Құқық
Облыстың құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесі өзінің кезекті отырысын облыстық прокуратурада өткізді. Өңірдің бас прокуроры Дастан Сартаев төрағалық ететін құқық қорғаушылар кеңесінің отырысына облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Оспанов, сондай-ақ бірқатар департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Жиын барысында азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау, көшелердегі қылмыстардың алдын алу, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар соңғы уақыттарда өндірістік жарақат алу жағдайлары артып бара жатқанын қынжыла айтысты. Кейбір кәсіпорындар еңбекақы төлеу бойынша қарызды анықтаудың арнайы мониторингін жүргізбейтіндері де тілге тиек етілді. Аталған мәселелерді шешуде салалық органдардың өзара үйлесімді іс-қимылы жоқтығы да айтылмай қалмады.
Үйлестіру кеңесінің отырысы барысында көшелердегі түрлі деңгейдегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарында көптеген кемшіліктерге жол беріліп келе жатқаны, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыруда назар аударарлық тұстар жеткілікті екендігі ортаға салынды. Отырыста талқыға түскен мәселелердің бәрінің де маңызы аса зор. Сондықтан да жиын қорытындылары бойынша ортақ шешім шығарылды. Еңбек қатынастары саласындағы заңдылықты нығайту, бақытсыз жағдайлар мен оқыс оқиғаларды жасырып қалу фактілері бойынша тексерулер жүргізу туралы іс-шаралар жоспарын жасау ұйғарымы шығарылды. Бұл ретте бақылау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау департаментіне қойылатын талаптардың, артылатын міндеттердің ауқымы тіптен кең жатыр. Ерсайын Рахимов басшылық жасайтын бұл департамент өндірістегі кез келген бақытсыз жағдайды дер кезінде анықтап, болашақта ондайға жол бермеудің қамын ұдайы қарастырып отыруы шарт.
Облыста қылмыспен және сыбайлас жемқорлық секілді жағымсыз індетпен күреске арналған өңірлік бағдарламалар бар екені мәлім. Осыған орай құқық қорғаушылардың Үйлестіру кеңесінің отырысында арнайы жұмыс тобына маңызды міндет жүктелді. Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі облыстық бағдарламаларды жасақтаған кезде ҚР Президентінің 2010 жылдың 8 тамызындағы құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыру туралы Жарлығы талаптарын нақты ескеру қажет. Міне, жұмыс тобы осы жөнінде облыс әкімінің атына ұсыныс енгізетін болады. Өзара тиімді әрі үйлесімді жұмысқа жету үшін азаматтық қоғам институттарын және аймақ тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдыру үлкен нәтиже бере алады. Үйлестіру кеңесінде бұл да баса айтылды.
Лицензияңыз бар ма, мұғалім?
Облыстың кейбір мектептерінде кәдімгі химия пәні сабақтарында оны-мұны зертханалық тәжірибе өрескел құқық бұзушылықтармен жүргізіледі екен. Бұл туралы облыстық прокуратураның өкілдері мәлімдеп отыр. Мәселен, прокурорлық тексеруге ұшыраған Лебяжі ауданының жалпы білім беретін орта мектептерінде түрлі химиялық заттар пайдаланылып жүргізілетін тәжірибелер осы уақытқа дейін ешқандай лицензиясыз жүзеге асып келіпті. Тарқата айтсақ, оқу ордаларының түрлі химиялық улы заттарды алуға және сақтауға рұқсат ететін лицензиялары болмай шыққан. Бұл жағдай заңнама нормалары мен талаптарын өрескел бұзушылыққа жатады. Түрлі химиялық заттар наркотикалық құралға немесе жүйкеге әсер ететін затқа теңестірілетіні баршаға белгілі. Сондықтан да жеткіншектерге білім беруші оқу ордасының басшылығы мен пән мұғалімдері заңнама талаптарынан ешқашан айналып өтпеуге тиіс. Заңды дұрыс түсінбеу жауапкершілікке алып келеді. Лебяжі аудандық прокуратурасы аудандық оқу бөліміне осыны жіті ескертіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау берген екен. Өз кезегінде аудандық оқу бөлімі барлық мектептердің басшыларын жиып алып, қолданыстағы заңмана талаптарын тереңнен түсіндірген, сондай-ақ заңға сәйкес лицензия алу жөнінде жазбаша нұсқама таратылған.
Бұл - бір аудан бойынша айқындалған жағдай. Облыстың өзге өңірлеріндегі жағдайдың қалай екенін тек жоғарыдағыдай тексерулер ғана көрсететін болар. «Қадағалаушы орган осындай талаптардың бар екенін айтса, түсіндірсе, баяғыда қайда қалған, біз – мұғалімдер заңгер емеспіз ғой» дейтіндер де табылатыны бесенеден белгілі. Жаманшылық емес, аманшылық болсын!
Аңқау елге - арамза мырза!
Әккілігі артынан анықталған, жымысқылық әрекеті алысқа ұзамай ашылып, жұртқа аймаңдай болған В мырза әуелі осы жылдың көктемінде өзінің сыбайластарын жиып, аса «маңызды жоспар» жасайды. Жоспардың мақсаты жалғыз ғана – алдау-арбау арқылы әрі қасақана түрде өзгенің ақшасын қымқыру.
Сыбайластар жоспарға сәйкес Павлодар қаласының тұрғындарына телефоннан қоңырау соғып, бұл ретте өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып отырған. Алдымен қоңырау шалады, сонан соң тұтқаны көтерген арғы жақтағы адамға: «Осылай да осылай, сізбен полиция өкілі Пәленбай Түгенбаев сөйлесіп тұр! Сіздің туысқаныңыз қылмыс жасап, жедел пунктте отыр» дейді екен нық дауыспен. Оның үстіне өздерінің сөзі дәлелді бола түсуі үшін «қолға түскен адамның» дауысын да келтіріп, одан ары сенімге кіруді естен шығармапты. Жоспардың одан арғы желісі былай өріледі: жымысқылар тобы телефон тұтқасының екінші жағындағы адамға ұсыныс жасап: «Қазір алдымызда отырған туысыңыздың қылмыстық істен айналып өткенін қаласаңыз, оған мүмкіндік бар, біз туысқаныңызға қатысты іс қозғалмауын оң шешіп бере аламыз. Әрине, ол үшін бізге де тиесілі «дүние» бар екенін ұмытпаңыз» деп, өздерінің «қызметі» үшін 1000 АҚШ долларын сұрап отырған.
Арғы жақтағы адам «Шынымен де менің туысым қылмыс жасап, құқық бұзып, бірдеңе бүлдірген ғой, полицияның қолынан алып шықпаса болмас» деп, алаяқтардың ұсынысына «жә» дейді. Осылайша, тараптар ақшаны алатын орынды байласады. «Туысқанды» (?) босату үшін берілген ақшаны қолға алған соң, В мырза сол арадан жылыстап кетіп отырған. Ал туысыма көмектесемін деп ақша ұсынған тұлғалардың ауыздары аңқиып қала берген.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, алаяқ В мырза өзінің сыбайластарымен бірге жалпы саны 7 адамды жоғарыдағыдай жоспармен аямай алдап, сазға отырғызып, жалпы сомасы жарты миллион теңгені құрайтын ақшаны қалтаға басыпты.
Көпке бармай қолға түскен В мырза өзіне тағылған айыпты мойындап, барлық әрекетін айтып береді. Қылмысты істі қараған Павлодар қалалық №2 соты таяуда үкім шығарды. Бұл ретте айыпталушы В-ның жапа шегушілерге келтірілген шығынды толығымен өтегендігі, олардан кешу алғандығы, сондай-ақ бұрын сотты болмағандығы ескеріліпті.
Асыл ӘБІШЕВ.

