Оңай олжаға құныққандар уақыт өткен сайын батыл болып бара жатқан сыңайлы. Сірә, батыстың атыс-шабыс кинофильмдерін көп көретін болса керек. Себебі соңғы кездері ашықтан-ашық қандай да бір мекемелерге баса-көктеп кіріп, жолындағының бәрін жайпап, қолға іліккен сәл де болсын бағалы заттарды арқалап, арқалауға шамасы келмегендерін көлікке артып әкетіп жатқан фактілер жайында көп еститін болдық.
Осындай оқиғалардың бірі Павлодар қаласында тіркелді. Жергілікті автокөлікке техникалық қызмет көрсету станцияларының біріне белгісіз үш жігіт қарақшылық шабуыл жасаған. Алпыс жастағы күзетшіні соққыға жығып, ішінде алты миллион теңге, он мың АҚШ доллары және бір мың еуро ақшасы бар екі сейфті алып кеткен. Сондай-ақ, бейнебақылау құрылғыларын да қолды қылыпты. Батылдықтарын көріңіз. Аталмыш сейфтерді жаяу әкете алмайтындықтарын білген олар станция клиенттерінің бірінің жөндеуге қалдырып кеткен автокөлігін мініп кетіпті.
Тергеу жұмыстары нәтижесінде күдіктілердің біреуі жоғарыда аталған автокөлік жөндеу орнының қызметкері екендігі анықталған. Жауап алу барысында ол оқиға болардан бірнеше күн бұрын таныс достарын кездестіргендігін айтқан. Әңгімеден-әңгіме шығып, өзі қызмет ететін станция директорының кабинетінде ірі көлемде ақша сақтаулы тұрғандығы жөнінде ақпаратпен бөліседі. Және, оңай пайдаға кенелуді ойлаған жас жігіт ұрлық жасауды ұсынады. Достары көп ойланбастан келісіпті. Осылайша түн жамылып күдіктілер мекеме терезесі арқылы ішке кіріп, жымысқы әрекеттерін іске асырады. Артынша таныстарының көлік қоятын гаражына барып, олжаларын теңдей бөліскен. Ұрланған көлікті сол жерге қалдырып кетіпті.
Көп ұзамай ішкі істер органының қызметкерлері күдіктілерді құрықтады. Олардың әрқайсысының жасы небары жиырмада. Ұрланған қаражаттың біраз бөлігі иесіне қайтарылды. Қалған бөлігін олар жұмсап үлгеріпті. Айыпталушыларды кем дегенде сегіз жыл бас бостандығынан айыру үкімі күтіп тұр.
Осындай қарақшылық фактілердің бірі Павлодар қаласының Кутузов көшесі бойындағы көп қабатты үйлердің бірінде тіркелген. Бес жас жігіт бөтен пәтерге заңсыз кіріп, тұрмыстық техникамен қоса екі миллион теңге және 56 мың ресей рублін алып кетіпті. Онымен қоймай, ұйқысынан оянған үй иесін соққыға жыққан. Қазіргі кезде күдіктілердің үшеуі қамауға алынып, екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Осыған ұқсас оқиға Ленин көшесі бойындағы үйлердің бірінде орын алған. Бұл жолы да жиырма жастағы өрімдей екі жігіт «көзге түсті». Өкінішке қарай, жапа шеккендер бар. Пәтерге баса-көктеп кірген күдіктілер 44 жасар үй иесі мен оның сексеннің сеңгіріне келген анасын пышақпен жаралап, үйдегі теледидарды алып кетіпті. Қарақшылар құрықталды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

