тақырыбында семинар өтті
Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық етуі шеңберінде еліміздің Ішкі істер министрлігіне қарасты барлық оқу орындарының алғашқы даярлық топтарында адам құқығы бойынша арнайы оқу курсын енгізу жоспарланып отыр. Осы орайда жақында Павлодар қаласының ҚР ІІМ-нің училищесінде арнайы семинар ұйымдастырылды. Оған аталмыш оқу орнының басшылығы мен командалық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ Қостанай қаласындағы Қазақстанның халықаралық адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы филиалы бастығының орынбасары А.Кнаус қатысты.
Шара барысында адам құқығы жөнінде мәселелер талқыланып, сарапқа түсті. Онымен қоса, осы саладағы халықаралық құжаттардың сипаттамасы, негізгі халықаралық институттардың жұмысы сөз болды. Қатысушылардың назарына полиция қызметіндегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі проблемалар ерекше ілікті. Сондай-ақ семинарға келгендер бірнеше топқа бөлініп, құқық қорғау ережелері бойынша белсенді, әрі жауапты іс әрекеттерді талап ететін шынайы және ойдан шығарылған жағдайлармен жұмыс жасады. Нәтижесінде қатысушылардың әрқайсысы сабақ өткізудегі өзінің әдістемелік, тактикалық жеке бағытын ұсыну мүмкіндігіне ие болды.
Е.ҚҰСМАН,
Павлодар қаласындағы ҚР ІІМ училищесінің оқытушысы,
полиция капитаны.

