ТҮЙЕНІ ТҮГІМЕН ЖҰТЫП…

Бүгінде үйде жатып-ақ, саусақтарының басын қимылдатпастан табыс тауып, қомақты жалақы алуға болады екен. Қалай дейсіз ғой? Оңай. Ол үшін сіздің жақын туыстарыңыздың бірі лауазымдық қызметте, яғни қандай да бір мемлекеттік органның басшысы болса жеткілікті.

Қоғамда қылмыстың өршуіне, ең алдымен, халықтың төменгі және орта жіктерін жайлаған әлеуметтік шиеленіс себеп болады деседі. Статистикаға сүйенсек, қылмыстардың басым бөлігі жұмыссыздық, материалдық жағдайдың төмендігі, маскүнемдік, нашақорлық, рухани азғындау және тағы басқа осы сияқты әлеуметтік факторлардан туындайды. Ал, қалған қылмыстарға итермейлейтін нәрсе – ашкөздік, қанағатсыздық, яғни осындай қылмыстың астарында оңай байлыққа кенелемін деген пенделік пайдакүнемдік жатыр. Таршылық көрмеген адамның заңды көпе-көрнеу бұзып, қылмысқа баруы – ойланарлық жайт. Дегенмен, бұдан әлеуметтік салдарды іздеу қисынсыз, өйткені мұның бір ғана себебі бар, ол – маңдай терін төкпей-ақ тез пайда табу. Ол-ол ма. Жоғарыда аталған ашкөзділікке салынып, мемлекет қазынасына қол сұғып дәнiккендер мен құныққандардың миллиондаған-миллиардтаған қаржыны жұтқыншақтарынан қақалмай өткiзе алатындықтары, бюджет қаражатындағы ақшаны талан-таражға салудың түрлi айла-шарғысын ойлап табуда әбден әккi болып алғандары байқалады.

 

Басшылық - темір торда

Тоғыз жыл бойы қазынаға қол сұғып келген облыстық қазынашылық департаменті басшыларына қатысты қылмыстық іске байланысты жаңа деректер анықталуда. Олардың мемлекетке келтірген залал көлемі 299 миллион теңгеден асып отыр. Онымен қоса, тергеу амалдары барысында бұл қылмысқа аталмыш департамент бастығының да қатысы бар екендігі анықталған. Нәтижесінде бүгінде айыпталушылар саны төртке жетіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік. Өткен жылдың қыркүйек айында Павлодар облысында он жылға жуық уақыт бойы қазына қаржысын қымқырып келген қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлаған болатынбыз. Аталмыш мемлекеттік органның басшылығы бастап, орынбасарлары қостаған әккі топ өздерінің жымысқы әрекеттерін 2001 жылдан бастапты. Осы уақыт аралығында олар мемлекетке жүздеген миллион теңге зиян келтірген. Алайда ол кезде құқық қорғаушылардың құрығына облыстық қазынашылық департаменті бастығының орынбасары мен екі бөлім басшысы ғана іліккен еді.

Күдіктілер заңсыз пайда табудың қарапайым, бірақ шытырман жолын таңдапты. Өздерінің туған-туысқандарын қағаз жүзінде жоғарыда аталған департаментке жұмысқа қабылдап, оларға ай сайын жалақы төлеп отырған-мыс. Ал шын мәнінде аталмыш «жалған қызметкерлер» мекеме табалдырығынан бір рет те аттамаған адамдар болып шықты. Айыпталушылар туысқандарына заңсыз түрде жалақы аударып отыру үшін департаментте жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақыларынан салық, зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдерінен үнемдеп ұстап қалып отырған. Оны айтасыз, тиесілі жалақыларын толық мөлшерде ала-алмай жүргендігіне қарамастан қызметкерлер бастықтарының санатта жоқ туыстары үшін де жұмыс істеп келген. Есесіне күдіктілер мол олжаға кенеліп отырған. Олардың бұл жұмақ өмірі тоғыз жылға созылды.

- Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізу барысында бұл заң бұзушылыққа облыстық қазынашылық департаменті бастығының да қатысы бар екендігі анықталды. Атылмыш қылмыстың деңгейін және мемлекетке келтірілген шығын мөлшерін ескере отырып, айыпталушыларды сот үкім шығарғанға дейін қамауға алу туралы шешім қабылданды, - дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департамент бастығы Манас Сабаншиев. Дегенмен, қаржы полициясының өкілдері дәйектер қатары әлі де молыға түсуі мүмкін екенін айтып отыр. Себебі қамауға алынған департамент бастығы лауазымдық қызметте небары екі жыл ғана отырған. Ал қылмыстың тоғыз жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқандығын ескерсек, аталған қылмысқа облыстық қазынашылық департаментіне әр жылдары басшылық еткен тұлғалардың қатысы бар болуы мүмкін. Онымен қоса, осыншалықты уақыт аралығында айыпталушылардың жымысқы әрекеттері ешбір бақылау органдарының назарына түспей келгендігі күмән тудырады. Бұл ретте, қаржылық бақылау инспекциясы секілді тиісті органдардың департамент қызметіне тексерулер жүргізгендігі анықталып отыр. Бірақ, соған қарамастан, неліктен ешбір заң бұзушылықтың анықталмағандығы түсініксіз. Дегенмен, тергеу жұмыстары әлі жалғасуда. М.Сабаншиевтің айтуына қарағанда, бұл іске басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бары не жоғы анықталатын болады.

 

Салықты мемлекетке емес, салықшыға төлеұпайың түгел болады

Облыстағы аудандардың бірінде жемқорлық қылмысқа қатысты тағы бір таң қаларлық факті тіркелді. Бұл жолы аудандық салық бөлімінің маманы құрықталды. Ол жерлес кәсіпкерге салықтан жалтаруға көмектескен. Оның несі таң қаларлық деп ойларсыз? Бар мәселе мемлекетке келтірілген шығын көлемінде. 500 миллион теңге.

Жалпы, сыбайласа әрекет етіп, ел қазынасына суық қолын сұғып жатқан жемқорлар туралы қазір көп айтылады. Алайда, ортақ үлестен заңсыз асап, қарнын қампитып жатқандар қатары азаяр емес. Олардың арасында мемлекеттің қаржысын заңсыз өз мүддесіне жаратып қоюшылар мен қызметтік лауазымын пайдаланып ірі көлемде пара алушылардың қақпанға түсіп қалғандары да баршылық. Солардың біріжоғарыда аталған салық қызметкері. Облыстық қаржы полициясының өкілдері бұл оқиғаның нақты қай ауданда орын алғандығы туралы мәліметті тергеу амалдарына байланысты құпия сақтап отыр. Жүздеген миллион салықтан құтылған кәсіпкердің де қай салада жұмыс істейтіндігі белгісіз. Салығының өзі жарты миллиард теңгені құрап отырғанда, табысының қанша екендігін ойлай беріңіздер. Демек, мақтана беруге болады. Бізде де миллиардерлер баршылық екен.

Осылайша, “түйенi түгiмен” жұтқандар салық саласында да оңай олжаның “үстiнен” түстi. Мұндайда қамбаны қанша толтырғаныңмен түбі тесік болса және оған қол сұғушылық тыйылмаса – ешбір елдің өсіп-өркендей алмайтыны анық нәрсе.

 

қазына қаржысы қайтарылмады

Әлдеқандай қамшы тидi ме, ендi аймақтық қаржы полициясы қызметкерлерi деКiм жақсы жұмыс iстейдi?” деген өзара жарысқа түсiп жатқандай. Жер-жерлерден түрлі лауазым иелеріне қатысты қылмыстық iстердiң ашылғандығы жайлы ақпараттарды құлағымыз жиі шалатын болды.

Жалпы, өткен жылы Павлодар облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департаментімен 482 қылмыстық іс тіркелген. Ал сот қарауына барлығы 514 қылмыстық іс (оның ішінде 2009 жылдан қалған қылмыстық істер де бар) жөнелтіліпті. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 4 миллиард 800 миллион теңгені құрап отыр. Өкінішке қарай, оның тек бір миллиард теңгеден астам бөлігі ғана қайтарылған. Яғни, қазынадан қымқырылған қаржының басым бөлігі әлдекімдердің қолында кеткен. Облыстық қаржы полициясының өкілдері жемқорлық қылмыстардың көбейіп келе жатқандығын айтады.

P.S. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын елімізде жеңiл-желпi қылмыс жасаған қылмыскерлерге рақымшылық жасап, бостандыққа шығару қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Оған сәйкес, үш жылға дейiн сотталған қылмыскерлер үйiне қайтады. Олардың iшiнде күнкөрiс үшiн қылмыс жасаған сормаңдайлар да, бiр бөлке нан ұрлағаны үшiн сотталып кете барған бейбақтар да бар. Ендi олардың орнын мемлекет қазынасынан миллиондаған-миллиардтаған теңгенi ұрлап, сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижесiнде ұсталған қылмыскерлер баса ма? Дiн тұрғысынан қарағанда, ананiкi де, мынанiкi деұрлық. Дегенмен де, қарны ашып ұрлық жасаған мен ашкөздiкпен жасаған ұрлықтың, бiреудiң тауығын ұрлаған мен халық қазынасына қол сұққанның айырмасы жер мен көктей. Тек бiрiнен соң бiрi ашылып жатқан қылмыстық iстер аяғына дейiн жетiп, қылмыскерлер сот алдында жауапқа тартылса игі.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28