Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында: «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағанын атап өтудің өзі қуанышты», - деген болатын. Маңызды құжатта, сондай-ақ, қоғам алдына шешімін табуы тиіс көптеген мақсат-міндеттер жүктелді. Баршамыздың алдымызда 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Елбасының бұл талаптары бірінші кезекте жастар қауымына қатысты болса керек...
Ертістің Павлодар өңіріндегі өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге ерекше құрметпен қарайтын жастар саны жетіп артылады. Олар қазақ тілін жетік меңгерумен қатар, оны қатарластары арасында насихаттап келеді. Елена мен Марина Сахаровалар қазақ тілін жақсы меңгерген. Екеуі де облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алуда. Мемлекеттік тілдің дамып, өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Сахаровалар қаймағы бұзылмаған Баянауыл ауданының Бірлік ауылында туып-өскен. «Қазақ тілін жетік меңгергеніміз – қазақы ортаның арқасы», - дейді олар.
Айта кетерлігі, Сахаровтар отбасындағы бес қыздың барлығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген, тіпті өзара қазақ тілінде сөйлеседі. Апалы-сіңлілі Марина мен Елена мемлекеттік тілдің дамуы қазіргі күннің өзекті мәселелерінің бірі деп біліп, алаңдайтындықтарын жасырмады. «Меніңше, Қазақстанда тұратын әрбір адам мемлекеттік тілге аса құрметпен қарау керек. Оны үйрену – барша қауымның міндеті. Біздің Отанымыз - Қазақстан. Өзімізді осы елдің нағыз ұлтжанды азаматтары деп есептейміз. Мақтаныш тұтамыз!» - дейді Елена.
Қыздардың сөзінше, қазақ жастарының барлығы ана тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алса, өзге ұлттың өкілдері де солардан үлгі алар еді. Сондықтан, қазақтың жігіттері мен қыздары ежелден мұра болып қалған барлық құндылықтарды одан әрі өркендетіп, оған аса жауапкершілікпен қараулары тиіс деп есептейді. Ең бастысы, мемлекеттік тілді игеру үшін ең алдымен ниет, одан кейін тілдік орта керек, - дейді олар.
Әңгімелескен – А.ЕСІМХАНОВА.

