Аймағымыздың сот жүйесі қызметіне қатысты бірқатар кемшіліктер анықталуда. Әсіресе, өткен жылдың қорытындысына үңілер болсақ, облыс соттарының жұмыс сапасына байланысты орын алған олқылықтарды анық байқауға болады. Мұны аталмыш орган басшылары да жоққа шығармайды. Құрылым кемшілікті түзетудің жолдарын іздеуде. Аталмыш мәселе кеше Павлодар облыстық сотының 2010 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісінде талқыға түсті.
Облысымыздың сот органдарындағы кадр тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Мысалы, өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, аймағымыздың соттарында барлығы 52 202 іс қаралған. Оның басым бөлігі, дәлірек айтқанда, жетпіс пайызы - азаматтық істер. Қалалық соттың бір судьясының қарауына, орташа есеппен алғанда, айына 85 азаматтық іс түсетін көрінеді. Бұл - белгіленген мөлшерден төрт есе жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдай бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Мәселе тұрақты айтылғанымен, нәтиже жоқ. Ондайда әлдекімнен сапалы қызметті талап етудің өзі қиын.
Осының да салдары болса керек, аймақ судьяларының кәсіби дайындық деңгейі сынға ілігуде. Сот қарауына түскен қылмыстық істердің аяқталмай қалуы немесе қате шешім шығару көрсеткіштері жиі кездесетін болған. Онымен қоса, судьялардың тәжірибелерінің аздығы да кедергі келтіретін көрінеді. «Бұл ретте, бірінші және апелляциялық сот инстанциясының қызметкерлеріне айтылар наз көп. Мұның басым көпшілігі - судьялардың істің байыбына бармай, мән-жайын толық анықтамаудың салдары», - дейді облысымыздың апелляциялық сот коллегиясының төрайымы Г.Рысбекова. Яғни, бұл - қарапайым тілмен айтқанда, салғырттық. Тіптен судьялардың бірқатары процессуалды актілерді қалай жазуды да білмейтін болып шыққан. Яғни, соттың шығарылған шешімін, үкімді ресми түрде қағазға дұрыс түсіре алмайды. Ал ол өз кезегінде, тараптардың сот шешімімен келіспеушілігіне апарып соқтырады. Павлодар облыстық сотының төрағасы Ә.Қаженов аталған кемшіліктерді жоюды мықтап қолға алу қажеттігін баса айтты. Ең бастысы, судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру сияқты алдын алу шараларына жіті мән берілуі тиіс.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

