Осыдан он жылға таяу уақыт бұрын, яғни 2001 жылдың қыркүйегінде орын алған құқық бұзушылыққа қатысты істің нүктесі қойылды. Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, 2001 жылдың қыркүйек айында Павлодар қалалық Солтүстік ішкі істер бөліміне қарасты қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілі Б. өзінің тағы бір әріптесімен бірге азамат А-ны куәгерлердің қатысуымен ұстап, қос қолын қайырып, автотұраққа алып келіпті. Ұсталған азамат полицейлерге ешқандай қарсылық жасамаған және қашуға да ыңғай танытпаған. Артынша, полицияның жедел уәкілі Б. бір есебін тауып, байқатпай, ұсталған азаматтың қалтасына 5,6 мм калибрлі 5 дана оқ-дәріні салып жібереді. Одан соң тінту жүргізіп, әлгі оқ-дәрілерді азамат А-ның қалтасынан алып шығады. Әдеттегідей, полиция қызметкерлері тәркіленген оқ-дәрі бойынша хаттама толтырып, «айыпкерді» Солтүстік ішкі істер бөлімінің ғимаратына жеткізген.
Қызмет кабинетіне кірген соң, жедел уәкілдер азамат А-дан оқ-дәріге қатысты түсініктеме ала бастайды. Қала берді, ұсталған азаматтың техникалық қызмет көрсету орталығында (СТО) жұмыс істейтінін есепке алып, одан ұрланған автокөліктер туралы да сұрастырып «әлек» болған. Дегенмен, азамат А. ешқашан мұндай қылмыстарды жасамағанын айтып, өзіне артылған айыптауларды мойындамапты.
«Мойындаймын кінәлімін, айыптымын» деген сөздерді ести алмаған соң, жедел уәкіл Б. ұсталушының қолдарын байлап-матап, оның денесіне электр қуаты зор генератордың екі сымын бекітеді. Бұл ретте екінші жедел уәкіл генератордың тетігін айналдырып, электр қуатының бөлінуін қамтамасыз етумен болған. Денесіне электр тогы дарыған А. қатты қиналысқа түседі. Жағдайы тым нашарлап бара жатқан соң, полиция өкілдері бұл істерін доғарып, А-ны бір сағат бойы зорлықпен орындыққа байлап ұстаған. Арада біраз уақыт өткен соң, жапа шегушінің жағдайы жақсарып келе жатқанын аңғарып, жедел уәкіл Б мен оның сыбайласы ұсталған азаматты ұрып-соға бастаған. Осының бәріне төзбеген А. ақыр-соңында олардың тықпалаған «құжатына» қол қоюға мәжбүр болыпты.…
Бірақ тәртіп сақшыларының «көздегені» іске аспай қалыпты.
Келесі күні түскі уақытта азамат А. Павлодар қалалық прокуратурасының қаулысы бойынша ішкі істер бөлімі кабинетінен босатылады, сондай-ақ айуандықтың құралына айналған генератор да тәркіленеді.
Сараптамашылар генератордың жұмыс күйінде екенін, оның 230 вольттық электр қуатын бөлу мүмкіндігі барлығын айтып, қорытынды шығарыпты.
Бұл оқиғадан соң жедел уәкіл Б. іле-шала із жасырып үлгерген. Құқық қорғау органдары оған іздеу жариялайды. Факт бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған сот екінші жедел уәкілді 2002 жылдың ақпан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады.
Арада бірталай уақыт өткен соң, яғни 2010 жылдың қазан айында қашқын Б. қылмыстық қудалау органдарына өз еркімен келіп, жаздым, жаңылдым деп, тоғыз жыл бұрынғы әрекетін мойындап, билікке беріліпті.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында полицияның бұрынғы жедел уәкілі Б-ға қатысты іс соттың қарауынан өтіп, ол 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталушы өзінің айыбын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сондай-ақ 2 жыл бойы құқық қорғау жүйесінде қызмет етуіне шектеу қойылыпты.
Асыл ӘБІШЕВ.

