Еліміздің Ішкі істер министрлігі жол полициясы
инспекторларының санын біртіндеп қысқартуды қолға алып отыр.
Есесіне, жол-көлік қозғалысы мен қауіпсіздік
ережелерін бұзушылықты айғақтайтын
фото-бейне түсірілім жүйесін барынша жетілдіру көзделуде.
Инспекторлар қатарын қысқартудан үнемделетін қаражат
жол полициясының жұмысын ынталандыруға жұмсалмақшы екен.
Айта кету керек, Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында өткен
Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде жол қозғалысы жүйесіндегі тәртіпті нығайтуды,
сондай-ақ жол полициясы жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жоюды талап еткен болатын.
Осыған байланысты ішкі істер құрылымы басшылығының жұмыс жоспарына сәйкес жол полициясы саласында жең ұшынан жалғасқан
жемқорлықты жою шаралары жүзеге асуда.
Бұл ретте фото-бейне бақылау және тіркеу құрылғыларының мүмкіндігі мол көрінеді.
Соның арқасында жол полицейлерінің ереже бұзушылармен тікелей қарым-қатынасы шектеледі екен.
Жол полициясы саласындағы тағы бір жаңашылдық – «жалғыз терезе» үрдісі.
Жүргізушілік куәліктерді алу, басқа да рұқсат беруші шараларды жүзеге асыру тек бір жерден реттеледі және көп уақытты алмайтын болады.
Мәліметтерге ден қойсақ,
қазіргі уақытта ішкі істер органдарындағы дербес қауіпсіздік құрылымдары белсенді жұмыс тәртібіне көшірілген көрінеді.
Аталмыш құрылым жол полициясы саласында қызметкерлер тарапынан заңды бұзу фактілерін анықтаумен шұғылдануда.
Былтырғы жылы жол полициясы қызметкерлері тарапынан заңды бұзу әрекеттері екі есеге артқан екен.
Жол полицейлерінің қызметіндегі тағы бір өзекті мәселе – еңбекақының төмендігі.
Министрлік тарапынан жол полициясы өкілдерінің еңбекақысын көтеру туралы мәселе бұрыннан қозғалып келеді.
Өкінішке қарай, мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Құқық қорғау жүйесін реформалау шеңберінде еңбекақыны көтеру бойынша да ұсыныс әзірленіп жатқанын естідік.
Бұл мәселені тек Үкімет қана шеше алады.
Былайғы жұртшылық «жол полициясында қызмет ететіндердің саны соңғы кездері тым көбейіп кеткен сияқты» дегенді де айтады.
Бірақ, нақты деректер мұны мүлде жоққа шығарады.
Соңғы 5-7 жыл көлемінде елімізде жол полицейлерінің саны екі есеге азайыпты.
Бұрындары жол полициясы қызметкерлерінің жалпы саны он мың адамнан астам болса, қазір төрт жарым мыңды құрайды екен.
Ішкі істер министрлігі жол полицейлерінің санын алдағы уақытта да қысқарта түсуді назарда ұстап отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, фото-бейне құрылғылар жүйесін барынша жетілдіру арқылы штат санын азайтуға мән берілмекші.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдары туралы жаңа заң жобасы құрастырылуда.
Заң жобасы бойынша құрылымды жетілдірудің көптеген тың бағыттары қарастырылып жатса керек.
Түптеп келгенде, Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруды ішкі істер органы бастап кетті. Жол полицейлерінің штат саны қысқарғанымен,
жүйеге бөлінетін қаржының көлемі кемімейді.
Үнемделген қаржы нақты жұмыс атқарып жүрген қызметкерлерді ынталандыруға бағытталатын болады.
Үкімет оң қабақ танытып жатса,
алдағы уақытта жол полицейлерінің еңбекақы көлемі де көтеріліп қалар деген үміт бар.
Мұның өзі жол бойындағы жемқорлық әрекеттердің тежелуіне ықпал етер еді.
Қалай десек те, бірінші кезекте «алтын көріп, жолдан таятын» арсыз полицейлерден арылу көзделіпті.
Нәтижесі қаншалықты болғанын алдағы уақытта біле жатармыз.
Асыл ӘБІШЕВ.


