының этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты ықпал етуде. «Бүгінде барша әлем Қазақстанға қызыға қарайды. Біздегі татулық пен ынтымақтастықтың беріктігі талайға үлгі боларлық. Халқымыз қашан да бір мақсат жолында жұмылып еңбек етуге әзір. Оны бүгінгі мерекелік шарадан да байқауға болады әрбір отбасындағы татулықтан басталады. Ендеше, ынтымағымыз нығая берсін!», - деді аймақ басшысы.
Жерлестерінің мерекелік көңіл-күйін бөлісу үшін аймағымызға ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Бобров келді. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында тойланып жатқан Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінің мән-маңызын атап өткен ол павлодарлықтарға өзінің құттықтау сөзін жеткізді. «Бүгінгі кең ауқымда ұйымдастырылған шараны көріп тұрып, сонау жастық кезіміздегі бірінші мамыр күні болатын шерулер есіме түсті. Бұл ескі дәстүрдің жаңғыруы десе де болады. Жерлестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бақыт, зор қуаныш тілеймін!», - деді депутат.
Облыс әкімі көпшілікпен бірге орталық алаңда орналасқан қосалқы сахнадағы мерекелік концертті тамашалады. - «Қазақстан - шын мәнінде халық достығының, этносаралық татулықтың жерұйығы. Мұндай береке-бірліктің айқын көріністері біздің облыста да жетерлік. Елімізді мекендеген этностарды алаламай, бәріне бірдей жағдай туғызып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс! Сондай-ақ облыс басшылығына да ризашылығымды білдіргім келеді. Түрлі ұлт өкілдеріне деген көмек, қолдаудың арқасында татулықта, өзара сыйластықта тұрып жатқан этностардың Қазақстанды Отаным деп санайтыны да сондықтан», - дейді облыстық казак этно-мәдени бірлестігінің өкілі Мария Петрова.
Орталық алаңға жиналған жұртшылық өздерінің көңілдеріне ұнайтын шараларды тамашалауға мүмкіндік алды. Мұнда концерттік бағдарламадан басқа, түрлі спорттық сайыстар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Күн ұясына батар шақта жастар қауымына арналған мерекелік би кеші өтті. Шарада Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жастар бүгінде республикаға Айлан есімімен танылып жүрген жерлес әнші Әсем Жәкетаеваның өнеріне ерекше ықылас білдірді.
Мереке күні облыс орталығының әр бөлігінде шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, Конституция алаңы, Суворов көшесі бойындағы ардагерлер үйі, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының, сондай-ақ мектептер мен басқа да мекемелердің маңы ән мен күйге бөленді. Жалпы, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облысымыздың қалалары мен аудандарында, жүз елуге жуық елді мекенде мерекелік шаралар өтті. Аймағымыздың әр түкпірінде мыңдаған павлодарлықтар халықтық мерекелеуде бас қосты.
Достықтың дархан ұясы
Береке мен бірлік мерекесі аймағымыздағы түрлі ұлт өкілдерінің ортақ шаңырағына айналған «Достық үйінде» де аталып өтті. Алуан түстермен көмкерілген салтанатта сан түрлі халық өкілдерінің ұлттық киімдері мерекеге одан сайын әр бере түсті. «Бірліктің басы - достық» атты бағдарламада этно-мәдени бірлестіктердің өнерпаздары сахна төрінде ән мен жырдан шашу шашып, көрермендер қошеметіне бөленді.
Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы аппаратының меңгерушісі Сейсембей Жетпісбаев дүбірлі тойға жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады. «Кең-байтақ еліміздің болашағы нұрлы болып, ортақ Отанымызда бірлік пен ынтымақ жарасымы жалғасын таба берсін! Жасампаздық пен бейбітшіліктің жиырма жылында қол жеткізген жемісті жетістіктеріміз толастамасын», - деді ол.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, елімізде салтанат құрған ынтымақ, достық, бейбіт өмірдің нышаны болып саналатын аталмыш мереке мұнда да жаңа сипатта өтті. Түрлі ұлыстар мен ұлттарға құшағын кең жайған мемлекетіміздің басты салтанаты игілікті қуаныштарды паш етумен басталды. Этно-мәдени бірлестіктер өкілдерінің салт-дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жалпақ жұртқа әр ұлттың мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін қолөнер бұйымдары таныстырылды. Ертістің Павлодар өңірі көптеген ұлттар мен ұлыстардың құтты қонысына айналған. Людмила Лопатюк – «Беларусь» этно-мәдени бірлестігінің өкілі. Бұл мерекеде ол беларус халқының қолөнер бұйымдарының көрмесіне қатысып отыр. Көрмеге шебер қолынан туған көздің жауын алар әсем бұйымдар қойылған. «Қолөнерді серік еткеніме 18 жыл болды. Бұл көрмеге Беларуссиядан арнайы әкелінген қамыс және зығырдан жасалған бұйымдарды ұсындым. Өзіміздің бірлестікте беларус халқының төл мәдениетін жаңғыртумен қатар қолөнерді де дамытуға айрықша ден қойылған», - дейді ол.
Күштілер бақ сынады
Павлодар қаласының орталық алаңы және жағажайда мерекеге қатысушы көпшілікті молынан қамтыған түрлі спорттық, дене шынықтыру шаралары ұйымдастырылды. Көпшіліктің қатысуымен төменгі жағажайда мерекелік жүгіріс өтті. Бұдан соң орталық алаңның арнайы орындарында, Усолка, Саяжай шағын аудандары және қаладағы басқа да мектептердің спорт алаңдарында баскетбол, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, гір көтеруден сайыстар өтті. Спорттық шараларға тұрғындар және мектеп оқушылары белсене қатысты. Спорт сайыстарының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыс ұйымдастырушылары тарапынан марапаттарға ие болды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Ақмарал ЕСІМХАНОВА,
Жарқынбек АМАНТАЙ.
Мерекелік лебіз
Болатбек ОРУЗБАЕВ,
облыстық «Қырғызстан» қырғыз этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
- Қазақстан жеріндегі ұлтаралық келісім, достық пен бейбітшілік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан сындарлы саясатының арқасында қол жеткізген басты табысымыз екені сөзсіз. Сондықтан, көпұлтты Қазақстан халқы үшін бейбітшіліктің мәні мен маңызы өте жоғары. Бұл - біздің басты байлығымыз, жарқын болашаққа апарар даңғыл жолымыз. Қоғамымыздағы азаматтық ынтымақтастық, ішкі саяси тұрақтылығымыздың белгісі болып табылатын халқымыздың біртұтастығы мен мызғымас бірлігі дами берсін. Болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болғай. Татулық мерекесі баршамызға жақсы көңіл-күй, күш-қуат әкелсін. Әр шаңыраққа береке-бірлік, шаттық тілеймін.
Бұлғын ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,
облыстық педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтының директоры:
- Жыл сайын мамыражай мамыр айы еліміз үшін айтулы, жүрекке жылы тиетін мерекемен басталады. Ол - Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы жарасқан күн. Бүкіл әлем алдында біз елімізде тұрып жатқан жүз жиырмадан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігін, туысқандық ниетін мақтан етеміз. Халықтар арасындағы ыстық ықылас, бір-біріне деген құрмет мәңгі ортаймасын деген тілекпен аталмыш күнді асыға күтеміз. Қашан да татулықты ту еткен халқымыздың күш-қуаты бірлік арқылы танылып отыр. Ендеше, ынтымағымыз арта берсін!
Джафар МАХМУДОВ,
«Ватан» әзірбайжан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- 1 мамыр - баршамыз үшін ұлы мереке. Көгілдір көктеммен жететін бұл мереке Елбасымыз атап көрсеткендей, еліміздегі ең басты мейрам болып табылады. Мемлекет басшысы жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясында өркендеудің жалғыз жолы халықтың топтасуы болып табылатынына ерекше тоқталды. Жүзі басқа, тілегі бір ұлт өкілдерінің туған жеріне айналған мемлекетіміздегі этносаралық, конфессияаралық татулық пен келісімді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан игі бастамалар жемісті болсын. Бірлігіміз мәңгілікке жасасын!

