Кең байтақ жерімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің өзара татулығы мен бірлігі баршамыз үшін зор мақтаныш екені сөзсіз. Ал ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтып, ынтымағымызды дәріптеуді барша қазақстан-дықтардың ортақ мақсат-міндеті деп білуіміз керек.
Бұл игі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Елбасының мұрындық болуымен құрылған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) қанатының астына біріккен этно-мәдени бірлестік өкілдерінің өміршең бастамалары мен аянбай атқарып жатқан еңбегін атап өткен жөн. Қазіргі таңда ұлтаралық келісімнің кемелденуі мен ұлттар арасындағы достықты нығайту жолында көптеген этно-мәдени бірлестіктер құрылып, ел дамуына тырнақалды үлестерін қосуда.
Лебяжі ауданы тұрғындарының негізгі бөлігін жергілікті тұрғындар құрағанмен, өңірді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақтармен біте қайнаса тұрып жатыр. Аудандық әкімшілік тарапынан әр ұлттың өз салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін, тілі мен дінін жаңғыртуға барынша қолдау жасалып отыр. Өзге ұлт өкілдері этно-мәдени бірлестіктерде бас қосып, жас ұрпақтың халықтық тәлім-тәрбие алуына да ұйытқы болып жүр.
Бүгінгі күні ауданда этно-мәдени бірлестіктер арасында тиімді әрі сындарлы қарым-қатынас орнаған. Ауданда төрт этно-мәдени бірлестік бар. Атап айтсақ, Ямышев ауылдық округінің шешен-ингуш (жетекшісі - Зейнеп Темиркаева), Жамбыл ауылдық округінің татар-башқұрт (жетекшісі – Олия Сельханова), Қызылағаш ауылдық округінің славян (жетекшісі - Тамара Молокова) этно-мәдени бірлестіктері, сондай-ақ Аққу ауылындағы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын қазақ ұлттық орталығы (жетекшісі - Сабира Бектауова) жұмыс істейді. Бұл этно-мәдени бірлестіктер аудан көлемінде өткізілетін барлық қоғамдық-саяси, мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. «Игілік басы - ынтымақ» демекші Лебяжі ауданының тұрғындары әр мерекені әр ұлт өкілдерімен туған бауырындай бірлесіп қарсы алады.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатаң орта мектебінде татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі жұмыс істеуде. Аталмыш елді мекеннің тұрғыны Олия Сельханова жетекшілік ететін этно-мәдени бірлестік осыдан бес жыл бұрын құрылды. Бауырлас татар және башқұрт ұлтының төл мәдениетін келер ұрпақ санасына сіңіріп, насихаттауды көздеген бірлестік мүшелері ел тұрғындарының ортақ мерекелерінде өз халқының салт-дәстүрлерін паш етіп, ұлттық тағамдарымен мерекелік дастархан жаюды дәстүрге айналдырған. «Ата-анам Қазақстанға сонау алпысыншы жылдары көшіп келген. Отбасым үшін кең пейілді, құшағы кең қазақ халқының кең байтақ жері Отанымызға айналды. Біз Қазақстаннан артық құтты мекенді білмейміз», - дейді ол.
Қазіргі уақытта аталмыш этно-мәдени бірлестіктің қанатын кеңге жаюы үшін мектеп оқушыларымен қатар, ауыл тұрғындарының үлкен-кішісі де бір адамдай жұмыла атсалысуда. Бірлестік құрамындағылардың көбі жастар болса да, аға буын өкілдері де көштен қалыс қалмай, өз халқының салт-санасын келер ұрпаққа аманат ету жолында аянбай еңбек етуде. Олия Есламғалиқызының анасы Таглима Маснавиеваның жасы жетпістен асса да, жастар қатарынан қалыс қалмайды. Ол - аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысады. Аға буын өкілдерін «Қазақстан халқының бірлігі, татулығы қызықтырады. Көршілеріңмен, жора-жолдастарыңмен, достарыңмен әрдайым тату бол. Еліңді, қазақ халқын, олардың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, өнерін құрметте. Қазақстанның өркендей беруіне үлесіңді қосудан тартынба, қолыңнан келсе, көмегіңді аяма!» деген сөздерді әрқашан айтып отыратындарын жеткізді.
О.Сельханованың мұрындық болуымен Жаңатаң орта мектебінде оқушыларға арналған «Дуслар» атты қолөнер үйірмесі құрылды. Оған қатысатын ұл-қыздар татар-башқұрт халықтарының қолданбалы қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар, қазақтың ұлттық өнерін де жаңғыртуда. Бірлестік жұмысы осымен шектелмейді. Олар татар-башқұрт ұлтының тілін, салт-дәстүрлерін, жазуын, ұлттық тағамдарын жаңғыртып, халықтық би түрлерін үйренуге де барынша назар аударған. «Өзім жасөспірім қыздар мен ұлдарды татар-башқұрт халықтарының би өнеріне баулимын. Оған ұлтына қарамай, би билеуге икемі, қабілеті бар балаларды қабылдаймын. Өзіміз үнемі қатысып жүретін шараларда оқушыларға бір-бірімен тату, дос болудың маңызын түсіндіріп жүремін. Жалпы, еліміздегі тыныштықтың ешқашан бұзылмауын, ұлттар арасындағы бірлігіміз одан әрі беки бергенін қалаймын», - дейді О.Сельханова.
Бірлестік мүшелері қатарындағы А.Коломеец, А.Сұлтанова, Л.Чекурина сынды мектеп оқушылары башқұрт тілін үйренуде. Олар ырысты ынтымақ пен берекелі бірлік берік тамыр жайған көпұлтты Қазақстанда өмір сүруді зор бақыт деп білетіндерін жасырмады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Лебяжі ауданы.

