30 тамыз. Бұл - тәуелсіз Қазақстан үшін аса жоғары мән-маңызға ие тарихи күн. Осыдан тура он бес жыл бұрын қазақ халқы референдум арқылы өзінің жаңартылған Ата Заңын қуаттады. Содан бері егемен ел осы негізгі заңның аясында тірлік кешіп, өркениеттің өріне қарай нық қадам басып келеді. Артта қалған аз уақытта Қазақстан алға қарай соны серпілістер жасап, Орта Азияда көшбасшылық деңгейге иек артып, әлемдік кеңістіктегі өз орнын айқындай білді. Бүгінде Қазақстанды күллі әлем мойындап, саяси, экономикалық тұрғыда үзеңгілес әріптес ретінде танып-біліп отыр. Мұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы да сарабдал, көреген де көшбасшылық саясатының айқын жемістері мен жеңістері болып табылады.
Конституциялық құрылымының мықтылығы, негізділігі арқасында Қазақстан аз жыл дересінде толайым табыстарға қол жеткізді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, елдегі ең басты байлық - адам, оның өмірі мен құқықтары, бостандықтары лайықты өреде қамтамасыз етіліп отыр. Мемлекетіміздегі әр азаматтың құқықтары, білім алуы мен денсаулығын сақтауы, еңбек етуі конституциялық негізде жүзеге асып жатыр.
Ата Заңның аясынан өрістейтін түрлі заңнамалық актілердің өміршең болуымен бірге талай игіліктер жолға қойылды. Әр азаматтың құқықтары тең тұрғыда қорғалған. Білім алу, еңбек ету мүмкіндіктері жіті қарастырылған. Осының барлығына кепілдік беріп отырған Конституция еліміздегі тыныштық пен қауіпсіздіктің, ұлтаралық түсіністіктің әлем сүйсінерлік үлгісін де паш етіп келеді.
Кәрі тарихтың қойнауына ойысқан кезеңді еске түсірсек, Кеңес одағы таратылғаннан кейін, екі жыл өткен соң, яғни 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң он екiншi сайланған тоғызыншы сессиясында тұңғыш Конституциямыз қабылданды. Бұл кез – Қазақстанның дербестікке алғаш қадам жасаған тұсы еді. Заман, заманына қарай талаптар өзгерген сайын қолданыстағы заңнамаларға да өзгерістер енгізіліп отыруы заңды құбылыс болса керек. Дербестік алып, етек-жеңін жинай түскен еліміз басты Заңның буынын әбден бекітіп алуды көздеген болатын. Мұның өзі мемлекеттің кемел келешекке сенімді қадам басуы, өркендеуі, яғни дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы деп ұғынылса керек.
Біздің Конституциямыз әлқиссасы «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік, татулық мұраттарына берілген бейбітшілік азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз»» деген сөздермен басталады. Бұл Қазақстанда тұратын барлық ұлт азаматтарының орныққан саяси келісімінің негізі болып табылады. Халықтың ортақ ұстанымы деген осы. Конституцияның халық атынан қабылдануы тек қана біздің мемлекетімізде емес, басқа да көптеген мемлекеттерде бар екен.
1995 жылдың 30 тамызында жаңартылған Конституцияның жарыққа шығуы тәуелсіз Қазақстанның тарихына елеулі жаңалық әкелді. Бұрынғы Конституция кеңес үкметі кезінде өкілетті органдармен қабылданбаған болса, біздің басты заңымыз азаматтардың қалауымен, халықтың жалпы дауысымен референдумда бекітілді.
Сондықтан да Конституция қабылданған күн мемлекетіміздің басты мерекесі ретінде атап өтіледі. Өйткені Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, сондай-ақ барлық заңдардың бастауы болып табылады.
Ата Заңымызда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған.
Дүниежүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, адамға деген сыйласымдық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы – азаматтық қоғам дамуының айқын көрінісі. Сондықтан да құқықтық мемлекетіміздің азаматтарының мемлекет алдындағы жауапкершілігі әсте алдыңғы орындарда тұрады.
Бүгінде еліміздің Ата Заңы халықты биік белестерге қарай нық бастап келеді. Адам құқығы туралы жалпы декларацияның мазмұнына сәйкес адам құқығын қорғау жүйесі біздің Конституциямызда дүниежүзілік деңгейге сәйкестендірілген. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады.
Қазақстан демократиялық құндылықтарды негіз етіп алған ел ретінде әлемдік қауымдастықтағы орнын да нығайтып отыр. Еліміздің дербестік алғалы бергі толағай табыстары, саяси бағыттағы айшықты қадамдары жұрт аузында жүр. Мемлекетімздің посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ЕҚЫҰ секілді аса беділді ұйымға төрағалық етуінің өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлемдік қауымдастық шеңберінде Қазақстан кез келгеннің қолынан келе бермейтін маңызды деңгейден көрініп отырғанын, бұл да болса, Ата Заңды әспеттеп келе жатқан біртұтас қазақ халқының ерік-жігері, алға қарай ұмтылысы, бейбітсүйгіш болмысы екенін үнемі бөле-жара атап көрсетіп келеді.
Жоғарыда айтып өттік, Конституцияның асқан құндылығы – бірінші рет адам жеке тұлға, құқықтық қатынас субъектісі, мемлекеттің құрылтайшысы есебінде қаралуында. Жеке өз атынан мемлекет тұлғасы, тең дауысты азамат болып сөйлеу тәуелсіздіктен кейін мүмкін болды. Ата Заң адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекетіміздің ең құнды қазынасы деп біледі. Сөз бостандығы, меншік иесі, сыртқа шығу, қалаған жерге бару және тағы да басқадай бұрындары арман болған құндылықтар - осы Конституцияның жетістігі.
Конституция - келешекте еліміздің алдыңғы қатардағы байланысына, демократияның, әлеуметтік әділеттіліктің, құқылық мемлекеттің, тиімді экономиканың қалыптасуына жағдай жасайтын берік діңгек, алтын ереже.
Конституция - нормативтік құндылық бағдардың кіндік қазық, қайнар көзі. Оның мүмкіндігін халық игілігіне жаратып, ел тәуелсіздігін, мемлекет тұғырын берік сақтауға жұмылдыру - барша қауымның міндеті.
Егемен елімізді мекендеп отырған жүздеген ұлттар мен ұлыстардың бір адамның баласындай тату-тәтті, бейбіт тыныштықта өмір сүруіне Ата Заңның 9-бабында атап көрсетілген «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деген жолдар кепілдік береді.
Сондай-ақ, Ата Заңда атап жазылғандай, мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етеді. Әр адамның алаңсыз өмір сүруі мен бостандығы және қадір-қасиетіне қол сұғылмауы негізгі құқық болып табылады.
Конституцияның тағы бір маңызды саласы - ұлттық азшылықтар өкілдігінің тетіктерін нығайту болып табылады, этникалық және діни әлемді, көпұлтты әрі көп конфессиялы қоғамымыздағы толеранттықты сақтап қана қоймай, оның ар-ұжданы құқықтарын қорғау мүмкіндігін арттырады.
Айта кету керек, конституциялық реформа Қазақстанда ұзақ жылдар бойы талқыланып келген өлім жазасын қолдану мәселесін түбегейлі өзгертті. Іс жүзінде бұл өзгеріс өмір сүруге түбегейлі құқықты қорғаудың барынша тиімді әрі сенімді тәсілі болды. Ел Конституциясында өлім жазасынан бас тартуды бекіту ең басты құндылық – адам өмірі, яғни адамның барлық өзге де құқықтары мен бостандықтары екенін білдіреді. Жалпы, Ата Заңымыздың 98-баптың 9 бөлігіндегі әрбір жолы ұлы мұраттарға жол сілтейді. Негізі Заң болашақта еліміздің дамыған мемлекеттер қатарынан лайықты орын алуына тұғыр болады. Ата Заң тәуелсіздіктің тұғыры ретінде Қазақстанның жарқын болашағының зор сенімі деп түсінгеніміз жөн.
Асыл ӘБІШЕВ.

