ӨЛІМ СЕБЕБІ АНЫҚТАЛУДА құзырлы орган түсінік берді

Өткен аптада аймағымыздың бұқаралық ақпарат құралдарында Павлодар ауданының Чернорецк жалпы білім беру орта мектебінде кәмелет жасына толмаған Александр Дивиннің қаза тапқандығы жөнінде суыт хабар таралды. Жасөспірім білім ошағының жертөлесінде көз жұмған. Түсініксіз жайт, әрине. Сол-ақ екен, бірқатар ақпарат құралдары мұның бақытсыз жағдай емес екендігін айтып, шулап қоя берді. Өздігінен тон пішкендей болды. Тіптен, құқық қорғаушылардың жұмысына жеңіл болсын дегендей-ақ, күдіктіні де «тауып қойды». Небір қауесетттер тарады. Алайда, шын мәнінде жағдай қалай орын алды? Шынымен А.Дивиннің өліміне біреудің қатысы бар ма?

 

Aталған қайғылы оқиғаға байланысты халық арасында дүдәмал хабар тарап кеткеннен кейін құзырлы орган өкілдері баспасөз мәслихатын өткізуді шешкен. Мән-жайды түсіндіріп, оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істің барысымен таныстырды. Белгілі болғандай, әлі бір нәрсені нақты, кесіп айту ертерек. Тергеу жүргізілуде. Дегенмен, бірқатар түсініксіздік тудырып отырған мәселелердің бар екендігі де рас.

Ресми деректерге сүйенсек, жағдай былай болған. Үстіміздегі жылдың 21-ші қазан күні, таңғы сағат шамамен сегіз жарым кезі. Мектепте бірінші сабақ жүріп жатқан. А.Дивинді сынып жетекшісі Әліш Жүнісов сабақ үстінен алып шығып, сөйлеспек болады. Ондағы мақсат - оқушының бірнеше күн бойына мектепке келмеу себебін анықтау. Бірақ, неге екендігі белгісіз, ұстаз баланы оқытушылар бөлмесіне, тым болмаса басқа сынып бөлмесіне де емес, жертөлеге алып түскен. Бұл әрекетін Ә.Жүнісов былайша түсіндірген: Александр ұяң, ашылып сөйлеспейтін бала болса керек. Осыны ескерген ұстаз Сашаны сыныптастарының алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырмау ниетімен оқшаулау жерге алып барыпты. Кенет, әңгіме барысында оқушы өзін жайсыз сезініп, лоқсып, құса бастайды. Өкінішке қарай, көмекке келген медицина қызметкерлері жасөспірімнің өмірін сақтап қала алмады. «Сот-медициналық сараптамасының алғашқы нәтижесіне сүйенсек, оқушының бауырында сары су жиналған ісік болған. Сол ісік жарылып кетіпті. Алайда, А.Дивиннің туған-туыстары бірінші зерттеудің нәтижесіне сенбей бізге, яғни прокуратура органына шағым түсірді. Нәтижесінде екінші мәрте сараптама жүргізілді. Оның қорытындысы алдағы күндері белгілі болады. Әзірге, өлім себебін нақты айту қиын», - дейді Павлодар ауданының прокуроры Мұрат Хамитов.

Ақпарат құралдарында Ә.Жүнісовтің оқушылармен «жігітше» сөйлесуді әдетке айналдырғаны жөнінде хабар таратылды. Яғни, «мектепте тәртіп бұзғаны үшін балаларды ұрып-соғады және қайтыс болған Александырга да қол жұмсаған» деп жазылды баспасөз беттерінде. Бірақ, прокурор бұл деректің әлі дәлелденбегендігін жеткізді. Жоғарыда аталған айыптаулар ақпарат құралдары өкілдерінің болжамы ретінде ғана қалып отыр. «Ә.Жүнісов күдікті деп танылған жоқ. Одан мектеп ұжымының басқа да қызметкерлерінен сияқты тек куәгер ретінде ғана жауап алынды. Бірақ, мына бір жайт белгілі. Ә.Жүнісов оқушылармен тәрбиелік жұмыс жүргізу тәртібін бұзды. Себебі, талапқа сәйкес ол сабақты босатқан оқушымен арнайы орында, ата-анасының көзінше сөйлесуі тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда ол қателік жіберді. Қазір аталмыш ұстаз мектептегі оқу үрдісінен алыстатылды. Сондай-ақ, біз аудандық білім бөліміне Чернорецк жалпы білім беру орта мектебінің директорын жұмысынан босату туралы ұсыныс жолдадық», - деп атап өтті М.Хамитов.

Жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әлі жүргізілуде. Сондықтан барлық жағдай анықталмай тұрып «анау кінәлі», «мынау айыпты» деп біреуге жала жабуға әсте болмайды. Мұнымен өрімдей жас баланы өмірге қайта алып келе алмасымыз анық. Ата-анасының жалғыз баласы Александр мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқалы тұрған шағында көз жұмды. Амал не? Тағдырдың жазуына төтеп бере алмаймыз.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30