Дәл осындай тақырыппен Павлодар қаласының «Достық үйінде» судьялар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан форум өтті. Маңызды шараны ҚР судьялар одағы мен «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры бірлесе ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум АҚШ демократиялық даму жөніндегі агенттік тарапынан да қолдау тапқан. Келелі кездесуге ҚР судьялар одағының төрағасы Владимир Борисов, Павлодар облыстық сотының төрағасы Әуезнұр Қаженов, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева қатысты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының судьялары, БАҚ және үкіметтік емес ұйым өкілдері форум аясында өзара пікір-тәжірибе алмасты. Ең бастысы, қатысушылар сот билігі мен БАҚ арасында өзара қарым-қатынастың мәселелерін талқылады. Бұл – форумның басты көздегені.
Екі тарап арасындағы байланыс көпірі
Форумда алдымен сөз алған Павлодар облыстық сотының төрағасы Ә.Қаженов мұндай кездесулер екі тарапқа да тиімді екенін жеткізді. Яғни екеуара әңгіме судьялар мен журналистер арасындағы өзара қарым-қатынасқа байланысты қордаланған мәселелерді нәтижелі шешуге септігін тигізеді, деді ол. Бұдан кейін ҚР судьялар одағының төрағасы В.Борисов бүгінде форумның жұмысы ширап, жетіле түскенін атады. Сондай-ақ ол өткізу айла-тәсілдері жыл сайын жаңарып, маңызын тереңдетіп келе жатқанын тілге тиек етті. Астаналық мейманның айтуынша, форумның бұған дейінгі отырыстарында айтылған мәселелер бойынша нәтижелер де жоқ емес көрінеді. Мәселен, бүгінгі күні әрбір соттың жеке веб-сайттары ашылған. Дегенмен, одақ төрағасы журналистер қауымын ақпарат таратуда біржақтылыққа бой алдырмай, судьялардың да өз пікірлерін білдірулеріне мүмкіндік беруге шақырды. Бұл бағытта ҚР Журналистер одағымен де жұмыстар атқырылып жатқан көрінеді. Ал Т.Калеева 2006 жылы өткен форумның ең алғашқы отырысында екі тарап пікір алмасудан гөрі жылдар бойы жиналып қалған өкпе-реніштерін ортаға салып, соңы айтыс-тартысқа айналғанда, кеудесін «форумның болашағы болмайды-ау» деген үрей кернегенін жасырмады. Алайда уақыт өте келе жұмыс оңтайланған.
Аймағымызда өткен форум отырысында сот ақпараттарын алу, жеке мүліктік емес құқықтарды қорғау жөніндегі соттық даулардың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар болашақта ашылмақ сот репортерлерінің Гильдиясының мақсат-міндеттері мен құрылымы жөнінде сөз етілді. Мәселен, Павлодар облыстық сотының апелляциялық соты коллегиясының төрағасы Г.Рыспекова БАҚ пен сот тәуелсіздігі арасындағы қатынасты реттеудің халықаралық стандарттарын баяндап берді. Ол БАҚ қоғамдық пікір қалыптастырып, әрдайым халықты ақпараттандыратын төртінші билік болғандықтан сөз бостандығын арам пиғылдар үшін пайдалануға жол берілмегені абзал дегенді қадап айтты. Сонымен қатар ол демократиялық қоғамда журналист өзінің субъективті пікірін білдіруге құқылы екенін айта келе, алайда оның әртүрлі саяси тұстары ескерілуі тиіс деген пікірін білдірді.
Павлодарлық судья Ресей жариялықты қорғау қорының журналистер арасында жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелерін мысалға келтірді. Бұл шара қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік журналистер мен судьялар арасында өзара дау-дамайлар, келіспеушіліктер барын көрсеткен. Сонымен бірге олардың 35 пайызы құқық қорғау органдары өкілдері журналистерге тілектестік қарым-қатынаста еместігін көрсеткен. 39 пайызы қоғамдық маңызы бар істерге қатысты материал дайындау кезінде тиісті органдардан негізсіз ақпарат болатынын әрі сотта құпия көптігін алға тартқан. Сондай-ақ қатысқан журналистер судьялардың істің жариялылығына құлықсыз екенін айтқан. Ал 260 судьялардың біреуі ғана журналистердің ақпарат таратуына қанағаттанатынын мәлімдепті. Мамандардың пікірінше, екі тарап арасындағы кереғарлық көп жағдайда сот үрдісін бейнекамераға түсіруге тыйым салу, сот отырыстарына кіруге шектеу қою сияқты талаптарға қатысты туындайтын көрінеді.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының заңгері Г.Красильникова халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірқатар мысалдар келтірді. Журналистердің сот ақпараттарын алу және тарату құқықтары бойынша кәсіби кеңес берді. Елімізде тиісті сот ақпараттарын ала алмаған журналистердің қарсы шағымдарының қанағаттандырылуы жөнінде де сөз қозғады. Бүгінгі күні мұндай қарсы талап ету жағдайларының тек 10-15 пайызы қанағаттандырылатын көрінеді. Сонымен бірге кәсіби заңгер журналистердің ауызша сұранымдарына да қажетті жауап берілуі тиіс екенін форумға қатысушылардың есіне салды. Ол сот баспасөз қызметтерінің жұмыстарын ширату қажеттігін де жеткізді. Себебі журналистер алдымен дәл осы қызмет көмегіне жүгінетіні белгілі.
Құқықтық білімнің таяздығы талайды сүріндіреді
Форумға арнайы келген ақмолалық судья Г.Әлмағамбетова ақпараттың қолжетімді болуы демократиялық елдің бір белгісі екенін мәлімдеді. Сондықтан оның ойынша, ақпарат алуға қатысты әлі де нормативтік актілерді ширату керек. «Сот жүйесінің ашықтығы алдымен сот жүйесінің ақпаратына деген қолжетімділікке жетелейді. Ал қоғам соттың қызметін, олардың қандай деңгейде, қалай еңбек ететіндерінен хабардар болулары тиіс. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, ашықтыққа жол бастау үшін еліміздің Жоғарғы соты интернет ресурстарын қолдануды қолға алды. Демек, интернет арқылы қоғам БАҚ-сыз сот туралы өзіндік пікір қалыптастыруға мүмкіндік алады» деді ол. Ақмолалық мейман судьялар журналистермен қарым-қатынасты әлі де болса қоғамдық жүктеме деп қабылдайтынын, олармен байланысты кәсіби міндеттері ретінде қарамайтынын жасырмады. Оның сөзінен ұққанымыз, судьялар журналистерге мәліметтер беру кезінде қолда бар дәйектермен ғана сөйлеп, қандай да бір түсініктеме беруден аулақ болулары тиіс. Олардың журналистермен сөйлесуі барынша қысқа болуы да шарт көрінеді. Сондай-ақ ол материалдардың сапалы әрі шындыққа жанасымды болуы үшін алдымен журналистердің құқықтық білімдерін арттыру қажет дегенді алға тартты. Бұл пікірмен павлодарлық журналист, «Обозрение недели» облыстық газетінің бас редакторы Д.Маричева да толығымен келісетінін білдірді. Оның айтуынша, журналистерге көп жағдайда күмәнді мәлімет қолдану, жете білмеушілік, қорлау сынды кінәлер тағылып жатады. Мұның барлығына журналистердің құқықтық білімдерінің сапасыздығы кері әсерін тигізіп отыр, дейді ол. Жоғары оқу орындарында осы бағытта журналистерге білім өте таяз берілетінін жасырмады. Оқу бітіргеннен кейін әркім өздігінен осы саланы игере бастайды. Сондықтан алғашқы қадамдарында өрескел қателіктерге бой алдырады деген пікірде жергілікті журналист. Тіпті қарапайым терминдердің орынсыз қолданылуы үлкен дауға әкеліп соғуы ықтимал. Оған қоса, кейде толық ақпарат ала алмаған соң кейбір журналистер қолда барды өздері жетілдіріп, ойды өзінше аяқтап жатады. Бұл да өз кезегінде материалдың нақты шындықтан алыстап кетуіне соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті форумға келген журналистер қауымы осы бағытта қалам тартып жүрген азаматтарға арнайы курстар ұйымдастырылып, сот репортерлерінің гильдиясын (одағын) құруды жөн көріп отыр. Мұны барша жұртшылық құптады. Жасыратыны жоқ, құқық саласы оңай емес, арнайы оқу-тоқуды қажет етеді. Мұндай курстар еліміздің Жоғарғы соты немесе облыстық соттар жанынан ашылса деген ұсыныстар да айтылды. Яғни судьялар білгендерін журналистерге үйретсе, өзара түсініспеушіліктер сирейтін болады. Бұл орайда Г.Красильникова көптеген елдердің тәжірибелерін тұжырымдай келе, гильдияның қажеттілігін анық байқағанын жеткізді. Мәскеуде 1980 жылы құрылған осындай гильдияны мысалға келтірді. Бүгінде аталмыш одақтың жеке веб-сайты бар көрінеді. Осы заманауи тәсіл арқылы журналистерге әртүрлі онлайн-форумдар өткізіліп, кәсіби кеңестер беріледі. Елдің түкпір-түкпірінен әріптестер бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі. Кейде қоғамдық маңызы бар мәселелер жан-жақты талқыланып, ортақ пікір шығарылатын жағдайлар да болады. Сайтқа судьялар да кез келген уақытта кіріп, журналистердің қателіктеріне түзетулер енгізе алады. Қазақстандық журналистер де осындай тәжірибенің қажеттігін айтып отыр. Тіпті осы жанрдың ерекшеліктерін үйретуге грант та бөлінеді екен. Мақаланы халыққа жеткізу тәсілдерін де түсіндіреді. Бүгінде осы бастаманы республикалық деңгейде қолға алуға байланысты мәселе қозғалып жатқанға ұқсайды. Гильдияның құрылуы сот жүйесінің ашықтығына жол бастайды, дейді мамандар.
Ал Павлодар облыстық сотының судьясы Т.Мирзоян жергілікті БАҚ өкілдері соттардың жұмыстарын барынша кеңінен көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Сот залынан да материалдар көптеп беріледі. Осы қарым-қатынасты одан сайын нығайтып, сот жүйесінің беделін арттыру үшін облыстың судьялар бірлестігі мен БАҚ арасында меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Ол байланысты ширата түсу үшін осындай аймақтық форумдар жүйелі түрде ұйымдастырылса деген тілегін бүгіп қалмады.
Журналистер мен БАҚ-тарға қарсы азаматтық қарсы шағымдардың аймағымыздағы көрінісін пайымдап көрген «Городская неделя» газетінің журналисі А.Баранов мұндай фактілердің нақты санын шығара алмағанын айтады. Себебі нақты мәлімет жоқ көрінеді. Ал БАҚ-тар мұндай жағдайларды жария етуден қашады, дейді ол. Сонымен қатар ол кейбір азаматтар шағым түсіріп, ойға қонымсыз моральдық өтемақы мөлшерін алға тартатынын айтты. Мұндай әрекеттер БАҚ өкілдеріне қысым көрсетудің амалы деген ойын да жасырмады.
Негізгі баяндамалардан кейін дөңгелек үстел басына жиналған қатысушылар еркін пікір алмасты. Көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, кәсіби кеңестер алды. Мәселен, Т.Махватов есімді павлодарлық судья қоғамдық қызығушылыққа ие жағдайлар БАҚ-да жарық көргенде кейде тапсырыспен жасалғандай ой қалыптасатынын жасырмады. Сондай-ақ өздіктерінен журналистік зерттеу жүргізу кезінде біржақтылыққа бой алдыратындар да аз еместігін жеткізді. Сондықтан ол журналистер қауымы соттың қандай да бір істің анық-қанығына жетуіне мұрша беріп, үкім шығарылғаннан кейін оның қаншалықты әділ екендігінің аражігін ажырату бағытында жұмыс істесе деген ойын ортаға салды. Кейбір журналистер соттан ақпарат алу үшін уақыттың көп кететінін алға тартты. Содан кейін БАҚ өкілдері оқиғаны бір-бірінен барынша ерте халыққа жеткізу үшін асығыстыққа бой алдырып, сәйкесінше қателіктер жіберетіні де айтылды.
Бұдан өзге ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік беделді қорғау, жала жабу және қорлау бойынша жеке айыптау қылмыстық істерін қарастыру ерекшеліктері де форумның әңгіме алаңында кеңінен талқыланды. Түстен кейін форум арнайы тренингтермен жалғасын тапты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


