Бес жыл бойы бюджет қаржысын қымқырып...

Мектептердің бірінде бухгалтер болып істеген азаматша жылдар бойы қазына қаржысын қымқырып келіпті. Оның бұл әрекетін облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес (Қаржы полициясы) департаментінің өкілдері әшкерелеген екен. Аталмыш факті бойынша облыстық қаржы полициясы департаментімен қозғалған қылмыстық істі тергеу шаралары тәмамдалып, іс мәртебелі соттың қарауына жолданған болатын. Таяуда сот осы іс бойынша үкім шығарды.

Қаржы полициясы департаментінің ресми өкілі хабарлағандай, мектеп бухгалтері бес жыл бойы бюджеттің қаржысына заңсыз қол сұғып, қомақты соманы қалтасына басып отырған. Осылайша ол қазынадан қып суыру, «ебін тауып, екі асау» әрекетін жүйелілік сипатта жалғастырып келген. «Мың асқанға бір тосқан» демекші, ақыры оның жымысқылығы анықталып тынды. Құқық бұзушы тұлға төрт жылға тақау Қашыр ауданындағы бір мектепте, кейін бір жылдан астам уақыт Павлодар қаласындағы мектепте есепші болып «еңбектенген». Осы аралықта ол бюджеттің 3,7 миллион теңгесін заңсыз иеленіп алған көрінеді. Бұл ретте бухгалтер ханым өзінің айлық еңбекақы көлемін артығымен жазып келіпті. Оның үстіне мектеп жұмысшыларына еңбекақы аударудың тізіміне заңсыз өзгертулер енгізіп, артынша ресми құжаттарға мектеп директорының қолын айнытпай өзі қоя салуды әдетке айналдырса керек.

Бұрынғы бухгалтердің әрекетіне қатысты қозғалған істі қарай келе, сот оны кінәлі деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыру, мүліктерін тәркілеу жөнінде үкім шығарды. Сонымен қатар бюджеттен жымқырылған қаржыны тәркілеуге, мемлекеттік баж салығы үшін 36965 теңге, сот сараптамалар жүргізу шығындарының есебі үшін 177 600 теңге төлеттіруге шешім шығарды.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға қарасты өртке қарсы мемлекеттік бақылау бөлімінің қызметкері 28 мың теңге көлемінде пара алып жатқан кезде ұсталды. Лауазым иесі тұрғын үй ғимаратын іске қосудың актісін бергені үшін пара алуды жөн санаған екен. Қаржы полициясы органы тарапынан аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта пара алмақ болған тұлға үй қамауында отыр.

Павлодар облыстық автомобиль жолдары комитеті департаментінің бас маманы да пара алу барысында тұтылды. Ол республикалық маңыздағы жолдарға жол белгілерін орнатуға арналған құжатты жеделдетіп рәсімдеп бергені үшін, сондай-ақ шұғыл түрде табыстағаны үшін азамат Е-ден 45 мың теңге пара алмақшы болыпты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Екібастұз қаласында сақтандыру қызметімен айналысатын агентке қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл туралы қаржы полициясының ресми өкілі Н.Бекжанова мәлімдеді. Сақтандыру шаруасымен шұғылданатын агент автокөлікті тіркеу есебінен жеделдетіп алып тастау қызметі үшін азамат В-ны жол полициясы қызметкерлеріне 5 мың теңге көлемінде пара беруге мәжбүрлеген көрінеді. Қазір осы қылмыстық іс бойынша тергеу-анықтау шаралары қолға алынған.

Екібастұз қаласындағы «Дезофарм-ЭК» ЖШС басшысы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын өндіру, өңдеу, өткізу, сондай-ақ аталмыш өнімдерді қолдануда тиісті лицензияның болмағанына қарамастан, жұмыстар мен қызмет түрлерін жүзеге асыру бойынша заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, үстіміздегі жылдың ақпан айынан маусым айына дейін бір миллион теңгеден астам табыс тауыпты. Бұл іс соттың қарауынан өтіп, айыпталушыға бес айлық еңбекақысы көлемінде, яғни 116 мың теңге сомасында айыппұл төлеттіру жазасын тағайындады.

Павлодар қаласында қоныс тепкен «Удек» ЖШС-нің басшысы салық органына жалған мәліметтері бар декларация ұсына отырып, мемлекетке аталмыш кәсіпорын бойынша төленбеген салықтар түрінде және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер есебінде жалпы сомасы 31,5 миллион теңге шығын келтірген. Осылайша, қаржы полицейлері мемлекетке келтірілген аса ірі көлемдегі шығынның және заңсыз түрде аса ірі көлемде қаржыны өтемеудің бетін ашты. Факті бойынша қозғалған іс тергеуден өтіп, сот органымен қаралды. Айыпталушыға 3 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру, 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу, сондай-ақ екі жыл бойы кәсіпкерлік ісімен шұғылдануға шектеу қою жазасы қолданылды. Мұнымен қоса, құқық бұзушыға мемлекетке келтірілген 31,5 миллион теңге көлеміндегі шығынның орнын толтыру да міндеттелді.

Асыл ӘБІШЕВ.  

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30