Облыс аумағында жарты жыл ішінде төрт мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл туралы кеше облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразәлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, тіркелген қылмыстар саны былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Дегенмен, кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, бұзақылық, мал ұрлығы мен көліктерді айдап кету сияқты қылмыстардың саны төмендеген. Есесіне, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, бөтеннің мүлкін ұрлау фактілерінің саны арта түсіпті.
- Жыл басынан бері есірткіге байланысты 128 қылмыс анықталды. Оның басым бөлігі есірткіні заңсыз өткізуден туындаған қылмыстық әрекеттер. Есірткі тасымалдағаны үшін 172 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Учаскелік полиция инспекторларының көмегімен алты мыңға жуық адам профилактикалық есепке алынды. Сондай-ақ, балаларына тиісінше тәрбие бере алмаған ата-аналардың саны екі жүзден асып отыр. Сот шешімімен 45 ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылды. Олардың мұндай безбүйректігі дүйім жұртты қатты алаңдатады. Мәліметке сүйенсек, соңғы кезде жол-көлік оқиғалары азайған.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 12 шілдедегі номерінен оқи аласыз)

