ҚҰҚЫҚ

БАСТЫ ТАЛАП – ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ

alt«Маңызды мәселе – құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту... Одан кейін құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс».

 


ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан.

altӨткен жылы аймағымыздың ішкі істер органдарына облыстық бюджеттен қосымша 300 миллион теңге бөлінді. Қомақты қаржылай көмектің арқасында бірқатар бағыттар бойынша жұмыс нәтижелілігін едәуір арттыруға жол ашылды. Құқық қорғаушылар қызметінің жеделдігі жоғарылап, қасақана кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл жасау, бопсалау, бұзақылық сияқты ауыр қылмыс түрлері төмендеген. Дегенмен, бұл салада әлі де жетілдіре түсетін тұстар баршылық. Кемшіліктерді түзетудің жолдары дүйсенбі күні облыс әкімі Ерлан Арынның қатысуымен өткен облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) алқа мәжілісінде қаралды. Шараға облыстық сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары қатысты.
Аймақ басшысы алдымен жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейімен танысты. Техникалық жарақтану, қару-жарақпен түрлі заң бұзушылық жағдайлар кезінде қолданылатын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейін көрді. Облыс әкімінің назарына ішкі істер органдарына қарасты «Арлан», «СОБР» жедел әрекет ету бөлімшелері сарбаздарының орындауындағы жекпе-жек тәсілдері ұсынылды. Бұдан кейін Ерлан Мұхтарұлы ІІД-нің жедел басқару орталығында болды. Биыл, Павлодар қаласының көшелерінде қосымша отызға жуық бейнебақылау камералары орнатылады деп күтілуде. Аймақ басшысы мұндай жұмысты Екібастұз және Ақсу қаласында да жүргізу қажет екендігін атап өтті. Елбасы биылғы Жолдауында шағын қалалардың дамуына жан-жақты ереше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға баса мән берілмек. Алайда, мұндай жұмыс қомақты қаржыны талап ететіндігі белгілі. Мысалы, Екібастұз қаласында шағын жедел бақылау орталығын құру үшін 159 миллион теңге қажет көрінеді. Облыс әкімінің айтуынша, бұған қаржы  қарастырылатын болады.
Былтыр еліміздің ішкі істер саласында бірқатар өзгерістер орын алғандығы белгілі. Мысалы, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығы, медициналық айықтырғыш сияқты бөлімшелер азаматтық секторға өтті. Бұл, өз кезегінде, құқық қорғаушылардың жұмысын біраз болсын жеңілдете түскендігі анық. Есесіне, көші-қон полиция, Қылмыстық атқару жүйесі комитеттері Әділет министрлігінің құзырынан алынып, Ішкі істер министрлігіне берілді.
Алқа мәжілісінде баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов өткен жылы аймағымыздағы қылмыстық көрсеткіштің 32 пайызға артқанын жеткізді. Алайда, мұны күтпеген жағдай деп айтуға келмейді. Оның өзіндік себебі бар. Алғаш рет еліміздің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, азаматтардың өтініші мен шағымдарын, түрлі заң бұзушылықтарға қатысты хабарламаларын тіркеуді толық қамтамасыз ету мәселесін қолдарына алды. Ондағы мақсат - елдегі криминогендік жағдайды анықтау болатын. Сол себепті, жоғарыда аталған көрсеткіш аймағымыздың жалпы қылмыстық ахуалына кері әсерін тигізді деп айту қиын.
-    Өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстардың бетін ашуға, жемқорлыққа қарсы күрес, ішкі істер органдарын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету шараларын жетілдіруге, сондай-ақ, тұрғындардан келіп түскен өтініштермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінді. Қолданылған шаралардың арқасында келесідей қылмыс түрлерінің төмендеуіне қол жеткіздік. Қасақана кісі өлтіру фактілері 34 пайызға, қарақшылық шабуылдар 25 пайызға азайды, - деді С.Құсетов.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес шаралары да өз нәтижесін берді. Былтыр бір қылмыстық топ басшысы, 13 белсенді мүшесі және қылмыстық ортада беделге ие 4                 күдікті құрықталған. Сондай-ақ, есірткі бизнесіне едәуір «соққы» берілді. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 218 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркіленіп алынды. Оның ішінде 2 келі героин, 195 келі марихуана, 2 келі гашиш бар.
Тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, сапасы артты. С.Құсетовтың айтуына қарағанда, бұл ішкі істер органдарының әрбір бөлімшесінде енгізілген өтініш-шағымдарды тіркеудің электронды жүйесінің арқасы.
Былтыр облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ішкі істер органдарының патрульдік қызметі 30, жол полициясы қызметі 20 жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілген болатын. Бұл, өз кезегінде, құқық қорғаушылар жұмысының жетелдігін арттыра түсті, дейді мамандар. Мысалы, қазір патрульдік полицейлер оқиға орнына әрі кеткенде                7-8 минуттің ішінде жететін көрінеді. Онымен қоса, қылмыстарды ізін суытпай ашу көрсеткіштері көбейген.
Жол полициясы жылдамдықты өлшегіш жаңа құрылғылармен қамтылды. Облыс орталығының бірқатар көшелерінің бойына жол ережелерін бұзушыларды фотосуретке түсіру жүйесі орнатылды. Соның арқасында, қазіргі кезде жүргізушілердің жол үстіндегі тәртібі оңала түскен.
Дегенмен, аймағымыздың ішкі істер саласында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін белгіленген айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші төмен. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдың өзінде 60 мыңнан астам жол тәртібін бұзу фактісі тіркелген. Жалпы көлемі 400 миллион теңгеге айыппұл салынған. Алайда оның тек 270 миллион теңгесі ғана өндіріліп алынған. Биыл да жыл басынан бері 30 миллион теңгеге жуық айыппұл өтелмеген. Бұл ретте, ІІД облыстық соттар әкімшілігімен мәселені шешудің жолдарын қарастыруда.
Бүгінгі таңда діни экстремизмге қарсы күрес шараларына ерекше мән берілуде. Осы мақсатта жұмыс істейтін бөлімшелерге қосымша қызметкерлер жұмылдырылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. «Өткен жылғы Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы экстремистік бағыттағы заң бұзушылықтар және Маңғыстау облысындағы жаппай тәртіпсіздік шаралары әлі есімізде. Осы жағдайларды ескерсек, ішкі істер органдарын арнайы құралдармен, қару-жарақтармен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, резеңке оқпен ататын қарулар, газды немесе инертті гранаталар және тағы басқалар. Олар - тәртіп бұзушыларға қарсы күресте тиімді әрі адам өміріне қауіп төндірмейтін қауіпсіз қарулар. Бұл мақсатқа шамамен 70 миллион теңге қажет», - деді облыстық ІІД-нің бастығы.
Тағы бір мәселе, ішкі істер органдарының облыс орталығындағы Лермонтов көшесі бойындағы құрылымдық бөлімшесі орналасқан әкімшілік ғимарат әбден ескірген. Нысан осыдан алпыс жылдай уақыт бұрын тұрғызылыпты. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Облыс әкімі Е.Арынның айтуынша, бұл мақсатқа қажетті көлемде қаржы бөлу қазір  шешімін тауып отыр. Алдағы айда өтетін облыстық мәслихат сессиясында бюджет бекітілгеннен кейін тиісті қаражат ІІД-не беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аймағымыздың ішкі істер органдарының атқарған жұмыстарына оң бағасын берген Ерлан Мұхтарұлы алдағы уақытта атқарылуға тиіс шараларға тоқталды. Бұл ретте, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған құқық қорғау саласын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Құқық қорғаушылар қызметінің жеделдігін одан әрі арттырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға жоғары мән берілуі қажет.
-    Жалпы, облысымыздағы қылмыстық ахуалдың жоғары деңгейде сақталып тұрғандығын мойындауға тиіспіз. Мысалы, еліміздің басқа  облыстарымен салыстырып көрейік. Тұрғындар саны бізден екі есе көп аймақтар бар. Бірақ, ондағы қылмыс деңгейі біздің облыстағы көрсеткішпен бірдей. Мұны, әрине, тек ішкі істер органдарының қызметіне байланысты деп айтуға болмайды. Жалпы, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық ахуалға қатысты. Сондықтан, ішкі істер департаменті сараптама жүргізе білуі қажет. Бұл ретте, заң бұзушылықтарды жай ғана тіркеп қоймай, оның себептері анықталуы тиіс, - деді аймақ басшысы.
Соңғы жылдары ауылдық жерлерде мал ұрлау оқиғасы жиілеп кетті. Күн көріп отырған төрт  түлігінен айырылып, жер шұқып қалған тұрғындар бар. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін ішкі істер органдарына алдын алу шараларын күшейте түскен жөн. Ол үшін, жергілікті атқарушы билік органдармен, яғни, аудан, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс істеу керек.
Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу, еңбекпен қамту шаралары да өзекті тұр. Себебі, жұмыс таба алмай бұрынғы «кәсіптеріне» кірісіп, қайтадан темір торға тоғытылатындар табылуда.
Облыс әкімі биыл күзде аймағымызда аса маңызды шараның өтетіндігін еске салды. Ол – Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы. Шараға екі ел Президенттері қатысатындығы белгілі болып отыр. Сол себепті, қауіпсіздік шараларын күшейтуге облысымыздың ішкі істер органдары сақадай сай болуы тиіс.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
 

 

ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Сейсенбі күні Павлодар облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Ернар Смағұловтың қатысуымен, облыстық «Аймақ айнасы» веб-порталында интернет-конференция ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасы Зияткерлік меншік құқығын қорғау туралы Заңына енгізілген өзгерістер» атты тақырыпта өрбіген шарада мейман тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бір атап өтерлігі, шара барысында Өзбекстан, Қытай, Ресей және Жапония мемлекеттерінің азаматтары порталға еніп, ұйымдастырылған конференциядан хабардар болып отырған.

Алдын ала хабарланғандықтан болар, заңға қатысты сауалдардың көбісі конференция басталмас бұрын келіп түсті. Жалпы, тұрғындар тарапынан жолданған 20-ға жуық сұрақтың барлығына Ернар Болатұлы тұшымды жауап берді. Қойылған сауалдардың басым көпшілігі зияткерлік меншік құқықтарын бұзудың бір түрі болып табылатын интернет-қарақшылыққа байланысты өрілді. Естеріңізге сала кетейік, зияткерлік меншік құқығы отандық және шетел авторларының, интернет иелерінің құқықтарын сақтауды қадағалайды. Қысқасы, азаматтар енді ғаламтордан кез келген дүниені автордың келісімінсіз жүктеп ала алмайды. Олай істеген күнде заңды бұзушылық болып табылады.

«Шетелдік музыкаларды, кино өнімдерін негізгі сатушылар -кинотеатрлар мен «Меломен» сауда нүктелері. Ал аталмыш заң олардың қайсысына тиімді?» Келіп түскен бұл сұраққа Ернар Болатұлы: «Жаңа заңда зияткерлік құқығын қорғау туралы нақты айтылған. Бұл – авторлық құқықты сақтауға әрі заң бұзушылықты болдырмау үшін қажет. Ал кинотеатрлар мен «Меломен» сауда нүктелеріне келер болсақ, екеуі де өнім құқығын иеленушілер мен тұтынушылар арасындағы «көпір» ғана. Оның нақты қандай табыс әкелетінін өзіңіз бағамдай беріңіз»,-деп жауап берді.

Алматы қаласында интернетті, әлеуметтік желілерді пайдалануға байланысты бейбіт митингтер ұйымдастырылуда. «Мұндай әрекеттер біздің өңірімізде орын алды ма?» деп сауал жолдапты интернет пайдаланушылардың бірі. Ернар Смағұловтың айтуынша, облыста ондай қарсылық әрекеттер байқалған жоқ.

Александр есімді азамат: «Мен Голливудтан жаңа фильм жүктедім делік. Бұдан олар қаншалықты зардап шегеді?» деген сауал жіберіпті. «2012 жылдың 12 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Аталмыш құжат 31 қаңтардан бастап нақты іске көшті. Енді интернетті екшеп қолданған жөн. Әйтпесе, белгілі бір мөлшерде айыппұл төлейсіз. Естеріңізге сала кетейік, мұндай заңдар алпауыт әлем елдерінде де қабылданған»,- деп жауап берді әділет департаментінің өкілі.

Енді бір интернет пайдаланушы: «Жуырда Павлодар қаласында бір қарақшылық сайтты жауып тастапты. Осы жайлы нақтырақ білуге бола ма?», - деген сауал түсірді. Е.Смағұловтың сөзінше, 29 қаңтар күні облыстық әділет және ішкі істер департаменттері бірлесіп заңсыз тіркелген www.tv1.kz деген сайттың әрекеттеріне тосқауыл қойған. Мұнда заңсыз түрде онлайн режимінде көрсетілетін 100-ден аса кино мен мультфильмдер, түрлі телебағдарламалар бар екен. Алайда, сайт иесі өнім авторларына ешқандай да ақы төлемейді әрі келісімге отырмаған. Қазіргі таңда аталмыш оқиға Павлодар облыстық ішкі істер департаментінде қаралу үстінде. Ерекше атап өтерлігі, интернет-конференцияға келіп түскен сауалдардың дені бір-біріне ұқсас болды.

Дәл осы мәселеге байланысты өзге мемлекеттердің тәжірибесінен бірнеше мысал келтіруді жөн көрдік. Мәселен, 2009 жылдың қыркүйек айында Францияда үш ескертуден кейін интернеттен ажыратуға мүмкіндік беретін, интернет-қарақшылыққа қарсы күреске бағытталған заң қабылданған. Яғни, арнайы құрылған мемлекеттік агенттік алғашқы заң бұзушылық тіркелген жағдайда пайдаланушыға ескертуді электронды пошта арқылы жібереді, содан кейін – ескерту туралы ресми хабарлама және соңында, үшінші ретте оны интернеттен ажыратып тастайды. Осыған ұқсас заң Оңтүстік Кореяда қолданысқа енгізілген, ал Ұлыбритания осы тақылеттес заңды биыл қабылдауды мақсат етіп отыр. Ирландияда файл айырбастау желілерінің пайдаланушыларын интернеттен ағытып тастайды. АҚШ-та дәл осындай заң бұзушылықтарға айыппұл салынады.

 

Ф.ҚЫЗДАРБЕК.

 

Келтірілген залалдың орны толтырылды

 

Павлодар облысының прокуратурасымен «ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің «Ертіс» экология департаменті» ММ-де қоршаған орта туралы заңнаманың қолданылуына тексеру жүргізілді.

«Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ын экологиялық тексеру барысында, өндіріс қалдықтарын рұқсатсыз орналастыру және ГРЭС-2 аумағында пайдалану анықталды, бұл жөнінде өлшем актісі құрастырылды. ҚР Үкіметінің 27.06.07 ж. қаулысымен бекітілген Ережелер негізінде жүргізілген залалды экономикалық бағалауға сәйкес, қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемі 51 757 258 теңгені құрады.

Тексеру нәтижесі бойынша облыс прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Қараудың қорытындысы бойынша «ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің «Ертіс» экология департаменті» ММ қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 51 757 258 теңге сомасындағы залалдың орнын толтыру туралы ГРЭС-2-ге қатысты сотқа талап-арыз берді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен өтініш толық көлемде қанағаттандырылды. Шешім орындалды, қоршаған ортаға келтірілген залалдың орны толтырылды.

 

Жалған куәгерлік жазасыз Қалмайды

 

Өткен жылдың желтоқсан айында «полиция қызметкерлерінің күдіктіге күш қолдануы» (ҚР ҚК 352-бабы, 1-бөлімі) фактісі бойынша қасақана жалған куәлік еткен куәгерге қатысты сот үкімі шықты.

Айта кетелік, 2011 жылдың 25 ақпанында Павлодар қаласының ішкі істер бөлімінің 3 қызметкері қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, екеуі төрт жыл мерзімге, біреуі үш жылға түзету абақтысына кесілген болатын. Олар 2009 жылы күдіктіні ұстау барысында оған күш қолданып, академик Шөкин көшесі бойындағы үйде жылу жүйесіне кісендеп қойып, заңсыз әрекеттерге барғаны белгілі болған.

Сотта аталған үйде тұратын куәгерлердің бірі өзінің бастапқыда берген түсініктемелерін өзгертіп, бұрын тергеу барысында айтқан сөздерінен айнып қалған. Куәгердің сөздері түбегейлі өзгергенін, кейін сотқа да келмегенін есепке ала отырып, сот оны жауапкершілікке тарту жөнінде жеке қаулы шығарды. Прокуратура аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот үкімі бойынша жалған куәлік еткен тұлға ҚР Қылмыстық кодексінің 352-бабының 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан шектелді. Үкім заңды күшіне енді.

Павлодар қалалық прокуратурасы.

 

 

Іздеусіз қалған БАЛА

 

Қыс мезгілінің суық күндерінің бірінде Павлодар қаласының орталық сауда үйінде

жалғыз қалған 2-3 жасар бала табылды. Баланың жалғыз жүргендігі жөнінде полиция қызметкерлеріне сатушының бірі хабарлаған. Оның жоғалғаны туралы ешбір өтініш пен жүгіну келіп түспеген. Полиция қызметкерлері баланың жалғыз екендігіне көз жеткізген соң, толық тексеру жасау үшін облыстық балалар ауруханасына орналастырады. Тексеру барысында оның денсаулығы, жалпы халі жақсы екендігі анықталды. Ал оның ішкі жан дүниесі қандай қалыпта екенін кім білсін. Мөлтілдеген бала көздері анасын ұзақ күтті.

Павлодар облысы ІІД бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоғалған бала туралы бағдарлама көрсеткеннен кейін баланың анасы хабарласады. Полиция қызметкерлеріне жауап беруде анасы баласын неліктен тастап кеткенін айтты. Сөйтсе, жұмысы, ақшасы, тұратын баспанасы жоқтығынан қиналған бейбақ баласын тастап кетуге мәжбүр болыпты. Содан кейін Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде шаштараз болып жұмысқа орналасады.

Қазіргі уақытта баласына бей-жай қараған анаға қатысты процессуалдық шешім қабылдануда. Ендігі жерде баланы өзіне қалдыру үшін анасы енді қайтып мұндай әрекетке бармайтынын дәлелдеп, тырысуы қажет болады.

Өмірде осындай аналардың болуы өкінішті-ақ. Олардың күнкөрістің ауыртпалығына бола баласын көшеге тастап кететін безбүйректігіне таң қаласыз...

 

Бақытжан ЖАҢАБЕРДИНОВА,

Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз орталығының маманы.

 

Полиция қызметкері де жауап бередI

 

Майқайың ауылдық учаскелік ауруханасына жасы кәмелетке толмаған, «оң жағының төменгі бөлігі сынған» деген диагнозбен әлдебір азамат медициналық көмек сұрап жүгінген. Аталған дерек бойынша ауданның ІІБ учаскелік инспекторы сот-медициналық сараптама қорытындысының болмағаны себепті қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан.

Кейін анықталғандай, П. деген күдікті Ленин көшесіндегі «Әсемгүл» дүкені жанында жасы кәмелетке толмаған азаматты күш қолданып ұрған, бұзақылық ниетпен денсаулығына зиян келтірген. Бірақ, учаскелік инспектор Е.Қасымов көрсеткішті жақсарту мақсатында бұл қылмысты тіркеуден жасырған. Бұл фактінің анық-қанығына жеткен Баянауыл аудандық прокуратурасы өмірге қауіпті емес, қасақана ауырлығы орташа денсаулыққа зиян келтіру бойынша қылмыстық іс қозғады. Аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген ұсынысты қарау нәтижесінде, аудандық ІІБ учаскелік инспекторына қатаң сөгіс жарияланды.

Павлодар облыстық прокуратурасы.

 

 

 

 

Интернет-сабаҚтыҢ игIлIгI бар

Полиция қызметкерлері 1.sabak.kz сайтында он-лайн режимінде жасөспірімдер арасында орын алатын құқық бұзушылық пен жол-көлік апатының алдын алуға бағытталған сабақ өткізді.

Олар жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жайлы айта келе, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мәселен, бесінші сынып оқушысы Натальяны «Жол инспекторы қандай болуы қажет және ол үшін не білу керек?» деген сұрақ қызықтыратын көрінеді. «Ең алдымен, жол қозғалысының ережесін білу керек. Одан кейін оқу үлгерімі тәуір, физикалық жағдайы жақсы болуы қажет», - деді ІІД Жол полициясы басқармасының ұйымдастыру-аналитикалық және алдын алу жұмыстары бойынша құрылған топтың инспекторы Сәуле Мұқажанова.

Аталмыш сабақта «Неше жастан бастап мотоцикл жүргізуге болады?», «Мектеп бітірісімен көлік жүргізу құқығын алуға бола ма?» деген сұрақтар да қойылды. Полиция қызметкерлері мотоциклді 16, ал автомобильді 18 жастан бастап жүргізуге рұқсат етілетінін айтты. Сондай-ақ, олар жол қозғалысына қатысушылардың, оның ішінде жаяу жүрушілердің жауапкершілігі жайлы ерекше ескертті.

Интернет-сабаққа облыстың 105 мектебінен 3000-нан астам оқушы және мыңға жуық ата-ана мен ұстаздар қатысты. Балалардың айтуынша, олар осы интернет-сабақ арқылы көп нәрсені білген. Оларды кездесудің осы үлгісі қызықтырған. Нақты жағдайлар бойынша мәлімет алған ата-аналар да Интернет арқылы өтетін сабақтарды пайдалы деп санайды.

Осындай ақпараттық-құқықтық сабақтар Павлодар облысында ай сайын өткізілмек.

Ж.БІЛӘЛОВА,

Павлодар қалалық ішкі істер бөлімі баспасөз орталығының маманы.

 

 

ОРҒА ҚҰЛАСА, БАЛАНЫҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?

 

Усолка шағын ауданында қатар орналасқан №10 қазақ балабақшасына және М.Әуезов атындағы №42 орта мектепке балаларын жіберетін ата-аналар алаңдаулы. Аталған білім ошақтарының дәл іргесінен былтыр қара күзде қазылған шұңқырлардың беті әлі күнге ашық. Оны айтасыз, шұңқырлар төңірегі қоршалмаған. Сондықтан, күн сайын таңертең осы жерден асығыс өтетін балдырғандар абайламаса, жазым болуы әбден мүмкін. Қыстың көзі қырауда аяқтары тайып кетсе, тереңдігі

1,7 метр орға құлап кетулері оп-оңай.

Мектеп пен балабақша директорлары да қыркүйек айында қазылған траншея тәрізді ұзын шұңқыр қандай мақсатта қазылғандарынан, оның беті қашан жабылатынынан мүлдем бейхабар. Белгілісі, бұл жерде қазір ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Олай болса, ордың беті неге ашық және онда қауіпсіздік ережесінің сақталуына (қоршаудың, ескерту белгілерінің орнатылуына) кім жауапты? Бұл мәселеден қалалық құзырлы органдар хабардар ма? Мақаламызда біз осы мәселенің анық-қанығын анықтауға тырыстық.

- Қазылған жердің айнала-сына қоршаулар салынбаған. Балабақшаға күн сайын 330 баланы әкеледі. Таң қараңғысында ата-аналарымен ағаш өткелден зорға өтіп, тар жерде сығылысып жатады. Сол кезде бүлдіршіндерге ие бола алмай қалса, тайғанақтап, шұңқырға түсіп кетуі мүмкін. Ересектердің өздеріне абайламасқа болмайды. Алғашқыда қазып бастағанда, «апаттық бір жарылыс болған шығар, көп ұзамай қайтадан тегістер» деген ойда болғанбыз. Бірақ, төрт айдан астам уақыт өтті. Беті - ашық қалпында, жұмыстар тоқтап тұр, қашан аяқталары белгісіз, - дейді №10 балабақшаның директоры Ботагөз Темірбекова.

Мұхтар Әуезов атындағы №42 мектептің оқушыларына да оңай емес. Себебі, оқу орнына қай тұстан келсе де, шұңқырларды айналып өте алмайды. Әсіресе, бастауыш сыныпқа барушы балаларға қиын.

- Қар жауғанша жөндеу жұмыстары аяқталып қалар деп үміттенген едік. Бірақ, қыстың жартысы өтсе де, қимылдап жатқан ешкім көрінбейді. Оқушыларымыздың амандығы үшін кәдімгідей уайымдайтын болдық! – дейді мектеп директоры Ирина Тұркелдинова.

Несін айта берейік, аталған жерге барған кез келген саналы адам балаларға қандай қауіп төніп тұрғанына түсіндірместен-ақ көз жеткізер еді?!

«Бақсақ, бақа екен» демекші, оқу орындарының басшыларының болжамы расқа шықты. Өткен жылы күзде қазылған шұңқырларда ешқандай жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Неге? Оның себебін Павлодар қалалық құрылыс бөлімі өндіріс секторының бас маманы Ерғали Есжанов түсіндірді.

Оның айтуынша, былтыр Усолка шағын ауданында бірқатар тұрғын үйлерге ыстық су жүйелерін қайта тарту жұмыстары басталған. Оларды орталық жылу пунктеріне қосу үшін көшелердің бойында және үйлердің жанынан жаңадан құбырлар салынуға тиіс болды.

- Бұл мақсатқа мемлекеттік бағдарлама бойынша 62 млн. теңге бөлінді. Облыстық құрылыс басқармасының өткізген конкурсында «Винерцев» ЖК жеңімпаз болып танылды. Онымен келісімшарт жасалып, тиісті қаржы берілді. Келісім бойынша мердігер фирма барлық істі өткен жылдың 30 қарашасында аяқтауға тиіс болатын. Алайда, үлгере алмау себебінен оған қосымша мерзім берілді. О баста мердігер фирма жұмысты бір айға кешіктіріп бастаған болатын. Енді жаңа келісім бойынша 2012 жылғы қаңтардың 15-сіне дейін тапсыруға міндеттенді. Бірақ, қазірде оның ештеңеге қол жеткізе алмағанына куә болып отырмыз, - дейді екі қолын жайған Е.Есжанов.

«Винерцев» жеке кәсіпкерлігінің мектеп пен балабақша жанын қопарып қазып тастап, еш жауапкершілік сезінбей, тайраңдауы нені көрсетеді? Айтқандай-ақ, мердігер о баста-ақ қыстың көзі қырауға ұрынатынын білген, бірақ, ол үшін еш уайым жемеген. Бас маманның айтуынша, фирмаға алғашында бұл жерге учаскелерге бөліп қазып, біртіндеп қолданысқа тапсыру ұсынылған. Бірақ, «істі жылдам тындырам» деп тыраштанған кәсіпкер ақыр-соңында орта жолда қалып, балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайды жасап қойған. «Ақша жетпейді, материалдар қымбат» деген желеумен осыған дейін міндетінің шамалы бөлігін ғана атқарған. Онда да салған құбырларының сапасы жөнінде «Жылу желілері» компаниясының (бұл кәсіпорын қолданысқа тапсырылған құбырлар бойынша жылу беру қызметін көрсетеді) артып отырған ескертулері жетерлік екен. Ерекше көңіл аударатын жайт, мердігер фирма өзінің атқарған жұмыстарын тапсырған соң оның сапасына 16 жылға дейін кепілдік беремін деген. Бірақ, бүгінде жауапсыздығымен танылып үлгерген кәсіпорынның ертең уәдесінде тұратынына кім сенер екен? Қазірде қалалық құрылыс бөлімі «Винерцев» ЖК-не қосымша қаржы беруден қаймығып отыр. Себебі, оны нәтижелі игеретініне еш негіз жоқ.

Айтпақшы, Усолка тұрғын үйлеріне орталық жылу жүйесін тартуға 62 млн. теңге қаржы республикалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жаңғырту бағдарламасы аясында бөлінген екен. Аталған мәселе Павлодар қаласында мемлекеттік бағдарламаның дұрыс орындалмай жатқанын көрсетпей ме?..

Е.Есжанов «Винерцев» ЖК-не жазылған қалың ескерту хаттарды көрсетіп, мәселені шешуге әрекет жасап жатқандарын айтты. Осылардың бәрін алға тартып, белгіленген мерзімде міндетін толық атқармағаны үшін мердігерді сотқа беретін боламыз, деді ол.

Айтпақшы, мектеп пен балабақша жанындағы шұңқырлардың айналасын талапқа сай қоршау жөніндегі ескертулерден де түк нәтиже шықпаған. Мердігеріңіз оған да мұрнын шүйірген сыңайлы.

Осылайша, аталған мәселені шешуде құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан нәтиже танылмай отыр. Соның салдарынан орталық құбырға қосылуға тиіс үйлерге ыстық су уақытылы жетпеуде. Екіншіден, жұмыстың тоқтап тұрғаны балалардың басына қауіп-қатер төндіруде. Дәл қазір орлардың қашан жабылатынын кесіп айтар бір тұлға табылмай тұр. Сот арқылы мердігерден жауаптылық талап етіп жатқанда, «беті ашық шұңқырларға біреулер құлап кетпесін» деп, Құдайға тілек етуден басқа амал жоқ-ау, сірә...

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

ЗАМАНҒА САЙ ЗАҢНАМА

ҚР Қылмыстық кодексі қабылданғаннан бері аз уақыт өткен жоқ. Осы мерзім аралығында аталмыш кодекске көптеген толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Бұлуақыт талабы. Заманға сай заңнама талаптары да өзгеруде. Әсіресе, құқық қорғау саласы үнемі жетілдіруді талап етеді. Осы орайда, бұрнағы күндері Павлодар заң колледжінде «Осы заманның құқықтық саясаты: даму мәселелері мен тенденциясы» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға Қырғызстан, Ресей елдері мен Қазақстанның ведомствалық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, курсанттар да бар. Барлығы шамамен 140 адам жиналды. Қатысушылар тақырыпқа сәйкес өз ой-пікірлерін ашық білдіру мүмкіндігіне ие болды. Ұсыныстарын ортаға тастады.

Конференцияда түрлі мәселелер талқыланды. Мысалы, экономикалық қылмыстарды тергеуде арнайы білім мен біліктіліктің қолданылуы, бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға бейімдеу және қашықтықтан оқыту шараларын қолға алу, неке келісімшартының құқықтық ерекшеліктері, заңсыз түсік жасатқан жандарды жауапкершілікке тарту сияқты басқа да тақырыптар сөз болды.

 

Бақытжан ЖАҢАБЕРДІНОВА,

әділет аға лейтенанты.

 

ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕ!

Жастарды еңбекпен қамту ісі еліміздің жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Ол ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңында да бекітілген. Мемлекетімізде ұл-қыздардың сапалы білім алып, жұмыс істеулеріне көптеген жағдайлар жасалуда. Осы бағыттағы шаралар көбіне халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі әлеуметтік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатады. Алайда, оларға қарамастан еліміздің еңбек нарығындағы тепе-теңдік сақталмай келеді. Мысалы, жұмыссыздар қатары азайғанымен, бұл проблема әлі бар. Ал кейбір салаларға маман таба алмай әлекпіз. Неліктен?

Себебі, экономиканың түрлі салалары бойынша маман тапшылығы мәселесі өз деңгейінде зерттелмей келеді. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа қатысты нақты болжамдар жасалмауда. Қазіргі кезде техникалық сала мамандары тапшы. Еліміздің кәсіпорындарын сапалы кадрлармен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Өндіріс орындары мен оқыту, яғни маман даярлау үрдісінде байланыс жоқ.

Жұмыссыздық - жастар арасында өзекті мәселе. Соның салдарынан жастардың табыс деңгейі төмен. Ресми деректерге сүйенсек, орта есеппен алғанда, елдегі жастардың елу пайызының табыс көлемі шамамен отыз мың теңге ғана. Ел жастарының тек 13,9 пайызында өз жеке кәсіптері бар. Бұл ретте, әсіресе, ауыл жастарының жағдайы алаңдатарлық. Олардың кәсіби білім алу қолжетімділігі төмен дәрежеде. Сондықтан еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз.

Сол себепті, прокуратура органдары жергілікті атқарушы биліктің заңда көрсетілген жастар саясатын жүзеге асыруда барлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалап отырады. Жастардың еңбек күшін (14-тен 29 жас аралығындағы) заңсыз пайдалану фактілері бойынша өкілетті органдарға хабарлауға болады.

 

Павлодар қалалық

прокуратурасы.

 

 

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29