Соңғы кезде Павлодар қаласында автокөлік ұрлау оқиғалары жиілеп кетті. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында облыстың ішкі істер органдарында көліктерді заңсыз айдап әкетудің 66 фактісі тіркелген. Бүгінгі күнге дейін олардың 39-ы ғана ашылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда «ВАЗ 2106», «Ауди» және «Мазда» маркалы көліктер ұрланады. Таяуда бес көлік айдалып, олардың төртеуі иелеріне қайтарылды. Көліктердің қолды болуына оларды күзетілмейтін автотұрақтарға қою, көлікті қараусыз қалдыру секілді бейқамдық себеп болуда дейді тәртіп сақшылары.
Мысалы, полиция бөлімшесіне Павлодар қаласындағы Хромзавод көшесінде белгісіз біреулердің «Шкода Октавиа» көлігін айдап әкеткені туралы хабарлама түсті. Жедел-іздестіру шарасы кезінде арнайы батальон қызметкері, полиция старшинасы М.Құстанов ұрланған көлікті Кутузов көшесінің бойынан байқап, ізіне түсті. Көлікті екі ер адам ұрлаған. Екеуінің де - жұмыссыз, облыс орталығының тұрғындары екендігі, бұдан бұрын қарақшылық шабуылы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандардың біреуі уақытша ұстау абақтысына қамалып, сыбайласынан қала аумағынан шықпау туралы қолхат алынды.
Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мамандарының айтуы бойынша, жол-патрульдік полиция қызметкерлері сақтық шараларын күшейту мақсатында автокөлік иелеріне арналған ескерту, түсіндіру шараларын жүйелі түрде өткізуде. Алайда, көлік ұрлау оқиғалары тыйылар емес.
Әсемгүл ЕРІКҚЫЗЫ.
Павлодар облысының прокуратурасы мемлекет кірісіне қарыздарды өндіру туралы атқару құжаттарына сараптама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша бүгінгі таңда мемлекет пайдасына түсуге тиіс 9 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын 24 мың шешім орындалмауда.
Аталған сома әкімшілік және қылмыстық істер бойынша айыппұлдардан, мемлекеттік баж салығы, мемлекет пайдасына шешілген сот үкімдері мен қылмыстық іс-әрекеттер нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал мөлшерінен құралған.
Бүгінде қарыздардың басым бөлігін мемлекетке келтірілген шығын құрап отыр. Келесі орында баж салығын өндіру бойынша қарыздар тұр. Мемлекет пайдасына тиесілі қарыздық төлемдерді орындау мақсатында облыстық прокуратура «БТА Банкі», «Альянс Банкі», «Темір Банкі» акционерлік қоғамдарымен арнайы келісім жасасты. Оған сәйкес, аталған банктерде қарыздық төлемдерді қабылдайтын арнайы кассалар ұйымдастырылады. Бұл туралы облыстық прокуратураның соттағы мемлекет мүдделерінің өкілеттігі бойынша басқармасының бастығы Жантемір Шакиев хабарлады.
Прокуратура қызметкерлерінің айтуы бойынша, атқару құжаттарының ұзақ мерзім бойы орындалмауына азаматтардың жауапкершіліктен жалтаруы басты себеп болып отыр. Осыған орай, облыстық прокуратура мемлекеттік бюджетке айыппұл төлемдерінің уақытылы түсуін қамтамасыз етуге бағытталған «Мемлекет алдындағы қарызыңды өте» атты акциясын ұйымдастыруда.
Аталған акция шеңберіндегі арнайы рейдтерде қарыз төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылып, мәжбүрлі түрде мүлкін сату арқылы өндіру шаралары қолданылады.
Дерек пен дәйек:
- Бүгінде облыста сот шешімдерімен тағайындалған айыппұлдар көлемі 400 млн. теңге.
- Сондай-ақ, мемлекет пайдасына өндірілетін сомалар мөлшері 360 млн. теңгені құрап отар.
- Заң бойынша қасақана айыппұл өтемеген борышкер әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес 10 тәулікке дейін қамауға алынуы және қылмыстық Кодекс негізінде екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
Жуырда Қашыр ауданының Тереңкөл ауылында жас азаматтар арасындағы бұзақылық оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты.
Оқиға былай болған: аудан орталығында орналасқан дүкен маңында бір топ жігіттердің арасында өзара келіспеушілік туып, даудың арты төбелеске ұласқан. Кейін соққыға ұшыраған бір жігіттің ағасы достарымен бірге інісін жәбірлегендермен жолығып, оның да соңы жанжалға әкеп соқты. Осы кезде белгісіз біреу қарудан оқ атып, одан 22 жастағы ауыл тұрғыны жараланды. Сонымен бірге, төбелес кезінде тағы бір адам дене жарақаттарын алды. Болған жайдың себебін анықтау барысында екі тарап шағым беруден бас тартқан. Бұған қарамастан, полицейлер бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Келесі күні жарақаттанған азаматтың ағасы бір топ жігітті жинап, інісін жаралаған адамның үйіне келіп, қоршаулар мен терезелерге зақым келтірген. Осы арада үй маңатынан белгісіз біреу қарудан оқ жаудырған. 1989 жылы туған жігіт алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды. Аталған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жанжал шығарған екі жақтың «белсенділеріне» қатысты қылмыстық Кодекстің тиісті бабы бойынша тағы екі іс қолға алынды. Дене жарақаттарын келтіргені үшін 1986, 1992, 1994 жылдары туған үш жігітке айып тағылып, олар қамауға алынды.
Қазіргі кезде адам өлтіру фактісі мен орын алған бұзақылыққа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
Болған оқиғаны тергеу барысы облыстық ішкі істер департаменті басшылығының жеке бақылауына алынды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Аймағымызда барымташылыққа қатысты ең атышулы оқиғалар Қашыр ауданында тіркелгені белгілі. Осыдан екі жыл бұрын белгісіз біреулер Песчан ауылы тұрғындарының бір үйір жылқысын айдап әкеткен болатын. Аталған елді мекенде бір түнде 53 жылқы қолды болды.
Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел түрде тергеу-іздестіру тобы құрылды. Полиция қызметкерлері Қашыр ауданындағы барлық жайылымдарды, орман алқаптарын және қараусыз ғимараттарды, сондай-ақ, Павлодар, Успен, Железин, Шарбақты аудандарының барлық аумағын тексерді. Бұл шараға Ресейдің шекаралас аудандарының ішкі істер органдары мен шекара бекеттерінің әскери бөлімшелері де жұмылдырылды. Алайда, мал ұрлау туралы хабардың кеш түскені салдарынан барымташылардың ізіне түсу, айдалған малды табу қиынға соқты.
Арада алты ай өткенде, Павлодар ауданының Қаракөл ауылында белгісіз біреулер 52 бас жылқыны ұрлап әкетті. Жедел іздестіру нәтижесінде қолды болған жылқының 48-і Успен ауданының Дмитриевка ауылынан табылды. Тергеу кезінде Успен ауданында жылқы өсірумен айналысатын 1970 және 1975 жылы туған ағайынды азаматтар аталған оқиғаларға күдіктілер деп танылды. Куәгерлердің біреуі 2010 жылдың қараша айының соңында Успен ауданында орналасқан «Керимов» шаруа қожалығының жайылымында жұмыс істеген кезінде Песчан ауылынан ұрланған жылқыларға ұқсас аттарды көліктен түсіруге қатысқанын айтқан. Кейін осы қылмыстарға қатысты тағы бір күдікті – Павлодар ауылының 34 жасар тұрғыны ұсталды. Ол жоғарыда аталған ағайындылардың біреуі – К.-нің тапсырмасымен Песчан ауылының жылқыларын Төлеубай елді мекеніне жақын грейдер жолы арқылы орман алқаптарына қуып, сол жерде қолдан жасалған айдамға қамаған. Осы жерде К. мен оның туысқаны және шаруа қожалығының жұмысшылары, тағы екі ер адам болыпты. Ұрланған жылқыларды «Камаз» жүк көлігіне тиеген топтың біразы Омбы-Павлодар тас жолымен Павлодар қаласына қарай кетсе, қалғандары «Джип» автокөлігімен Павлодар ауылына бет алған.
«Іздестіру шараларының барысында Павлодар облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы мен Ресейдің Новосібірдегі Алтай өлкесі полициясының қызметкерлері бірлесіп, іздеуде болған К.-ні ұстады. Қазіргі уақытта ол Новосібір қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Павлодар облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Н.Жүнісов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Тергеу барысында К.-нің аталған қылмыстарға қатыстылығын анықтау үшін барлық заттай айғақтар тәркіленді. Бүгінде негізгі күдіктіні көршілес Ресейден елімізге экстрадициялау мәселесі қарастырылуда.
Әсемгүл ЕРІКҚЫЗЫ.
көрсеткіштердің төмендеуіне әкеледі
Былтыр ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасы Н.Назарбаев бас бостандығынан айрылғандардың белгілі бір топтары үшін рақымшылық заңына қол қойғаны белгілі. Үстіміздегі жылдың 22-ші қаңтарынан бастап аталмыш заң өз күшіне енді. Осыған орай Павлодар облыстық соттарымен рақымшылық заңын қолданумен 181 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотқа дейін 170-ке жуық істің өндірісі тоқтатылса, сот мәжілісінде 12 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сондай-ақ, жеті жасөспірім рақымшылық заңы негізінде жазадан құтылды. Заң бойынша рақымшылық ұрлық, тонау, бұзақылық және алаяқтық секілді қылмыс түрлері үшін жаза тағайындауда қолданылады.
Бұдан басқа облысымыздың сот жүйесінде соңғы төрт ай ішінде 13 мыңнан астам іс қаралды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17,1 пайызға артқан. Олардың негізгі бөлігін, яғни 70%-на жуығын азаматтық істер құрайды. Сондай-ақ, аталған мерзім ішінде 495 қылмыстық іс қаралды. Осыған сәйкес 168 адам сотталып, олардың 93-і бас бостандығынан айырылды. Темір торға қамалғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға кемігенін байқауға болады. Былтыр аталмыш уақыт аралығында 336 адам сотталса, биыл бұл көрсеткіш 168-ді құрап отыр. Заң алдында жауапқа тартылған тұлғалардың жасаған қылмыстары арасында меншікке қол сұғушылық бірінші орында тұр. Одан кейінгі қатарда жеке адамға қарсы жасалған заң бұзушылықтар, тұрғындардың денсаулығына және рухани өміріне қарсы қылмыстар, отбасы істері мен кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар тіркелген.
Сондай-ақ, қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлық бойынша 11 тұлғаға қатысты 10 іс аяқталып, айыптау үкімдері шығарылды. Осыған байланысты үш адам бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстар бойынша 30-дан астам іс қаралған. Сот қызметкерлерінің мәліметі бойынша, бұл – аймақтық соттар өндірісіндегі қылмыстық істердің жалпы санының 4,3 пайызын құрап отыр.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы кездері сотталғандарға баламалы айыптау шараларын белгілеу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Яғни, түрмеге қамау жазасын айыппұл салумен, еңбекпен түзеу және бас бостандығын шектеумен алмастыру шаралары түзеу мекемелеріне жіберілген тұлғалардың жалпы санын төмендетуге септігін тигізбек. Мәселен, өткен жылмен салыстыратын болсақ, биыл сотталғандардың жалпы санының төмендеуі әсерінен баламалы жазалауды белгілеу де 3 пайызға кеміген екен.
ІІД ұсынған деректер негізінде дайындаған -
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
|
Ерден ЕЛЕМЕСОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Соңғы күндері телефоныма бейтаныс адамдар хабарласатын болды. Түсініксіз әңгімелерді айтып, кездесулерге шақырады. Өз басым, оларды «телефон алаяқтары» деп топшыладым. Жалпы, осындай жағдайға тап болғанда қайда хабарласуға болады?
Жанна БІЛӘЛОВА, Павлодар облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпараттық бөлімінің ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы:
- Күдікті қоңырау шалушылардың телефон алаяқтары екеніне көзіңіз жетсе, бірден полицияның 102 номеріне хабарласқан жөн. Жедел топ қызметкерлері телефон алаяқтарымен кездесу орнына келіп, тиісті іс-шараларды өткізеді.
Гүлнұр АҚПАНОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Тегін адвокаттық қызмет қандай жағдайларда көрсетіледі?
- Айгүл ТОҚТЫБАЕВА, Павлодар облыстық әділет департаменті құқықтық насихат және халыққа заңгерлік көмек көрсету жөніндегі бөлімінің бастығы:
- ҚР-ның Адвокаттық қызмет туралы Заңына сәйкес келесі санаттағы азаматтарға және белгілі бір жағдайларға байланысты ақысыз қызмет көрсетіледі. 1) Алимент өндiрiп алу туралы, асыраушысының қайтыс болуына, жұмыспен байланысты мертiгуiне немесе денсаулығының бұзылуы арқылы келтiрiлген зиянды өтеу туралы iстердi жүргiзу кезiнде бiрiншi сатыдағы соттарда талап қоюшыларға; 2) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген азаматтарға, мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, I және II топтағы мүгедектерге, жасы жөнiнен зейнеткерлерге; 3) алименттер өндіріп алу, зейнетақылар мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері жөнінде азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға заң көмегін тегін көрсетеді.
Үстіміздегі жылдың төрт айы ішінде облысымыздың аумағында мал ұрлауға байланысты 71 оқиға тіркелді. Олардың 27-сі ғана ізі суымай ашылды. Сараптама көрсеткендей, көп жағдайда қылмыстың жасалуына мал иелерінің өздері «жағдай» жасайды. Жайылымда қараусыз қалған мал барымташыларды «қызықтырмай» қоймайтыны анық. Жақында ғана Ақсу қаласы Жолқұдық ауылындағы шаруа қожалығының 9 жылқысы біреулердің «еншісінде» кеткен. Кейін аталмыш шаруашылықта жылқы бағумен айналысатын адамның мүлдем жоқ екені анықталды.
Осыған орай, облыстық ішкі істер департаменті «Малыңызға сақ болыңыз!» атты шараны өткізуді қолға алды. Таяуда Павлодар ауданына қарасты Красноармейка ауылында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы С.Құсетов, аудан әкімі Т.Бастенов, елді мекендер әкімдері мен шаруашылық қожалықтарының жетекшілері, тұрғындар қатысқан кездесу ұйымдастырылды.
Елді мекендердегі учаскелік инспекторларға ветеринарлық құжаттардың, малды таңбалау мен сойыс орындары жұмысының үрдісін назарда ұстау үшін арнайы компьютерлік есеп жүргізу тапсырылды.
- Красноармейка ауылында 740 аула бар, олардың 35-40%-ы ғана мал ұстайды. Бүгінге дейін осында мал ұрлығының екі оқиғасы тіркелген, олар әзірше ашылмай отыр. Жалпы, мал ұрлауды тежеу үшін, ең біріншіден, таңбалау мен есепке қоюды жолға салу қажет, бұл қылмыстарды ашуда жұмысты жеңілдетуі керек. Екінші себеп, тұрғындардың селқостығы. Айталық, жылқышыны немесе бақташыны жалдаған кезде оның бұрын қандай кәсіппен айналысқанын, ауылға қайдан және қандай мақсатпен келгенін білу артық етпейді. Неге десек, кешегі мал ұрлау үшін жауапқа тартылған барымташының бүгін жылқышы болуына еш кедергі жоқ, - деді тұрғындармен кездесу барысында құзырлы департамент бастығы.
Аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшылары, учаскелік инспекторлар мен қылмыстық іздеу бөлімдерінің қызметкерлері бірлесіп, бұдан бұрын мал ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, барымташылықпен айналысқан барлық тұлғалардың, олардың фотосуреттерінің арнайы дерекқорын жасады.
Бүгінде мал ұрлығын тежеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Олар акция аясында облысымыздың әр ауданына барып, тұрғындармен кездеседі. Ауылдықтарға өзіндік сақтық шараларын қолға алу қажеттігін түсіндіріп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасауға шақырады.
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
 Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының алаңында қызметтік міндетін орындау барысында опат болған ішкі істер органдары қызметкерлері мен ішкі әскер сарбаздарына арналған обелиск ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ерлан Арын, құзырлы басқармалар басшылары, депутаттар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлер қауымы қатысты.
Обелискінің ашылу салтанатында аймақ басшысы Ерлан Арын қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін сақтаудың жолында аянбай еңбек етіп, ерлікпен қаза тапқан полицейлер өзгелерге мәңгі үлгі болатынын атап өтті. Аймағымыздағы полиция қызметі жұмыс атқарған 20 жылдың ішінде азаматтық борыштарын орындау кезінде барлығы 9 қызметкер мерт болды. Солардың бірі – Ахметқалы Тезекбаев. Осыдан 15 жыл бұрын Қашыр аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған ол «Камаз» автокөлігін тексеру кезінде тиісті құжаты жоқ жүкті анықтады. Күдік тудырған көлікті аудандық бөлімшеге жеткізбек болған милиция капитаны қылмыскерлер оғынан көз жұмды.
Ермек Қанжығалин - ішкі әскер капитаны. 1993 жылы түзеу мекемесінен қашып шыққан сотталғандарды қолға түсіру кезінде қашқындардың қолынан қаза тапты. Сондай-ақ, қылмыстық іздеу органдарының қызметкерлері Асылбек Бижанов пен Талғат Сембаев қалалық ауруханаға түскен қылмыскерді күзету кезінде шабуыл жасаған қарулы адамдардың қолынан қаза тапты. Қызметтік борышын атқару кезінде опат болғандардың ерлігі баршаға үлгі болары хақ.
- Ішкі істер органдарының басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Баламыздың есімі ел аузында қалса ғана, өзінен кейінгілерге өмірлік үлгі болары анық. Арада 15 жыл өткеніне қарамастан, жыл сайын ұлымыз Асылбектің рухына арналған турнир ұйымдастырылады. Кіндік қаны тамған Успен ауданында перзентіміздің есімімен бір көше аталды. Бүгінгі жас полицейлерге берген анттарына берік болып, еліне адал қызмет етсін деп тілейміз, - деді қаза болған полицейдің ата-анасы Базарбай мен Ұмсынған Бижановтар.
Бұл күні полицейлер қатарына жаңадан қабылданған 28 сарбаз Отанға адал қызмет ету туралы ант қабылдады. Бұдан былай қызметке алынған жас полицейлер ерлікпен опат болған қызметкерлердің құрметіне орай ашылған обелиск алдында ант беретін болады.
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
Соңғы үш айдың ішінде облысымыздағы қаржы полициясы 84 экономикалық қылмысты анықтады. Бүгінде қаржылық капиталды жасырудың ең «танымал» жолы салықтан жалтару болып табылады. Бұл салық декларациясына кірістер мен шығыстар туралы бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы жүзеге асады. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында салық төлеуден жалтару фактілері бойынша бюджетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген 12 қылмыстың беті ашылды. Бұл жөнінде облыстық экономикалық және сыбайлас қылмысқа қарсы күрес департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облысымыздағы сауда-саттық саласында қызмет көрсетіп жүрген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры үш жыл бойы кәсіпорынның салықтық есебін бұрмалау арқылы 380 млн. теңгені төлеуден қашқақтаған. Қазіргі кезде айыптау қорытындысы дайындалған қылмыстық іс облыстық прокуратураға жолданды.
Бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді орындауды қадағалау - экономикалық қылмысқа қарсы жүргізілетін шаралардың бірі. Павлодар қаласындағы әлдебір балабақшаның бас есепшісіне еңбекақы мөлшерін арттырып аударғаны үшін айып тағылуда. Ол 2005 жылдан бастап 2011 жылға дейін бақша қызметкерлеріне еңбекақыны төлеу кезінде жалған құжаттарды жасау арқылы 2 миллион теңгеге жуық бюджеттік қаржыны жымқырған. Жалпы, облысымыздағы білім беру саласында барлығы үш қылмыс тіркелген, келтірілген залал мөлшері алты миллион теңгені құрайды. Ал әлеуметтік қамсыздандыру саласында бюджетке 11,1 млн. теңге көлемінде шығын келтірген алты қылмыстық оқиға әшкере болды.
- Мүгедектер мен қарттарға арналған интернат-үйінің директоры К.Щеглованың алты миллион теңгеден астам бюджет қаржысын ұрлау оқиғасының қосымша эпизодтары анықталды. Ол бұдан бұрын аталған қылмыстың өзге фактілері бойынша сотталған болатын. Осыған орай, Павлодар облысының қаржы полициясы анықталған фактілер негізінде бірнеше қылмыстық іс қозғап, тергеу шараларын жалғастыру үшін құжаттар арнайы прокуратураға жіберілді, - деді облыстық қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Р.Құлымбетов.
Қоғамның ең маңызды салалары – денсаулық сақтау мен білім берудегі қаржылық қылмыстарды және мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алған заң бұзушылықтарды анықтау - аталмыш органның басты назарында. Мәселен, аймағымыздағы бір ЖШС-нің директоры мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін «арнайы» жоспар құрған екен. Ол аз уақыт ішінде заңды тұлға ретінде тіркеуден өтіп, кеңсе жалдап алған. Сатып алулардың электрондық порталында ең төменгі бағаны ұсыну арқылы жеңіске жеткен директор тапсырыс берушілерден түскен алғашқы төлемақыларды қалтасына басқан. Ал келісілген қызметті көрсетпей, жалтарған.
Облыстық қаржы полициясының экономика басқармасының бастығы С.Елгезековтің айтуынша, тапсырыс берушілер арасында тек біздің аймағымыздың ғана емес, басқа облыстардың да мемлекеттік органдары бар. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, оқу орындары, медициналық сараптама орталықтары, денсаулық сақтау мекемелері кездеседі. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру арқылы ЖШС директоры 10 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Қазіргі кезде оған алаяқтығы үшін айып тағылып, қылмыстық із қозғалды.
Қаржы полициясы қызметкерлерінің айтуы бойынша, техникалық және электрондық құрылғылардың қоғам өміріне жаппай енуін ескерген әккі «ойшылдар» өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру жолында қазіргі заман технологияларына «бейімделуде» көрінеді.
Әсемгүл ЕРІКҚЫЗЫ.
Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үшін қайда бару керек? Заңды тұлғаны тіркеу үшін қандай құжаттарды дайындау қажет? Зияткерлік меншікті қалай қорғауға болады? Тегін қорғаушының көмегін алуға кімдер құқылы? Кәмелеттік жасқа толған балалар үшін алименттік төлемдер беріле ме? Осы және құқық саласына қатысты басқа да сауалдарға жауап іздеген тұрғындар жақында өкілетті органдардың заңгерлік көмегін алу мүмкіндігіне ие болды.
Tұрғындарға құқықтық көмек көрсету, құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтардың қоғамдық жауапкершілігін нығайту мақсатымен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалы мен облыстық әділет департаменті бірлесіп «Әділет кеңес береді» атты шара өткізді. Бұған сот актілерін орындау жөніндегі департамент, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы, адвокаттар алқасы мен облыстық нотариалды палатаның өкілдері атсалысты.
Шараның алғашқы сағаттарында енжарлық көрсеткен жұртшылық, уақыт өте белсенділік таныта бастады. Павлодар қаласының тұрғыны Мариям Маратқызы акцияға тұрғын үйге салынатын салық мөлшерінің не себепті өскені жөнінде түсініктеме алу үшін келіпті. Жылжымайтын мүлік орталығының директоры Алпысбай Адамов түбіртектегі төленетін салық сомасының өзгергенін тұрғын үйдегі пайдаланатын аудан көлемінің ұлғайғанымен түсіндірді.
Ал Нұрсұлу Олжабаева баласымен бірге Ресейге жол жүрмекші екен. Халыққа қызмет көрсету орталығы облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Ернар Қадырбаев ол үшін ата-ананың бірінің төлқұжатына баланың фотосуреті мен туу туралы куәлігі керек екенін айтты.
Аталмыш мекеме өкілі шара барысында құқықтық кеңес алуға келген қалалықтардан тұрғын үй кезегіне тұру, жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша түскен сұрақтар көп болғанын жеткізді.
- Ең басты мақсат – тұрғындарға өз құқықтарын түсіндіру, кеңес айту арқылы дұрыс бағыт-бағдар беру. Заңгерлер мен адвокаттар, нотариустар тұрғындарға ақпараттық көмек көрсетуге әрдайым дайын. Сондықтан да осындай «ашық есік» күндерін өткізу көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік береді, - деді облыстық әділет департаментінің бастығы Ғалия Жолдыбаева.
Анатолий Захаров – өнертапқыш. Кәсіпорында жұмыс істеп жүрген кезінде екі құрылғы ойлап тапқан. Бірақ, жұмыс берушілер патенттік заңды айналып өтіп, жаңалық авторымен қажетті келісімшарт жасамаған. Қазіргі кезде өндіріс құрылғыларды автордың рұқсатынсыз пайдалануда. Облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Динара Әбішева мәселенің шешілу жолдарын былайша түсіндірді:
- Автор әуел бастан прокуратура көмегіне жүгінді. Бұл – қате. Меншіктік құқықтарды қорғау аталмыш мекеменің құзырында емес. Заңнама аясында бұл тақырыптағы мәселелерді қарастыру сот органдарының міндетіне кіреді.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан АХАЖ мәселелері, ажырасу процесі мен сот актілерін атқаруға байланысты сауалдар жиі қойылды. Жасырынып жүрген, мойнында берешегі бар азаматтарды жауапқа тартудың қандай жолдары бар екені туралы ақпарат акцияға келушілердің үлкен сұранысына ие болды.
Сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің ұйымдық-сараптамалық жұмыс және өндірісті орындауды қамтамасыз ету бөлімі бастығының міндетін атқарушы Динара Әбілдинова алименттерді өндіріп алу кезінде жиі ұшырасатын жағдайлардың бірі - «борышкер» ата-аналардың хабар-ошарсыз кетуін сөз етті. Мұндайда балалы әйелдерге қандай да бір әлеуметтік көмек алу үшін сот органдарына баланың әкесі жоғалғанын растайтын құжат тапсыру қажет.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының заңгер-кеңесшісі Ғарифолла Саруаровтың мәліметі бойынша, аймақ орталығынан басқа, Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандар орталықтарында да ұйымдастырылған «Әділет кеңес береді» шарасының барысында барлығы жүзден астам тұрғын тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігін пайдаланған екен.
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
|
|
|
|
|
|
JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL |