Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова облыс орталығының сәнді де мәнді ғимараты саналатын Достық үйіне арнайы ат басын тіреп, мұндағы этно-мәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Ол танысу жұмысын алдымен Ұлттық жаңғыру мектебінен бастады. Мектепке қарасты әрбір бөлімшеге кіріп, ұстаздармен, білім алып жатқан шәкірттермен дидарласты. Ә.Ғалымова Достық үйіне жайғасқан 19 этно-мәдени бірлестіктің шаңырақтарын жеке-жеке аралап шықты. Әрбір бірлестік мүшелері өздерінің ерекшеліктерін, жетістіктерін, сондай-ақ кішігірім мәселелерін жеткізіп қалды. Мәселен, кейбір бірлестіктерде оқулық, әдебиет жағы жеткілікті болса, енді бірінде әлі де толықтыруды қажет етеді. Осы мақсатта бірлестік төрағалары қол қусырып отырмағандарын айтады. Олар тарихи Отандарымен, өздерінің диаспораларымен тығыз байланыс ұстап, қажетті оқулықтар жеткізуге жұмыс істейді. Ал бірлестіктерді техникалық тұрғыдан жабдықтау жағы жоғары деңгейде деп айтуға болады. Бұған Достық үйінің тұрғындары ризашылықтарын білдірді. Яғни оларға жұмыстарын жетілдіріп, оны жан-жақтандыру үшін заманауи технологиялар үлкен қолғабыс жасап отырған көрінеді. Барлық бірлестіктерге ортақ мультимедиялық, компьютерлік кабинеттермен қатар әрбіріне жеке бөлмелер қарастырылған. Мұнда олар өздерінің салт-дәстүрлерінен, тарихынан хабардар ететін саналуан заттарды орналастырған. Түрі бөлек болғанымен тілегі бір барлық ұлт өкілдері өздеріне жасалып отырған жағдайға ризашылықтарын білдірді. Олар бұл жақсылықтың қайтарымы ретінде елімізде бірлікті, достықты нығайтуға күш салатындарын жеткізді.
Бірлестіктермен танысудан кейін Достық үйінің мәжіліс залында дөңгелек үстел басына жиылған көшбасшылар мен «Ақсақалдар алқасының» мүшелері облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымовамен жақын танысып, ұсыныс-тілектерін жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Алқалы жиын «Қазақстан-Павлодар» телеканалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлесе жасаған «15 жылғы үміт пен арман» атты ақпараттық-тақырыптық бағдарламаны тамашалаудан басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары И.Әбдіхалықовтың айтуынша, аталмыш көрсетілім ел тәуелсіздігінің 20 жыл толуына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына орай түсірілген. Ұйымдастырушылар бағдарлама арқылы аймағымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасу, даму кезеңдерін кеңінен көрсеткен. 1995 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының аясындағы облыстық бірлестіктер мен филиалдардың бүгінге дейін атқарылған істеріне қысқаша шолу жасалды. Ассамблея қоғамдық бірлестіктен конституциялық орган мәртебесіне ие болғаны мақтанышпен айтылды. Яғни Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне 9 депутат Ассамблеядан сайланды. Көрсетілімде облыста ұлттаралық келісімді нығайтып, достықты дәріптеудің басы-қасында болған жандар жайында да мағлұмат келтірілді. Қазақстан халқының Кіші Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қанат Даржұманның осы бағыттағы ерен еңбегі айрықша аталып өтті.
Басқосуға жиылған жұртшылық Ассамблея бейбітшілік пен келісімнің озық үлгісі болып қалыптасқанын жарыса жеткізді. Оған барлық бірлестіктер атсалысуда. Мысалы, бірлестік көшбасшылары 1996 жылы аймағымызда ұлттар мәдениеті дамытып, насихаттаудың тиімді жолын тапты. Яғни Қазақстан халқының мәдениеті мен өнерінің фестивалін өткізуді қолға алды. Міне, биыл, бұл маңызы зор мәдени шара 13-ші рет қалалар мен аудандарды қамтыды. Бірлестік көшбасылары фестивальді өткізудің жаңаша формасын табуға тырысады. Мәселен, ағымдағы жылы әрбір ауданның өнерпаздары көршілес аудандарға концерттік бағдаламаларын сыйға тартуда.
Елімізде 1995 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылған кезде аймақта 11 ұлттық мәдени орталық жемісті жұмыс істеп жатты. Бүгінде олардың қатары көбеюде. Алғашқылар болып неміс, кәріс және татар-башқұрт бірлестіктері өңірімізде сонау тоқсаныншы жылы құрылса, одан кейін 1992 жылы Қазақстан мұсылман әйелдер лигасы шаңырақ көтерді. Осылайша тізбек жалғаса берді. Ең соңғысы қырғыз этно-мәдени бірлестігі 2008 жылы тіркелді. Бүгінде аймағымызда 19 облыстық этно-мәдени бірлестік, 58 қалалық және аудандық филиалдар жұмыс істейді. Әрбір бірлестік жанынан «Ақсақалдар алқасы» құрылған. Жиында аға буынның жастар тәрбиесіндегі рөлі сөз болды. Қазіргі жастар тәрбиесіне алаңдаулы ақсақалдар алқасының төрағасы әрбір қалалық және аудандық филиалдар, сондай-ақ білім ордалары жанынан осындай құрылым қолға алынса деген ұсынысын білдірді. Бұл орайда Әлия Қайратқызы жаңадан құрылым жасақтағанша, облыстық бірлестіктер жанындағы ақсақалдар алқасы білім ордаларында арнайы кездесулер өткізіп, тәрбие ісіне осылайша үлес қосқандары жөн болар деген ой салды. Сондай-ақ ол Ассамблея жанындағы жастар қанатының бірлікті нығайтудағы жұмыстарын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта жастарға деген қамқорлықты одан әрі күшейтіп, жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлім етті.
Еркін әңгіме барысында бейбітшілік пен келісімнің дархан ұясына айналған Достық үйінің қолданысқа берілуі этно-мәдени бірлестіктерінің жұмысын одан әрі жандандырып, құлашын кең жаюға мүмкіндік бергені жиі айтылды. Кездесу кезінде облыс әкімінің орынбасары халықтың достығы мен бірлігінің мекені Достық үйінің тыныс-тіршілігімен танысу барысында үлкен әсер алғанын жасырмады. Әрбір бірлестіктің төрағалары істеріне мұқият қарап, елімізде бірлікті беріктеуге бар күш-жігерлерін салып жатқанын байқағанын айтты. Басқосуға келгендерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтай отырып, алдағы басты бағыттарды айқындап берді. Ол Қазақстан халқының бірлігі туралы доктринаны Елбасы мақұлдағанын жеткізді. Әлия Ғалымова жиынға қатысушыларды осы құжатта көрсетілген негізгі тұстарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ол құжаттағы негізгі үш принципке жеке-жеке тоқталып, мән-маңызын түсіндіріп берді.
- Доктринада үш негізгі принцип айқындалған. Біріншісі, бір ел – бір тағдыр деп аталады. Демек, Қазақстанда тұрып жатқан әрбір азаматтың тағдыры бірдей деп саналады. Барлығының құқығы да, міндеті де - тең. Отанымыз – Қазақстан, баршамыз – отандаспыз. Яғни тағдырымыз бір деген сөз. Бұл принцип - мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Бірлікке жетелейтін басым бағыт деп санаймын. Себебі қоғамдық-саяси тұрақтылық, татулық - басты байлығымыз. Осы орайда Ассамблеяның қарамағындағы бірлестіктердің рөлі зор екені сөзсіз, - деді облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова. - Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Екінші принцип – түбі бөлек болғанымен, теңдей мүмкіндік деп аталады. Яғни елімізде тұрып жатқан сан алуан ұлт өкілдері тең құқылы екенін аңғартады. Үшіншісі - ұлттық рухты дамыту. Мемлекеттік нышандарымызбен бірге бірлік атты құндылығымызды одан әрі нығайту қажет. Қазақстандық ұлтты нығайтып, оны сақтауға, дамытуға күш салуымыз керек. Азаматтардың адамгершілік, рухани дамуына да барынша көңіл бөлінуі тиіс.
Басқосу соңында жиынға қатысушылар болашақта бір-бірлеріне қолғабыс жасап, қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

