Облыста ағаш ұрлау әрекеті өршіп тұр. Жуырда осы мәселеге байланысты бірнеше факті тіркелді. Бұл туралы өткен аптада облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қуандық Байболов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мәлімдеді.
- Үстіміздегі жылдың 6-7 желтоқсан күндері табиғат қорғау полициясы қызметкерлеріне ағаш ұрланғандығы туралы мәлімет келіп түсті. Белгілі болғандай «Ертіс орманы» Бесқарағай орман шаруашылығында рейдтік іс-шаралар жүргізген полиция қызметкерлері орманның жиегінде мемлекеттік нөмірсіз «ГАЗ-53» автокөлігін ұстаған. Автокөлікте әрқайсысының ұзындығы 3 метр 94 дана қарағай ағашын тиісті құжаттарсыз тиеген Шығыс Қазақстан облысының үш тұрғыны анықталды. Көлік кабинасын тексеру барысында ағаш кесетін өзге де құралдармен бірге бензопила табылды. Орман өнімдерін тиеген автокөлік «Ертіс орманы» Бесқарағай филиалының АТП аумағына жеткізілді,- деді Қуандық Таңатарұлы. Қазіргі таңда аталмыш фактіге байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, шығын анықталуда. Тексеріс нәтижесі бойынша процесуалдық шешім қабылданады.
Сонымен қатар, Қуандық Таңатарұлы полиция қызметкерлері Первомайск орман шаруашылығының №90 кварталында орман өнімдерін тиеген «Т-40» маркілі тракторды анықтағанын жеткізді. Оның мәліметінше, трактор Лебяжі ауданы, Шақа ауылының тұрғынына тиесілі екендігі анықталды. «Трактор иесінің айтуынша, орман өнімін Первомайск орман шаруашылығының №90 кварталында тиеген. Алайда, жүк құжатында Первомайск орман шаруашылығының №105 кварталы белгіленген»,- деді Қ.Байболов. Бұл күндері аталмыш фактіге байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

