Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 2000 жылы 25-ші желтоқсанда қабылданған болатын. Биыл бұл заңға 10 жыл толып отыр. Бұл конституциялық заң қабылданғанға дейін сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі Президенттің заң күші бар Жарлықтарымен реттеліп келді.
Аталған Конституциялық заң 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде қабылданды.
Заңды қабылдаудың негізгі мақсаты мемлекетімізде сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру болды. Заңда сот билігі туралы, сот жүйесі және оның бірлігі туралы, аудандық, облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың өкілеттігі туралы, аталған соттардың төрағаларының міндеттері туралы, судьялардың құқықтары және жауапкершілігі туралы ережелер бар.
Бүгінде Павлодар қаласы Әкімшілік сотының судьялары өз міндеттерін қолданыстағы заңдарға сәйкес атқаруда. Мәселен, осы жылдың сегіз айында 4183 әкімшілік, 235 азаматтық, 7916 жеке адамға және заңды тұлғаға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату істері қаралды. Барлығы 12334 іс қаралды. Былтырғы жылдың сегіз айымен салыстырғанда істердің саны 141,3 пайызға өсті. Әр судьяның іс салмағы 308,4 істен болып отыр, бұл дегеніңіз өте үлкен салмақ. Сондықтан Әкімшілік сотының судьялар санын көбейту туралы мәселені шешетін уақыт келген сияқты.
Қаралған әкімшілік істердің басым бөлігі немесе 58,2 пайызы көлік және жол шаруашылығындағы құқық бұзушылық, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгендердің саны 1433 адамға жетті немесе бұл көлік және жол шаруашылығындағы құқық бұзушылық істердің 58 пайызын құрайды. Былтырғы жылдың сегіз айына қарағанда мас күйінде көлік жүргізгендердің саны биыл 415 адамға көбейді немесе 29 пайызға өсті.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқығын бұзушылық, отбасы жағдайларындағы құқық бұзушылық, қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қол сұғатын құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылық істері де аз емес.
Кеден және салық органдарынан, қаржы полициясынан түсетін күрделі істер де баршылық. Төлемдер туралы заңда көрсетілген шектеулерді бұзғандарға 11 миллионнан астам айыппұл салынды.
Заңсыз салынған құрылыстар туралы істердің саны да азаятын емес.
Биылғы сегіз айдың ішінде 220-дан аса шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны туралы істер қаралып, 140 адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығаруға қаулылар қабылданды. Бұл адамдардың басым көпшілігі - Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің азаматтары.
Алдағы уақытта Павлодар қаласы Әкімшілік сотының ұжымы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның баптарында жазылғандай азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қызметтерін керекті деңгейде атқара бермек.
А.ТҰРСЫНБЕКОВ,
Павлодар қаласы Әкімшілік сотының төрағасы.

