ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Сейсенбі күні Павлодар облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Ернар Смағұловтың қатысуымен, облыстық «Аймақ айнасы» веб-порталында интернет-конференция ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасы Зияткерлік меншік құқығын қорғау туралы Заңына енгізілген өзгерістер» атты тақырыпта өрбіген шарада мейман тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бір атап өтерлігі, шара барысында Өзбекстан, Қытай, Ресей және Жапония мемлекеттерінің азаматтары порталға еніп, ұйымдастырылған конференциядан хабардар болып отырған.

Алдын ала хабарланғандықтан болар, заңға қатысты сауалдардың көбісі конференция басталмас бұрын келіп түсті. Жалпы, тұрғындар тарапынан жолданған 20-ға жуық сұрақтың барлығына Ернар Болатұлы тұшымды жауап берді. Қойылған сауалдардың басым көпшілігі зияткерлік меншік құқықтарын бұзудың бір түрі болып табылатын интернет-қарақшылыққа байланысты өрілді. Естеріңізге сала кетейік, зияткерлік меншік құқығы отандық және шетел авторларының, интернет иелерінің құқықтарын сақтауды қадағалайды. Қысқасы, азаматтар енді ғаламтордан кез келген дүниені автордың келісімінсіз жүктеп ала алмайды. Олай істеген күнде заңды бұзушылық болып табылады.

«Шетелдік музыкаларды, кино өнімдерін негізгі сатушылар -кинотеатрлар мен «Меломен» сауда нүктелері. Ал аталмыш заң олардың қайсысына тиімді?» Келіп түскен бұл сұраққа Ернар Болатұлы: «Жаңа заңда зияткерлік құқығын қорғау туралы нақты айтылған. Бұл – авторлық құқықты сақтауға әрі заң бұзушылықты болдырмау үшін қажет. Ал кинотеатрлар мен «Меломен» сауда нүктелеріне келер болсақ, екеуі де өнім құқығын иеленушілер мен тұтынушылар арасындағы «көпір» ғана. Оның нақты қандай табыс әкелетінін өзіңіз бағамдай беріңіз»,-деп жауап берді.

Алматы қаласында интернетті, әлеуметтік желілерді пайдалануға байланысты бейбіт митингтер ұйымдастырылуда. «Мұндай әрекеттер біздің өңірімізде орын алды ма?» деп сауал жолдапты интернет пайдаланушылардың бірі. Ернар Смағұловтың айтуынша, облыста ондай қарсылық әрекеттер байқалған жоқ.

Александр есімді азамат: «Мен Голливудтан жаңа фильм жүктедім делік. Бұдан олар қаншалықты зардап шегеді?» деген сауал жіберіпті. «2012 жылдың 12 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Аталмыш құжат 31 қаңтардан бастап нақты іске көшті. Енді интернетті екшеп қолданған жөн. Әйтпесе, белгілі бір мөлшерде айыппұл төлейсіз. Естеріңізге сала кетейік, мұндай заңдар алпауыт әлем елдерінде де қабылданған»,- деп жауап берді әділет департаментінің өкілі.

Енді бір интернет пайдаланушы: «Жуырда Павлодар қаласында бір қарақшылық сайтты жауып тастапты. Осы жайлы нақтырақ білуге бола ма?», - деген сауал түсірді. Е.Смағұловтың сөзінше, 29 қаңтар күні облыстық әділет және ішкі істер департаменттері бірлесіп заңсыз тіркелген www.tv1.kz деген сайттың әрекеттеріне тосқауыл қойған. Мұнда заңсыз түрде онлайн режимінде көрсетілетін 100-ден аса кино мен мультфильмдер, түрлі телебағдарламалар бар екен. Алайда, сайт иесі өнім авторларына ешқандай да ақы төлемейді әрі келісімге отырмаған. Қазіргі таңда аталмыш оқиға Павлодар облыстық ішкі істер департаментінде қаралу үстінде. Ерекше атап өтерлігі, интернет-конференцияға келіп түскен сауалдардың дені бір-біріне ұқсас болды.

Дәл осы мәселеге байланысты өзге мемлекеттердің тәжірибесінен бірнеше мысал келтіруді жөн көрдік. Мәселен, 2009 жылдың қыркүйек айында Францияда үш ескертуден кейін интернеттен ажыратуға мүмкіндік беретін, интернет-қарақшылыққа қарсы күреске бағытталған заң қабылданған. Яғни, арнайы құрылған мемлекеттік агенттік алғашқы заң бұзушылық тіркелген жағдайда пайдаланушыға ескертуді электронды пошта арқылы жібереді, содан кейін – ескерту туралы ресми хабарлама және соңында, үшінші ретте оны интернеттен ажыратып тастайды. Осыған ұқсас заң Оңтүстік Кореяда қолданысқа енгізілген, ал Ұлыбритания осы тақылеттес заңды биыл қабылдауды мақсат етіп отыр. Ирландияда файл айырбастау желілерінің пайдаланушыларын интернеттен ағытып тастайды. АҚШ-та дәл осындай заң бұзушылықтарға айыппұл салынады.

 

Ф.ҚЫЗДАРБЕК.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29