Іс-шараның алғашқы күнінде Павлодар қаласының ІІБ полиция қызметкерлері Айманов көшесі 1/1 мекенжайы бойынша орналасқан автотұрақтан «Тойота-Picnic» автокөлігін айдап кеткен 27 жастағы азаматты ұстады. Көлік ұрлаушы аталмыш автотұрақтың күзетшісі болып қызмет атқарады екен. Нәтижесінде көлікті айдап кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, мүлік иесіне қайтарылған. Шараның екінші күнінде полиция қызметкерлері қаламыздағы бірқатар жұмыс орындарында 84 сұхбат пен дәріс сабақтарын өткізсе, білім беру жұмыскерлеріне арнап 5 семинар ұйымдастырған. Шара аясында 600-ден аса жол жүру ережелерінің бұзушылығы анықталды. Олардың басым бөлігі қауіпсіздік белбеуін қолданбау, жылдамдық режимін бұзу, көлік жүргізу барысында ұялы телефонды қолдану әрекеттері бойынша назарға іліккен. Сонымен қатар, 21 тасымалдау көлігі, 25 жүк тасымалдау көлігі және 19 мемлекеттік автокөліктің жүргізушілері жол жүру ережелерін бұзған. Жол полициясы жеке батальон командирінің орынбасары Қайыржан Шақарғалиевтің айтуынша, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы қала көшелеріндегі жол тәртібін қадағалауға айырықша септігін тигізді. «Анықталған құқық бұзушылқтардың 16-сы Павлодар қалалық сотына бағытталды. Жол ережелерін өрескел бұзған төрт жүргізушінің автокөлігі автотұраққа қойылды. Жеке жол батальонының қызметкерлері жол-көлік оқиғалары көп тіркелетін қала көшелеріндегі күрделі қиылыстарға арнайы жіберілді. Республикалық маңыздағы іс-шара өз нәтижесін беруде»,- деді ол.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге қала көшелеріне рейдке шыққан ІІБ полиция қызметкерлері айналдырған жарты сағаттың ішінде алты бірдей жол ережесін бұзған көлік жүргізушісін ұстады. Полиция капитаны Гүлмира Оспанованың мәлімдеуінше, тіркелген дәйектердің көп бөлігі қауіпсіздік белбеуді тақпау және құжатсыз жүру әрекетіне байланысты. Жол полициясы қызметкерлері қала көшелеріндегі жол ережесін қатаң қадағалайтын мұндай шаралар алдағы уақытта көптеп ұйымдастырылса, жол-көлік оқиғалары едәуір төмендейтініне сенім білдірді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

