ҚАҚАҒАН ҚЫСТА АЯҚ КИІМ ТОНАП...
«Естімеген елде көп». Облыс орталығының қақпасы – вокзал маңызда істерге іс, ұрынарға қара таппай жүрген 24 жасар павлодарлық тұрғын Баянауылдың тұрғыны болып табылатын азаматқа күш көрсетіп, ашықтан-ашық аяғындағы былғары етігі мен қолғабын тартып алыпты. Таяудағы бет қаратпас аязды күндердің бірінде орын алған бұл оқиғаны Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері әшкереледі. Баянауылдықтың етігі мен қолғабының құны 9000 теңгені құрайды екен.
Ол – ол ма, дәл сол күні 53 жасар тағы бір павлодарлық полицейлермен ұсталды. Ол сабазың да автовокзал маңында торуылдап жүріп, павлодарлық азаматтың қысқы аяқ киімін тартып алыпты. Келтірілген шығын - 2000 теңге. Осы екі факті бойынша қылмыстық істер қозғалды.
МҮЛІК ҰРЛАП, ҚОЛҒА ТҮСТІ
Лебяжі ауданының сақшылары 37 жасар жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел мәліметке көз жүгіртсек, ол Алексеевка ауылындағы үйлердің біріне жасырын түрде кіріп, өзгеге тиесілі мүлікті ұрлаған. Шығын көлемі - 40000 теңге. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден ешқайда кетпеуі жөнінде қолхат алынды.
ОТЫРЫС СОҢЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАМЕН ТЫНДЫ
Павлодар қаласында кісі өліміне әкеліп соқтырған оқиға орын алды. Полиция өкілдерінің айтуынша, 28 жасар павлодарлық тұрғын Теплов көшесіндегі үйлердің бірінің пәтерінде болып, қожайынмен бірлесе спирттік ішімдік ішкен. Көңілді отырыс барысында екеуара кикілжің туындап, нәтижесінде қонақ болып келген азамат пәтер иесіне бірнеше ауыр дене жарақаттарын салыпты. Жарақаттардың ауырлығынан пәтер иесі қаза болды. Қазір осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
6 ҚАП ЖЕМДІ«АРҚАЛАП» КЕТІПТІ
Павлодар қаласының полицейлері Ленин кентіндегі бір үйдің ауласынан 6 қап жемді «көтеріп кеткен» 25 жасар жергілікті тұрғынды ұстады. Келтірілген шығын 10000 теңгені құрайды. Ал 24 жасар павлодарлық әйел азамат ебін тауып, өзгенің пәтеріне «бас сұғып», жеке мүліктерді ұрлаған. Шығын көлемі - 7000 теңге. Осы ұрлық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілерден ешқайда кетпеулері жөнінде қолхаттар алынды.
ТЕҢГЕ ДЕ ЖОҚ, ТЕРЕЗЕ ДЕ ЖОҚ!
Лебяжі ауданының полицейлері «сапалы әрі жедел түрде пластикалық терезе орнатып беремін» деп тапсырыс берушімен келісіп, артынша жұмысты орындамай, жалтарып кеткен тұлғаны анықтады. Ол тапсырыс берушіге қызмет үшін алдын ала 25000 теңге төлемақысын төлеткізеді. Бірақ, арада уақыт өткенде пластикалық терезеден хабар болмай кетіпті. Осылайша, алдын ала ақысын алып, жұмысты орындамаған тарапқа қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден ешқайда кетпеуі жөнінде қолхат алынды. Жағдай анықталуда.
ЗАҢСЫЗ ҚАРУ ҰСТАҒАН
Павлодар қаласында 29 жасар тұрғыннан 16 калибрлі, бір ұңғымалы аңшы мылтығы мен 19 оқ-дәрі тәркіленді. Мамандар жүргізген сараптама нәтижесінде, қару атуға әбден жарамды екені айқындалды. Атыс қаруын заңсыз ұстағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.
БҮЛІКШІЛ БҰЗАҚЫЛАР
Екібастұздық полицейлер қоғамдық орында шатақ шығарып, жұрттың шырқын бұзған қос «тентекті» тезге салуға мәжбүр болды. Екі жігіт қаладағы кафелердің бірінде бүлік жасап, бір азаматты қатты ұрып-соққан. Жапа шегушінің денесіне бірнеше жарақаттар түсірген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат берді.
Облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің мәліметтері
бойынша әзірлеген – Асыл ӘБІШЕВ.

