Заң талаптары бойынша еліміздің ішкі істер органдары қызметінде тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана еңбек ете алады. Заңнама нормаларымен бекітілген осы талапқа мойынсұнбайтын қызметшілер де бар екен.
Д. есімді азамат 1985 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметте жүрсе керек. Оның осы саладағы үзіліссіз еңбек өтілі 26 жылды құрайды. Қызмет барысында бірнеше мәрте марапаттарға, алғыстарға және медальдерге ие болған.
2010 жылдың сәуір айында ҚР Ішкі істер министрлігі көліктегі Орталық ішкі істер департаментінің дербес қауіпсіздік бөліміне «азамат Д. Ресей Федерациясының азаматтығын алды» деген ақпар келіп түседі.
Осы ақпар бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Д-ның қос азаматтығы бар екендігі расталды. Азамат Д-ның өзі Ресей Федерациясының азаматтығын бұрынғы әйелі еш ескертпестен, сыртынан рәсімдеп жібергенін айтыпты. Алайда, тек Қазақстан Республикасының ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясының азаматы болып табылатынын облыстық ішкі істер департаментінен жасырып, лауазымды қызметін атқарып жүре берген. Ал қолданыстағы заң қос азаматтықпен немесе өзге мемлекеттің азаматтығымен Қазақстанда, соның ішінде құқық қорғау органында қызмет етуге тыйым салады.
Қала берді, Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңының 19 бабына сәйкес, егер белгілі бір тұлға азаматтықтан шықса немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алған болса, онда Қазақстан азаматы мәртебесі автоматты түрде тоқтатылады. Сонымен қатар, аталмыш Заңның 21 бабына сәйкес, егер тұлға өзге мемлекеттің азаматтығын алса, Қазақстан Республикасының азаматтығы жойылады.
Осының бәрін есепке алсақ, іс жүзінде азамат Д. Қазақстанның азаматы емес екендігіне қарамастан, еліміздің ішкі істер органдарында заңсыз қызмет етіп жүрген болып шығады.
Д-ның пенделік әрекеті, сондай-ақ Қазақстанның азаматтығын жоғалтуы қызметтік-әскери тәртіпті өрескел бұзушылық деп танылып, ішкі істер органдары қызметінен босату туралы бұйрық шығаруға негіз болды.
Азамат Д. басшылықтың қызметтен шеттету туралы бұйрығын заңсыз деп бағалап, өзін жұмыстан босатудың негізгі себебін «өз қалауымен шықты» деп өзгертіп, бұйрыққа солай жазуды талап еткен және бұл туралы Павлодар қалалық сотына арыз-шағым түсіріпті. Бұл ретте ол өзінің ішкі істер органдарына сіңірген көп жылғы еңбегін және зейнеткерлік жасқа жеткенін алға тартқан.
Алайда, Павлодар облыстық сотының алқасы шығарылған шешімді заңды әрі негізді деп таныды. Сот шешімі 2011 жылыдң 25 қаңтарынан бастап күшіне енгізілді.
Асыл ӘБІШЕВ.

