жол үстіндегі адам өлімі көрсеткішінің артуына себеп болып отыр
Өкінішке қарай, өткен алты ай қорытындысы бойынша аймағымызда жол-көлік апаттарының саны артқан. Құзырлы орган өкілдері бұған жүргізушілердің салғырттығы басты себеп болып отыр дейді. Соның салдарынан қала көшелерінде жаяу жүргіншілерді соғып кету фактілерінің көрсеткіші ұлғайған. Ал облысымыздың жол полициясы өкілдері әзірге бұл тәртіпсіздікті ауыздықтауға қауқарсыз.
Жыл басынан бері аймағымызда барлығы 169 жол-көлік апаты тіркелген. Бұл - өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға көп көрсеткіш. Нәтижесінде 21 адам қаза тауып, екі жүзге жуығы түрлі дәрежедегі жарақат алған. Облыстық жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Ақжігітовтың айтуына қарағанда, тіркелген жол-көлік апаттарының барлығы дерлік жүргізушілердің кінәсінен болған. Осылайша, жол жүру мәдениетінен жұрдай жүргізушілердің салғырттығы салдарынан ондаған отбасы өмірлік өшпес өзекті өртейтін өкініште қалды.
«Салақ» жүргізушілерді жөнге келтіруде аймағымыздың жол полициясы өкілдері шарасыздық танытып отыр. Мұның да өз себебі бар көрінеді. Т.Ақжігітов қызметкерлер санының жетіспейтіндігін айтып отыр. Бұл - үлкен мәселе. Себебі кадр тапшылығы қала көшелерінің аса қауіпті саналатын жол бөліктерінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік бермейді. Мысалы, осыдан бір айдан астам уақыт бұрын облыс орталығының Кутузов-Академик Шөкин көшесі қиылысында қала әкімі жүргізушісінің қатысуымен жол көлік оқиғасының тіркелгендігі естеріңізде болар. Ол жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан жас жігітті жоғары жылдамдықпен соғып кеткен болатын. Өкінішке қарай, жапа шегуші оқиға орнында көз жұмды. Араға екі-үш күн салып, дәл осы жол қиылысында екінші қайғылы оқиға орын алды. Онда да жаяу жүргінші қаза тапты.
Екінші мәселе – көлік жылдамдығын бақылайтын арнайы құралдардың тапшылығы. Бүгінде облыс бойынша мұндай бір ғана құрал бар көрінеді. Мұның қаншалықты аз екендігін айтпаса да түсінікті. Бірақ бұл мәселенің әлі күнге дейін оңтайлы шешілмей тұрғандығы таң қалдырады. Оның құны да аса қымбат емес көрінеді. Жылдамдықты бақылайтын бір құрылғы шамамен 800-900 мың теңге тұрады. Аймағымызда ондай құрылғының жиырмасы керек екен. Таразының бір шетінде адам өмірі тұрғанда қаржы мәселесін қозғамаса да болады емес пе?!
Осылайша облысымыздың жол полициясы басқармасы жаңа жарты жылдыққа жайсыз көрсеткіштермен аяқ басып отыр.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

