Қателеспейтін жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деседі. Өмірінде өкінерлік әрекетке бой алдырып, соның салдарынан темір торға тоғытылып, тарығып жүрген жандар қаншама. Олардың ішінде жастар қауымы да бар. Жалпы, замандастарымыздың өз өмірін өздері қор қылып жүргенін көргенде еріксіз налисың. Бостандық кеңдік ете ме, әйтеуір заң бұзып, жазалануға асық тұрады. Иә, асық. Қылмысқа бой алдырып жүрген жас буынның әрекетін басқаша түсіндіру мүмкін емес. Өздеріңіз ойлап көріңіздер. Көйлегі көк, қарыны тоқ болса да ұрлық жасайды. Топ-топ болып төбелеседі. Тіптен, одан да сорақысына барып жатқандар жетерлік. Соның салдарынан «әлде кімнің баласын атып кетіпті», «пышақтапты», «ұрып-соғыпты» деген жантүршігерлік (бірақ құлақ үйренісіп қалған) әңгімелер екінің бірінің аузында жүр. Неліктен? Әрине, тәрбиенің таяздығы. Оны айтып та, жазып та жүрміз.
Ал бүгін темір тордың арғы жағындағы өмір жайында сөз қозғамақпыз. Ол үшін Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінің «мекеніне» бас сұғамыз.
Тәуелсіздікке сый: рақымшылық
Бүгінде облысымыздағы түзеу мекемелерінде 3119 сотталған жазасын өтеуде. Бұл - өткен жылғымен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш. Соған қарағанда, аймағымыздың қылмыстық ахуалы оңалып келеді деп айтуға болатын шығар. Кім білсін. Бәлкім, бұл еліміздегі қылмыстық жүйені гуммани-зациялау, яғни ізгілендіру жолындағы шаралардың нәтижесі болар. Себебі, биыл жыл басынан бері рақымшылық көрсетіліп, бостандыққа шыққан азамат-тардың саны екі есеге артқан (өңірде 133). Тоқсанға жуық адамның жазасы жеңілдетіліп, олар қоғамдық жұмыстарға тартылыпты. Жазасын өтеу мерзімі қысқартылғандар да бар.
Жалпы, мемлекеттің қылмыстық саясатын одан әрі ізгілендіру ісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынғандығы белгілі. Ол - қоғамға үлкен қауіп туғызбайтын қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтуға бағытталған. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес балама жазалардың, сондай-ақ, қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдердің саласын кеңейту көзделген. Оның ішінде медиация, яғни тараптардың еркін келісімі бойынша жүргізілетін сот істері институтын дамыту қолға алынуы тиіс.
Сондай-ақ, биыл Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Әбділ-Насыр Әлменовтің сөзіне сүйенсек, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай аймағымыздың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 225 азаматқа рақымшылық жасалады деп күтілуде. Оның ішінде, 182 сотталушы бостандыққа шықса, 43-інің жаза мерзімі қысқартылады.
Атап өтерлігі, қазіргі кезде аймағымыздың қылмыстық атқару инспекциясы мекемелерінде кәмелетке толмаған 32 бала бар. Бұл, жоғарыда атап өткен жастар арасындағы қылмыс деңгейінің әлі де төмендемей тұрғандығының айқын дәлелі болса керек.
Түзеу мекемелеріне заңсыз заттарды алып кіру фактілері толастар емес, дейді ҚАЖ өкілдері. Жыл басынан бері осындай бірнеше оқиға тіркелген. Жалпы алғанда 400 мың теңгеден астам ақша, 420 литр алкогольді ішімдік, 400-ге жуық ұялы телефон және елу грамдай есірткі тәркіленіпті. Біреулер аталмыш рұқсат етілмеген заттарды киім-кешек, тамақ, басқа да тұтыну тауарларына салып әкелсе, енді бірі мекеме қоршауынан лақтыратын көрінеді. Әзірге, өкінішке қарай, бұл кемшілікті толығымен жою мүмкін болмай отыр. Соның салдарынан қоғамымыздағы кейбір тұрғындар жәбір көруде. Қалай дейсіз ғой? Ұялы телефонға «қарық» болған сотталушылар абақтыда отырып-ақ, пайда табудың амалын меңгеріп алған. Қарапайым тұрғындарға қоңырау шалып, бопсалап, бірде қорқытып, бірде алдап телефон номерінің шотына ақша салдырып алатындар жетерлік. Халық болса, аңқаулықпен олардың құрықтарына оңай ілініп жатады. Ә.Әлменов аталмыш телефон қарақшылығын тоқтатудың жолын таптық дейді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде аймағымыздағы түзеу мекемелерінің біріне телефон қоңырауын шектейтін арнайы құрылғы қойылған. Енді ол мекеме аумағынан қоңырау шалу мүмкін емес. Алайда, мұндай құрылғыларды басқа абақтыларға орнату үшін қосымша қаражат қажет. Бұл мәселе өз шешімін таппай отыр.
Ашық күйінде қалып отырған мәселелердің тағы бірі – сотталушыларды еңбекпен қамту. Осы олқылықты түзету мақсатында бас бостандығынан айыру мекемелерінде пластикалық терезелер және темір-бетонды құралдар шығаратын екі шағын өндіріс іске қосылған. Алайда, бұл аздық етеді.
Темір тордағы тәртіпсіздік
Бұл еліміздің ҚАЖ саласына қатысты мәселелердің бір ұшы ғана. Соңғы кездері сотталушылар тарапынан бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі жағдайға наразылықтар көбейіп келеді. Мұндай оқиға біздің аймағымызда да тіркелген. Бұған дейін бейресми ақпарат көздерінен жергілікті түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан Арман есімді азаматтың аштық жариялағандығы хабарланған болатын. Ол абақтыдағы сотталушыларға деген жағдайға көңілінің толмайтындығын алға тартып отырса керек. Облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы Ә.Әлменов мұндай жағдайдың шынымен орын алғандығын айтты. «Аталған азаматтың аштық жариялағандығы рас. Оның жағдайы медицина қызметкерлерінің үнемі бақылауында», - деді ол. Бірақ, бұл оқиғаның қай кезге дейін созылатындығы белгісіз.
Өкінішке қарай, темір торға тоғытылғандардың өз-өздеріне қол жұмсайтын фактілері де кездеседі. Бұған не себеп?
Жазасын өтеушілерге тәртіпті қатаңдата түсу үшін қылмыстық атқару жүйесі мекемелері Әділет министрлігінің құзыретінен алынып, қайтадан Ішкі істер министрлігіне «табысталған» болатын. Әйтсе де, мұндай ауыс-түйістен кейін де әртүрлі шиеленісті оқиғалар орын алып, жағдай оңала қоймады. Республика аумағындағы колония-лардағы жазасын өтеушілердің қашу және түрмеде шабуыл жасау әрекеттері әлі есімізде. Мысалы, естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысындағы қылмыстық атқару жүйесінің қатаң режимде жазасын өтеушілер (21 адам) жаппай қашпақ болып, жантүршігерлік әрекетке барғаны белгілі. Қарағанды облысындағы Долинкадағы колониядан да қашуға әрекеттенгендердің де жолы кесілсе, Таразда жалпы режимдегі колониядан жазасын өтеп жүрген екі адамның қашқаны белгілі. Ал Балқашта орын алған оқиға мүлде ел жұртшылығын тұтастай дүрліктірді. 16 сотталушы абақтыда өз-өздерін жарып жіберді. Оған дейін аталған жазасын өтеушілердің атқан оғынан абақты сержанты да көз жұмды.
Қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиғалардан кейін «жоғарыдағылар» жар сала бастады. Парламент депутаттары тиісті министрліктерге кемшілікті жою қажет деп талап қойды. Халық қалаулылары жазасын өтеушілер мен олардың туған-туыстарынан түрмедегілерді ұрып соғу мен қорлау фактілерінің қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жаппай орын алып отырғаны туралы өтініштер көптеп түскендігін айтқан. Депутаттардың сөзінше, қарсылық акцияларын, соның ішінде жазасын өтеушілердің өздеріне-өздері дене жарақатын жасауына нақ осы себеп болып отырса керек. Шынымен солай ма? Ол жағын нақты айту қиын. Әзірге тек болжамдар ғана бар. Жоғарыдағыларды ескере отырып, тек мынаны ғана сеніммен айта аламыз. Еліміздің қылмыстық атқару жүйесінде жетілдіре түсетін тұстар баршылық. Онсыз да бұл сала күрделі өзгерістерді қажет етеді, дейді мамандар. Ал оған дейін жағдайдың қалай болары белгісіз.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

