БЕЙҚАМДЫҚ ЕТЕК АЛҒАН...

 

 

Тілсіз жау - өртке қарсы қауіпсіздік шаралары қашанда басты назардағы мәселелердің бірінен саналады. Өкінішке қарай, айтып келмейтін апаттың алдын алуға, оған дер кезінде тойтарыс беруге қауқарсыз мекемелер баршылық. Мәселен, Лебяжі ауданындағы бес ауылдық округтің мәдениет үйлерінде өртке қарсы қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталыпты. Бұл туралы облыстық прокуратураның ресми өкілі мәлімдеді.
 
Лебяжі аудандық прокуратурасы тұрғын үйлерде және көп қабатты әкімшілік ғимараттарда, сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық нысандарда өртке қарсы қауіпсіздік заңнамаларының қаншалықты сақталып отырғандығына арнайы тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 2009-2010 жылдары аудандағы жоғарыда аталғандай ғимараттардың көпшілігінде Қазақстан Республикасының өртке қарсы қауіпсіздік талаптары өрескел бұзылғаны белгілі болған. 
Ауданға қарасты Черное, Майқарағай, Қазы, Жамбыл, Малыбай ауылдарындағы мәдениет нысандарында тілсіз жауға қарсы қауіпсіздіктің деңгейі талапқа сай болмай шыққан. Бұл нысандар «Халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметінің аудандық орталығы» деп аталатын мемлекеттік мекеменің құрамына кіреді. 
Ауылдық мәдениет үйлерінде өрт тұтанған кезде дабыл беретін арнайы қондырғылар орнатылмаған. Көпшілігінде өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесі ескерілмепті. 
Дәл осындай жағдай Лебяжі орта мектебі ғимаратында да тіркелген. Тексеру барысында аталмыш білім ордасында өртке қарсы дабыл қағатын қондырғының істен шыққаны, өрт сөндіретін құралдардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткендігі, мектептің жылу қазандығы өрт сөндіруге қажетті алғашқы құралдармен қамтылмағаны айқындалған. 
Аудандық орталық аурухананың да өртке қарсы қауіпсіздік мәселесі мәз емес. Мұндағы стационар бөлімі өртке қарсы дабыл қондырғысымен қамтылмапты, сондай-ақ, өрт сөндіруге арналған крандар істен шығып, жарамсыздық күйіне түскен. 
Прокурорлардың мәлімдеуінше, Шарбақты ауылындағы дәрігерлік амбулатория жергілікті әкімдікпен қосарланып, бір ғимаратта орын теуіп отыр. Тексеріс нәтижелерінде анықталғандай, өткен ғасырдың 50-ші жылдары тұрғызылған бұл ғимарат өртке қарсы қауіпсіздіктен мүлде ада. Тез тұтанатын материалдармен тұрғызылған ғимаратта тілсіз жауға қарсы дабыл қаққыш құрал деген атымен жоқ. Қала берді, отты сөндіруге арналған алғашқы жабдықтар да жеткіліксіз. Құдай бетін аулақ қылсын, егер қапелімде тілсіз жау тап берсе, дәрігерлік амбулатория ғимараты да, әкімдік ғимараты да күлге айналуы әбден мүмкін деген қауіп-қатер зор. Тексеру жүргізген қадағалаушы орган өкілдері осылай деп баса айтып отыр. 
Міне, осы тектес олқылықтардың бәрін тізбектей отырып, аудандық прокуратура тексеру қорытындылары бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімге бірқатар ұсынымдар жолдапты. Прокурорлар өрт қауіптілігі басым ғимараттардың қызметін тоқтату және кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін көлденең қойған жайы бар. Қадағалаушы құрылымның ұсынымдарын қарастырған төтенше жағдайлар бөлімі 4 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Олардың әрқайсысы заңнама талаптарын орындауда жол берген кемшіліктері үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. 
Сонымен қатар, облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті тарапынан Лебяжі ауданы Шарбақты ауылындағы өрт қауіптілігі басым дәрігерлік амбулатория қызметін тоқтату туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіріліпті.

                                                                      Асыл ӘБІШЕВ.

                                                                                                                                                                                                                                              

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28