Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ержан Рахымжановтың төрағалық етуімен кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қаулысының орындалуы туралы Ақсу қаласының бала құқығын қорғау жөніндегі сектор меңгерушісі Нұргүл Исаханова баяндады. Оның айтуынша, 2010 жылдың 1 тамызына дейін Ақсу қаласы мен ауылдық аймағы бойынша бала құқығын қорғау жөніндегі сектордың тізімінде ата-ананың қамқорлығынан айырылған 118 бала тіркелген. Олардың ішінде мүлдем ата-анасынан айырылған жетім балалар - 54, әлеуметтік жетімдер - 64, қамқорлықта - 50, қорғауда - 62, патронаттық тәрбиеде - 6. Сондай-ақ, жалпы білім беру мектебінде 89 бала, кәсіптік лицейлерде 6, Жаяу Мұса атындағы колледжде 9, № 3 арнайы түзету мектеп-интернатында 3, мектепке дейінгі мекемелерде 11 бала білім алуда. Қалалық сотқа бала құқығын қорғау жөніндегі сектормен 14 балаға қатысты ата-аналық құқықтан айыру туралы 11 іс жіберілген. Бүгінгі күні кәмелетке толмаған 11 балаға қатысты 8 ата-ана өз құқығынан айырылған. Ал, 6 балаға қамқорлық пен қорғау рәсімделіп, 3 бала ата-ананың қамқорлығынан айырылған балаларға арналған мемлекеттік мекемеге жіберіледі. Ағымдағы жылы Ақсу қаласының бала құқығын қорғау жөніндегі секторымен ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі 4 істің екеуі Ақсу қалалық сотының қарауына берілді. «Балалар мен жасөспірімдерге арналған Ақсу баспанасы» ММ-не уақытша отбасынан оқшаулауға мұқтаж 19 баланың 10-ы жеткізілгенін атап өткен Нұргүл Исаханова балаларды кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қаулыларын орындау бойынша көмек көрсету мақсатында нақты шаралар құру қажет екенін тілге тиек етті.
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған Ақсу баспанасы» ММ-нің жұмысы туралы Әмина Сартова сөз алды. 2010 жылдың қаңтар-тамызы аралығында мұндағы кәмелетке толмағандардың саны - 42 адам. Олардың 10-ы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның құқығын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен, 15-і ата-аналардың өтініші бойынша, 7-уі білім басқармасының жолдамасымен, 5-уі қалалық білім бөлімінің жолдамасы бойынша және 5 оқушы мектеп әкімшілігінің өтініші бойынша орналастырылған. Осы уақыттың ішінде 13 бала өздерінің отбасына оралған. Мекеме қамқорлығындағы 39 баланың 16-сы мектеп жасына дейінгі балалар, 23-і оқушылар. Тұрақты демеушілік көресетенін «ЕЭК» АҚ жылда мереке сайын киім-кешекпен, тағаммен, спорттық құрал-жабдықтармен, ойыншықтармен қамтамасыз етеді. «ЕЭК» АҚ ұйымдастыратын «Әке, ана, мен – спорттық отбасы» жарысына қатысу тәрбиеленушілер үшін дәстүрге айналған. 2010 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған Ақсу баспанасы командасы 1-орынға ие болды. Балдырғандар мен жасөспірімдердің қызығушылығы мен қабілетін арттыру мақсатында «Ниточка и иголочка», «Юный цветовод», «Умелые ручки» және тағы басқа үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Өзін-өзі басқару бойынша құрылған тәрбиеленушілер кеңесі еңбек десанттары мен топсаяхат, концерт ұйымдастырады. Сондай-ақ, балалармен жұмыс істеу барысында дөңгелек үстелдер, кәмелетке толмағандар ісін қорғау жөніндегі бөлімшенің және прокуратура қызметкерлерімен, наркологпен кездесулер өтеді. Балалар үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады. Баяндама соңында Әмина Сартова Ақсу қаласында қараусыз және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған арнайы жасөспірімдер үйін ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Комиссия мүшелері де бұл пікірді бірауыздан құптап, тағдырдың тауқыметімен панасыз жүрген балалардың өмірін қауіп-қатерден сақтаудың оң шешімі деген ойға келді. Отырысты қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Ержан Рахымжанов бұл тапсырманы іске асыруға жұмыла кірісіп, бақылаусыз қалған жасөспірімдерді белгілі бір орынға орналастыру бойынша арнайы тапсырмалар жүктеді.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА.

