Айтарлықтай қысқа уақыттың ішінде тәуелсіз Қазақстанда екі негізгі Заң тарих қойнауына кетті. Оның алғашқысы кеңестік кезеңнен «мұраға» қалса, екінші, 1993 жылы қабылданған Конституция өткеніміз бен болашағымыздың арасындағы өзіндік бір ымырашылдық негізінде құрылды. Сондықтан оның ғұмырының ұзаққа созылмайтындығы бесенеден белгілі жайт еді.
Қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың қабылданған кезінен бері бірде-бір саяси келіспеушілік дағдарысқа ұласқан жоқ. Барлық дау-дамайлар конституциялық рәсімдер аясында шешілуде. Мемлекеттік институттар арасында қарым-қатынас жүйесі қалыптасты. Және бұл жүйе бүгінде дәстүрге айналып отыр.
Қазақстанда саяси пікір алуандығы, көп партиялылық қамтамасыз етілді. Елімізде саяси үрдіске әсер ететін ірі жалпыұлттық, оның ішінде оппозициялық партиялар қызмет етуде. Азаматтық қоғамның қалыптасуында үлкен маңызға ие үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы дамып, нығая түсті.
Мемлекетіміздегі басқару жүйесі президенттік болып қалса да, парламенттің өкілеттігі едәуір кеңейе түсті. Бұл өз кезегінде, Қазақстанның президенттік-парламенттік республика ретінде қалыптасып келе жатқандығының айқын дәлелі.
Енді біздің азаматтарымыздың құқықтық немесе конституциялық «тәрбиесіне» тоқталсақ. Конституцияны жай ғана абстрактілік заңнамалық құжат ретінде, тар мағынада қолдануға болмайды. Себебі қолданыстағы Ата Заң – мемлекеттің, қоғамның дұрыс бағытта дамуының кепілі. Сондықтан тек Конституция мәтіні, ондағы қарастырылған құқық, бостандық және түрлі институттар кешені ғана емес, оның нақты іс жүзінде жүзеге асырылуы, қолданылуы да аса маңызды.
Конституция бойынша өмір сүруді әдетке айналдыру қажет. Ол үшін еліміздің әрбір азаматының бойында ондағы белгіленген ережелер мен ұстанымдарға сәйкес өмір сүруге ықылас, қажеттілік тудыру керек. Әрбір қазақстандық Конституцияны іс жүзінде республикамыздың Негізгі Заңы ретінде қабылдағаны жөн.
Конституция ережелері өздігінен жүзеге аса алмайды. Оны біліп, құрметтесек, конституциялық талаптары мен құндылықтарын үнемі басшылықта ұстап отырсақ қана Ата Заң өміршең болады. Сонда ғана біз қоғамның шынайы конституциялық дүние танымы, жаңа конституциялық мәдениет жайында сөз қозғай аламыз.
Бұл ретте бізге кейбір шет елдердің тәжірибесі қажет-ақ. Мысалы, АҚШ-та конституциялық мәдениет баланың бойына бесіктен белі жаңа шыққан шағынан бастап сіңіріледі. Конституция ел дамуының басты кепілі ретінде түсіндіріледі. Сондықтан болар, американдықтар үшін негізгі Заң екінші Інжіл (Библия) іспеттес. Меніңше, Ата Заңға деген мұндай көзқарасты бізде де қалыптастыруға болады. Ол үшін Конституцияға құрметпен қарауды әркім өзінен бастауы тиіс. Күнделікті өмірдегі әрбір әрекетімізді негізгі Заң талаптарымен ұштастыруды үйренсек, нұр үстіне нұр болар еді. Барлық заң талаптары қатаң сақталатын құқықтық мемлекет құрып жатқанымызды сезіне білуіміз керек. Сонда ғана біз Ата Заңмен айқындалған барлық биік мақсаттарға қол жеткіземіз.
Арман ӘЛИАҚПАРОВ,
«Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

