«Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған. Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты. Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз. Бұл жұмыс ымырасыздықпен жалғастырылады».
ҚР Президентінің 2011 жылғы Жолдауынан.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елімізде жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз жүргізіле беретінін қадап айтып келеді. Қоғамның қауіпті дертіне айналған пара беру немесе пара алу әрекеттеріне түбегейлі тосқауыл қою, алдын алу, әшкерелеу қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асып жатқаны баршаға белгілі. Соған қарамастан, оңай олжаны місе тұтатын, есебі мен ебін тауып қазына қаржысынан қып суырғысы келетін мемлекеттік қызметшілер уақыт өткен сайын анықталу үстінде. Сыбайлас жемқорлық індетімен ымырасыз күрес жүргізуге тиіс, бұл бағытта нақты міндеттерді іске асыратын құзырлы орган – экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаменті (Қаржы полициясы).
Облыс бойынша қаржы полициясы департаментінен алған деректерге тіл бітірсек, үстіміздегі жылдың 3 айында лауазымды тұлғалармен жасалған 23 жемқорлық қылмыс әшкереленген. 6 әрекет бюджет қаржысын иеленумен немесе ысырап етумен байланысты болса, 4 әрекет пара алуға қатысты өрілген екен. Мемлекеттік қызмет атқарып жүрген тағы 2 тұлға қызметін пайдалана отырып, алаяқтық әрекет жасаған көрінеді. Қаржы полициясы келтірген мәліметтеріне ден қойсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында облыстық автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасына қарасты мемлекеттік сатып алулар жөніндегі конкурстық комиссияның төрағасы 150 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде аймаңдай болған. Лауазым иесі автокөлік жолдарын күтіп ұстау жөніндегі мемлекеттік сатып алулар тендері кезінде конкурсқа қатысушыға «бүйрегін бұрып», «тендерді оң шешіп беремін» деп келісімшарт жасасып, ақша бопсалапты. Нәтижесінде, қаржы полициясы тарапынан осы фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, бұрынғы лауазым иесі тергеу амалдарымен әуре-сарсаңға түсіп отыр. Соңғы мәлімет бойынша аталмыш іс прокуратураның қарауына жолданған.
Елбасы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мен заңсыз кедергі келтіруден қорғауға, «көлеңкелі» экономикаға қарсы пәрменді күрес жүргізуге маңыз бергені мәлім. Сонымен қатар, мемлекеттің заңды мүдделері мен азаматтар құқықтарының аяқасты етілмеуіне қатысты да нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеген-тін. Қаржы полициясы өз қызметінде аталмыш бағыттарды да қаперден шығарған емес.
Департамент өкілдері жыл басында облыстағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың бірінің қызметінен қаржы-шаруашылық бағытындағы бірталай құқық бұзушылықтарды анықтаған екен. Алаяқтығы әшкере болған әлгі кәсіпорынның директоры (оның үстіне ол аудандық мәслихаттың депутаты болып табылады) заң алдындағы жауапкершіліктен айналып өтудің айла-амалдарын қарастырып, «бас қатырса» керек. Ол үшін істі тексеріп жатқан қаржы полициясы өкіліне бірнеше мәрте «сыйақы тықпалап», тексеру жұмыстарын тоқтатуды өтініп, мәселені өз пайдасына шешпек болыпты. Лауазым иесінің бұл айласы да іске аспай қалды. Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде кәсіпорын директоры қаржы полициясы өкіліне 270 мың теңге көлемінде пара беру үстінде қолға түсіпті. Пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған қаржы полицейлері қазіргі уақытта тергеу амалдарын жүргізуде.
Облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаменті өкілдерінің айтуынша, әсіресе мемлекеттік сатып алулар саласында жең ұшынан жалғасқан жымысқы әрекеттер жиі орын алады.
- Біз жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары кезінде Баянауыл ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық әрекетімен айыпталды. Лауазым иесі мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұрып, 2010 жылдың сәуір айында Баянауыл ауданына қарасты Бірлік ауылы аумағындағы автокөлік жолдарын жөндеуден өткізу бойынша жалған келісімшарт жасаған. Сол арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің біріне заңсыз түрде 1,7 млн. теңге қаржы аударып, мемлекетке зиян келтірді, - дейді облыстық қаржы полициясының өкілдері.
Қазынаға тиесілі қаржыны жымқыру немесе мақсатсыз пайдалану әрекеттері де аз кездеспей отырса керек. Мәселен, Павлодар ауданы спорт және дене шынықтыру бөлімінің бастығы ресми құжаттарға жалған мәліметтерді қасақана енгізе отырып, артынша сол арқылы бюджет қаржысын жымқырғандығы анықталған. «Ол өзінің қызметтік мүмкіндігін пайдалана отырып, өткізілмеген спорт шараларын өтті деп белгі соғып, бұйрық шығарып, қол қойып отырыпты. Нәтижесінде, бұйрық бойынша іс-шараларға бюджеттен 900 мың теңге қаражат аударылған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүзеге асты», - дейді департамент басшылығы.
Ал қарттар мен мүгедектерге арналған облыстық интернат-үйінің директоры қол астында қызмет ететін бухгалтермен өзара сыбайласып, бухгалтерлік құжаттарды қолдан жасау арқылы 2007 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың қазанына дейін ірі көлемде қазына қаржысын иемденген көрінеді. Олардың заңсыз әрекетінің нәтижесінде соңғы екі жылда шамамен 2,5 млн. теңге қаржы қолды болыпты. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары тәмамдалған.
Жемқорлық әрекеттері кедендік бақылау органдарында да анықталып отыр. Мәселен, Павлодар облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті бөлімнің бастығы әкімшілік іс қозғаудан бас тарту туралы жалған қаулы шығарады. Аталмыш «қаулы» негізінде арнайы орында сақтауда болған контрабандалық заттар айыпталушы тарапқа заңсыз қайтарылады. Нәтижесінде 490 мың теңге көлемінде зиян келтіріліпті. Бөлім бастығының бұл әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалған жайы бар.
Кеденшілердің тағы бірі - кедендік бақылау департаментінің бас маманы кедендік декларацияда көрсетілген жүкті кодтаудың сәйкессіздігі туралы мәлімет енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілінің қаржысын ұрлапты. Бұл жымысқылығы үшін кедендік бақылау департаментінің қызметкері серіктестік заңгерінен 50 мың теңге көлемінде пара алу қылмысы үстінде ұсталуға мәжбүр болады. Кеден қызметкері тұтылып, тұтқындалды. Тергеу жалғасуда.
Шағын және орта бизнес субъектілерін заңсыз тексерістерден, олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғау – қаржы полициясының басым бағыттарының бірі. Осы бағытта Мемлекет басшысы тарапынан нақты міндеттер қойылған болатын. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмасын іске асыру мақсатында жүргізіліп отырған жұмыс едәуір жандандырылса керек.
Салық органының бір қызметкері «құжаттарды тексеруден өткізу керек» деген желеуді алға тартып, Павлодар қаласындағы кәсіпкерді қосымша салық декларациясын тапсыруға мәжбүрлеген. Бұл ретте салық қызметкері кәсіпкерге «оңтайлы жағдай» жасауға да бейілі бар екенін танытқан. Егер қолма-қол 20 мың теңге беретін болса, онда салық қызметкері кәсіпкердің салық төлеуге қатысты сомасын азайтатынын айтып, «қызмет» түрін ұсыныпты. Артынша, кәсіпкер бұл жағдайды алға тартып, қаржы полициясына хабарласады. Нәтижесінде, салық басқармасының қызметкері 20 мың теңгені алып жатқан жерінде әшкереленген. Парақор салықшыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Айыпталушыны тұтқындау туралы сот шешімі 19 наурызда шыққан болатын.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және аумақтық бақылау департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы пара алу фактісі бойынша жауапқа тартылды. Лауазым иесі жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен тұрғызылған жанар-жағармай бекетінің талапқа сайлығына қатысты комиссияның қорытындысына қол қойып беруі үшін серіктестік заңгерінен 100 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Бірақ 100 мың теңгені алу кезінде тұтылуға мәжбүр болған.
Сондай-ақ, Павлодар облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасарына, бөлім бастығына және бас маман-тексерушісіне, Екібастұз қалалық тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығына, аталмыш бөлімнің сектор меңгерушісіне қатысты парақорлық фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айта кетелік.
Оны-мұны жұмысты, істі, шешімді, қаулыны «оңтайлы реттеп» бергені үшін оңай олжа иеленбек болған бірқатар лауазым иелерінің ісі соттардың қарауынан өтіп, заң бойынша кесімді жазаларын да алып отыр. Жемқорлық сипатындағы қылмысқа жол берген Павлодар қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бөлімінің бастығы К.Баймағамбетов 7 жылға, Павлодар қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының шақыру бөлімінің бастығы А.Кравчук 6 жылға, Павлодар қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Оңтүстік полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі М.Темірғалиев 3 жылға (шартты түрде) бас бостандықтарынан айырылды. Ардан безіп, мәртебелі заңды белден басып, қызметтік мүмкіндігін пайдалана отырып, «қолда тұрғанда қонышынан басуды» әдетке айналдырған кейбір шенділер мен шекпенділер есебін тапса, қазына қаржысына қол сұғуға бейілділік танытады. Мақсат жалғыз ғана – пайдакүнемдік, мемлекет қаржысы есебінен баюшылық. Жең ұшынан жалғасатын жемқорлық әрекеттерді анықтап, қозғалған істерді бұлтарыссыз дәлелдеп, жолдан тайған лауазым иелерін сот төріне дейін алып бару қаржы полициясы органының тікелей міндеті болып табылады.
- Біздің құрылымның барлық жеке құрамы өзара үйлескен жүйеде қызмет етеді. Елбасымыз агенттік пен оның құрылымдарына зор сенім артып, нақты тапсырмалар берді, маңызды міндеттер қойды. Сол міндеттерді ойдағыдай орындай отырып, қоғамымызды жемқорлықтан тазарту – баршамыздың ортақ ісіміз, - дейді қаржы полицейлері журналистерге айтқан пікірлерінде.
Асыл ӘБІШЕВ.

