Қазақстан Республикасының Конституциясының 21 бабының 1 тарауында: «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамның, заңда арнайы көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Қазіргі таңда қазақстандық тұрғындар осы заңды бетке ұстап, өздері қалаған ауылда немесе қалада ел қатарлы бейбіт күн кешуде. Мәселен, еліміздің ауылдық жерлерінде туып-өскен көптеген жастар орта мектепті тәмамдағаннан кейін, белгілі бір мамандық алу мақсатында қалаға келіп, оқуға түседі. Сөйтіп, олардың басым бөлігі өз қалаулары бойынша қалада қызмет істеп, отбасын құрып, қалалықтардың қатарын толықтырып жатады. Ал кейбір азаматтар жұмыс барысымен басқа елдімекендерге көшіп, жаңаша тірлік бастайды. Бірақ, Ата Заңымызда айқын көрсетілгендей, ел азаматтарын өз еркінен тыс ешқайда қудалауға немесе көшіріп жіберуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан да, республика жұртшылығының жүрек қалаулары бойынша жүріп-тұруына, тұрғылықты жерінен басқа жаққа орын ауыстыруына толығымен құқығы бар.
Қазақстан Республикасының заңдарында адам құқығын қорғау мәселелеріне баса мән берілгендіктен, еліміздің барлық тұлғалары ұлтына, нәсіліне, дініне, түр-әлпетіне, қалтасына қарамастан өз еркімен мәнді өмір сүруге лайықты мекенде тұруға міндетті. Тіпті, елімізде жанашыры жоқ, панасыз адамдарды да мемлекет тікелей қамқорлығына алуда. Айталық, республикамыздың әр аймағында қартайған шағында ұл-қызынан қайыр көрмеген қарияларға арналған қарттар үйі ашылған. Сондай-ақ ата-анасы жоқ немесе туған баласынан бас тартқан «көкек» аналардың тастанды сәбилерін асырайтын облыстық балалар үйі де бар. Соңғы кездері қоғамның қолдауымен өзгенің баласын өз бауырына басып алуға ниетті, мейірімді жандар да табылып, нәтижесінде патронаттық отбасыларының саны артуда. Оған республикалық «Қуан, сәби!» акциясы дәлел.
Адам тағдырын биікке қойған Қазақстан Республикасында үй-күйсіз, көше кезіп, тентіреп жүрген жандарға арналған бейімдеу орталықтарының да бар екендігін атап өткен орынды. Осыған қарап, мемлекетімізде халықтың жүріп-тұруына, таңдаған жерінде өмір сүруіне қоғам тарапынан үлкен қолдаудың бар екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматы атанған тұлғалардың шет мемлекеттерге шығуына құқықтарының бар екендігі айтылған. Бүгінде көптеген қазақстандықтардың түрлі мақсатпен шет елдерге емін-еркін шығып жүруі-Конституцияның арқасы. Жыл сайын Америка, Германия, Греция, Италия, Франция, Чехия, Қытай, Түркия сынды әлемнің дамыған мемлекеттеріне біздің елден жүздеген талантты жастар білім алуға аттанады. Туристік сапармен де мұхит асып келіп жатқан азаматтарымыз жетерлік. Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген адамдар да аз емес. Міне, осының бәрі-Қазақстан Республикасының өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең әрі мұндағы азаматтардың демократиялық құқықтарының сақталуының айқын көрсеткіші екені мәлім.
Нұржайна ШОДЫР.

