ТӘРТІП БҰЗЫП, «ТӨРГЕ ОЗҒАН» ТҰЛҒАЛАР

«Білмей қалдым» һәм аяушылық ұстаным

Қызмет барысында қолданыстағы заңнамалардың талаптарын бұзған шенеуніктерді тезге салатын құрылымТәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтіп, он мәселе талқыланды. Бұл жолы да мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтардың сипаты түрліше өрілді. Әдеттегідей, табыс туралы декларациясын дұрыс толтырмаған лауазымды тұлғалар да Тәртіптік кеңестің төрінен төбе көрсетті.

Әбден қалыптасып, сіңісті болып кеткен бір жағдай - Тәртіптік кеңестің «төріне» шақырылған шенеуніктердің «Заңды, оның нормаларын, талаптарын білмей қалдым, содан жаза бастым, кемшілікке бой алдырдым» деп ақталудан арылмайтындығы. Мұндай жағдай былайғы адамдарға кәдімгідей күлкі туғызатын болды. «Жаздым, жаңылдым» деген «тәртіпсіз шенеуніктер» көп ретте жеңіл жазамен құтылып кетіп жататынына таң қалудан да қалып барамыз. Негізінен, заңды бұзып, тіпті, белден басып көзге түскен мемлекеттік қызметшілерді тезге салатын Тәртіптік кеңестің құзырлық болмысы «тым жұмсақтау» ма деп ойлайсың. Әрине, біз қоғамды ізгілендіруге қарай қадам басқан зайырлы ел болуды мақсат етіп алдық. Ізгілендіру үшін кейде жұмсақтық, аяушылық таныту керек те шығар. Бірақ әр отырыс сайын айналып келе беретін, қайталана беретін кемшіліктерге, «білмей қалдым, көрмей қалдым, ұқпай қалдым» деген ақталуларға түбегейлі тосқауыл қоюға болмас па екен?!

Қызықтың «көкесі» сол, егер міндеттелген қызметін жүзеге асыру барысында заңды білмей қалатын болса, содан жемқорлық сипатындағы жағымсыз әрекетке жол беріп алса, онда әу баста мұндай мемлекеттік қызметшіні «конкурс бойынша» жұмысқа қалай қабылдаған? Несіне қараған? Заңнамаларды білуі жағынан үмкіткерлердің барлығынан сынақ алынады емес пе? Ондай сынақты алатын дәп сол Тәртіптік кеңес қанатына кіретін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма ғой! Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма оны-мұны салаларға мемлекеттік қызметшілерді конкурс арқылы қабылдайды да, артынша олар «заңды білмей қалып», Тәртіптік кеңестің «төріне» шақырылады, жауапкершілікке тартылады. Өте қызық жағдай!

Не керек, «Декларацияны дұрыс толтырмаудың» жыры бір бітпей-ақ қойды. Мемлекеттік қызметке тұрған тұлғаларға табысы туралы декларацияны қалай толтыру керектігін кім үйретуі керек осы? Дәл осы сауал көпшілікті қатты толғандырады. Өйткені, декларация мәселесі бойынша тәртіптік іс қозғалған лауазым иелерінің қай-қайсысы да: «Білмей қалдым, қателесіп кетіппін, оны-мұны мүлікті өзгелерге сатқаннан кейін, өз атымнан сызып тастауды ұмыт қалдырыппын» деген әбден таптауырын болған уәжді алға тартып әлекке түседі. Бәлкім, арнайы орталық ашып, мемлекеттік қызметке келген тұлғаларға декларация толтырудың әліпбиін тәтпіштеп үйрететін курстар ұйымдастыру керек шығар. Жалпы, қол астындағы қызметкері табыс декларациясын дұрыс толтыра алмайтын болса, мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы не қараған, қызметкерлеріне не үйреткен деген ойда қаласың. Тәртіптік кеңестің мүшесі Марат Ибраев та осы мәселені көлденең тартып: «Декларацияны бұрыс толтырған қызметшілердің басшылары неге жауап бермейді осы үшін» деген байламды ортаға тастаған еді. Бірақ оның байламына құлақ асқандар болмады, көпшілік назары басқа жаққа қарай ауып кетті.

Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың үш қызметкеріСергей Скутин, Бауыржан Кереев және Ботагөз Раскелдинова өздерінің табыс туралы декларацияларын дұрыс толтырмай, мәліметтерді қате беріпті. Мұны Екібастұз қалалық прокуратурасы анықтаса керек. Қызметшілердің бірі жартылай болса да жылжымайтын мүлікке ие екендігін көрсетуден қалыс қалса, екіншісі жер учаскесі бар екенін жазбаған, үшіншісі өзінің атында көлігі бар екенін көрсетпепті. Соңғысы «Жеңіл көлігімді әлдеқашан сатып жібергенмін. Ешқандай алабөтен ойым болған емес» дегенді айтты. Бірақ өзгеге сатылған көлік әлі күнге дейін өз атында тіркеліп тұрғанын білмей, әрекетсіз жүре берген. Лауазым иесінің декларация толтыру барысында ешқандай алабөтен ойы, қасақана әрекеті болмаса да, заңның атызаң, талапты орындау керек! Мүліктің өз атынан шығарылғанын немесе шығарылмағанын тексеріп, әрекет жасауы қажет еді. Бірақ оны кеш жасаған екен. Декларацияны дұрыс толтырмау, мәліметтерді толық көрсетпеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңның талаптарын бұзу болып табылады. Декларация мәселесі бойынша істері қаралған екібастұздық қызметшілерге қатысты шара қолдану жөнінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығына Тәртіптік кеңес тарапынан ұсыныс енгізілді.

 

Баянауылдан Қызылжарға «дұғай сәлем»!

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-Намыс Кодексі талаптарына қайшы келетін әрекетке барған лауазым иесі де ақ тер, көк тері шығып, Тәртіптік кеңес отырысында түсінік беруге мәжбүр болды. Тарқата айтсақ, Баянауыл ауданы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі сала инженері, өртке қарсы қызметтің капитаны Жамбыл Ізтулин мемлекеттік қызметші, шен иесі бола тұра, Ар-Намыс Кодексі талаптарына қайшы келетін әрекет жасап, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің(!) атына үндеу жолдаған. «Бақсақ, бақа екен» демекші, ол Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бір ауылдың тұрғындары атынан үндеу жазып, аталмыш ауылдағы «Әжімбай-Агро» ЖШС жергілікті тұрғындардың мүддесін аяқасты еткенін, серіктестікке жұмысқа көршілес ауылдардың тұрғындарын ғана тартатынын, ал нақ сол ауылдың азаматтарына ықылас танытпайтынын, елді мекеннің проблемаларына назар аудармайтынын «жайып салыпты». Солтсүтік Қазақстан облысы әкімінен осы мәселеге араласуды сұраған көрінеді. Белгілі болғандай, баянауылдық капитанның анасы мен туыстары Солтүстік Қазақстан облысындағы аталмыш ауылда тұрып жатыр. Әкесі марқұм ауылға, өңірге қадірлі адам болған, ал сол ауыл бүгінде әкесінің есімімен аталады екен. «Бар ойым ауылдықтардың жағдайына көмектесу болды, өзімді мемлекеттік қызметші емес, қарапайым азамат ретінде санап, әрекет жасадым» дейді шен иесінің өзі. Алыстағы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына алаңдауы, мәселелеріне ықпал етуді көздегені ел азаматы ретінде дұрыс-ақ делік. Бірақ, Тәртіптік кеңес мүшелері мұндай әрекет мемлекеттік қызметтегі тұлғаның айналысатын шаруасы емес деп шегелей атап көрсетті.

Нормативтік талаптар бойынша, мемлекеттік лауазым иесінің мұндай әрекет жасауына, тұрғындар атынан үндеу жолдауына еш құқығы жоқ, тіпті, мемлекеттік қызметші бола тұрып, республика азаматы ретінде де бұлай етуге өкілеттігі жоқ. Бұл әрекет төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген Ар-Намыс Кодексі тармақтарының бұзылуына әкеліп соқтырады. Талап бойынша, кез келген мемлекеттік қызметші азаматтармен және заңды тұлғалармен қарым-қатынас барысында тек мемлекеттік институттарға деген сенімнің артуына ықпалдық жасауы қажет.

Өртке қарсы қызметтің капитанына қатысты шара қолдану үшін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке ұсыныс жолданатын болды.

 

Құжатың түгел болмаса, қайырымдылығыңкөк тиын!

Мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі қандайда бір құжатты толтыру, тіркеу, азаматтардың өтініштерін қарау бойынша салақтық, салғырттық танытып, заң талаптарының бұзылуына жол береді. Мысалы, Ертіс ауданында аудан әкімінің орынбасары Ағдан Сәрсенбаев төрағалық ететін тұрғын үй комиссиясы 2009 жылдың 4 қарашасында тұрғындардың аз қамтылған, әлеуметтік қорғаудағы санатына жататын Р.Жұматаеваға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер бөлу туралы шешім шығарыпты. Р.Жұматаева баспана сұрап, өтінішті 2009 жылдың тамыз айында түсірген екен. Бірақ комиссияға бұдан да бұрын, яғни 2008 жылдың мамыр айында азаматша Г.Ариповадан келіп түскен өтініш бар екенін аудандық прокуратура анықтапты. «Азаматша Г.Арипова баспанаға зәрулердің тізімінде Р.Жұматаевадан бұрын тұрса да, әлі күнге дейін пәтерге ие бола алмай отыр. Заңнамада ешбір тұлға кезексіз негізде баспана ала алмайтындығы тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда, комиссия мүшелері бұл талапты айналып өтіп, кезектен тыс баспана беру жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, комиссия мүшелері - мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзылып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекетке жағдай тудыратын факті анықталды», - дейді қадағалаушы орган – прокуратура өкілі.

Тұрғын үй комиссиясының төрағасы, Ертіс ауданы әкімінің орынбасары А.Сәрсенбаев жағдай бойынша жан-жақты түсінік беруге тырысты. Оның айтуынша, азаматша Г.Арипованың отбасында 7 мүше, ал Р.Жұматаеваның отбасында 5 мүше бар екен. «Р.Жұматаеваға берілген пәтердің тұрғынжайлық алаңы 39 шаршы метрді құрайды. Бұл жерде отбасындағы 7 адаммен Г.Ариповалар тұра алмайтыны, тар болатыны айдан анық еді. Ал Р.Жұматаеваның отбасындағы 4 баланың ең үлкені 5 жаста, соңғы екеуі - әлі бір жасқа да толмаған сәбилер. Бұл отбасының атында ешбір баспана жоқ, тіпті, қақаған қыс таяғанда далада қалатын қауіп туындады. Осының бәрін ескере отырып, комиссия пәтерді Р.Жұматаеваның отбасына беру жөнінде шешім шығарды. Азаматша Г.Ариповаға жалпы алаңы 60 шаршы метрді құрайтын баспана ұсынылды. Олар әлгі баспанаға кіріп, бір аптадан соң: «Онысы жоқ екен, мұнысы нашар екен» дегенді алға тартып, бұл үйде тұрудан бас тартты. Бас тарту себебін қағаз жүзінде жазып беруден да қашқақтады. Оларға ұсынылған баспана өте қолайлы болатын. Бұған дейін аудандық бір бөлімнің басшысы отбасымен тұрған. Г.Ариповаларға неліктен ұнамай қалғандығы бізге түсініксіз. Бұл отбасындағы балалардың алды ержеткен. Г.Арипова өзінің туған әпкесімен, әкелерінен қалған баспанада тұрып жатыр. Қала берді, ол үйге үлестік пайызы да бар екені белгілі», - деп атап көрсетті аудандық тұрғын үй комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары.

Комиссия мүшелерінің әрқайсысы Тәртіптік кеңес отырысы төріне шақырылып, түсініктері тыңдалды. Бәрі бірауыздан: «Баспанадан мүлде жұрдай, шиіттей балалары бар Р.Жұматаеваның отбасына алаңдаушылық танытып, қысқы суыққа қалмасыншы деп пәтерді соған беруге ұйғарым жасадық. Оның үстіне отағасы жазасын өтеп жатыр. Табыс табар жан жоқ»,- дейді.

Бірақ прокурор: «Бұл ешқандай ақталуға жатпайды. Қайталап айтамын – Заңда кезексіз баспана беруге үзілді-кесілді тыйым салынған. Сондықтан да Сіздер заңның осы талабын бұздыңыздар», - деп табандап тұрып, қысқа қайырумен болды. Өкінішке қарай, Г.Арипованың мәселесіне тоқетер нүкте қойылатын күн әлі тумай тұр. Қадағалаушы орган оның баспана сұрап сонау 2006 жылы өтініш түсіргенін анықтаған. Содан бері баспана бұйырмай келеді. Неге? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Ал өтінішті бұл отбасыдан кейін түсіргендер пәтерге қол жеткізуде. Отанасын осы жағдай ашындырса керек, прокуратураға дүркін-дүркін арыз-шағым түсіреді екен. Ал комиссияның уәжі жоғарыдағыдай өріледі. Бірақ олар ұсынылған баспанадан Г.Арипованың бас тартқанын қағаз жүзінде дәлелдей алмайды, отанасынан «Мен бұл баспанада тұрудан өз еркіммен бас тартамын» деген тілдей қағазды да ала алмапты. Ал қағаз-құжатсыз ешқандай заңдылық айқындалмайтын, комиссия мүшелерінің істері ақ, көзқарастары адал да қайырымды екені оңайлықпен дәлелденбейтін түрі бар. Тәртіптік кеңес тарапынан бұл мәселені жіті қайта зерттеу, аудан әкімінің қарауына жіберу ұсынысы енгізілді.

 

Айлап жауап ала алмай...

Ертіс ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Қанат Молдақасов пен осы бөлімнің бас маманы Бағдат Беспаев азаматтардан келіп түсетін өтініштерді қараудың мерзімін өрескел бұзған көрінеді. Мұны да жергілікті прокуратура анықтаса керек. Тіпті, кейбір өтініштер 3 айға дейін қаралмай, өтініш иесіне жауап жолданбай, әрекетсіз қалған. Өздерінің бұл әрекеттерін түсіндіріп, себеп пен салдарды тізіп айтқанымен, мардымды жауап табылмады. Тіпті, мәселенің даулы һәм түсініксіз тұстары да аз емес. Қызметтік тексеру жүргізген тарап заң бұзушылық орын алғанын растап түйін шығарса, бөлім қызметкерлері оны жоққа шығаратын құжаттың көшірмесін Тәртіптік кеңес мүшелері алдына жайып салды. Прокурордың уәжі «Заң талабы бұзылды, оны біз тексеру барысында анықтадық» деп өріледі. Бұл мәселе де шикілігі басым деп танылып, қайта тексеру, қарастыру жөнінде ұйғарым жасалды.

Ақсу қалалық қаржы бөлімінің бастығы Айгүл Әзенова 2010 жылдың 28 мамырында мемлекеттік қызметші Жұхан Берденбекпен пәтерді жекешелендіру жөнінде келісім-шарт жасаған. Бірақ Павлодар облысы бойынша қаржы полициясы департаменті бұл келісім-шарттың заңсыз жасалғанын анықтапты. Мемлекеттік қызметші қызметтік деп теңестірілген және өзі тұрып жатқан баспананы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жекешелендіре алады. Заң бойынша мемлекеттік қызмет лауазымында он жыл еңбек еткен соң ғана қызметтік баспананы жекешелендіруге рұқсат етіледі. Тексеру барысында Ақсу қаласындағы пәтерді жекешелендірген кезде оған ие болған Ж.Берденбектің мемлекеттік қызметте тек 6 жыл 9 ай уақыт еңбек етіп отырғандығы, бірақ соған қарамастан, пәтерді оған жекешелендіріп беру жөнінде қалалық әкімдіктің қаулысы шығарылғандығы анықталыпты. Бұл жөнінде Тәртіптік кеңесте түсінік берген Ақсу қалалық қаржы бөлімінің бастығы мемлекеттік қызметші Ж.Берденбектің еңбек өтіліне жоғары оқу орнында білім алған жылдары да қоса есептеліп кеткен дегенді алға тартты. Яғни, мемлекеттік қызмет өтіліне жоғары оқу орнында оқыған студенттік жылдардың кірмейтінін мамандар білмеген. Содан барып қателескен. Екі тарап арасындағы келісім-шарт Ақсу қаласы әкімдігінің 2010 жылдың 25 сәуіріндегі қаулысымен жасалған. Қаржы полицейлері бұдан сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа жағдай тудыратын әрекет қылаң береді деп отыр.

Қазіргі уақытта келісімшарт бұзылып, Ақсу қалалық әкімдігі қаулысының күші жойылыпты. Заңсыз жекешелендірілген пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайта қайтарылған екен. Қаржы бөлімі бастығының мәселесі бойынша шара қолдану үшін Ақсу қаласы әкіміне ұсыныс енгізілді.

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30